«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы: сегіз айда 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Қазақстанда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Елімізде екінші жыл қатарынан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатыр. Былтыр 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2018 жылдың жоспары — 12,1 млн шаршы метр.

Осы жылдың сегіз айында атқарылған жұмыс нәтижесі ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің берген ақпаратына сәйкес әзірленген инфографикада көрсетілген.

Биыл Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауында баспанамен қамту көрсеткішін бір тұрғынға шаққанда 2030 жылға қарай 30 шаршы метрге дейін жеткізу міндетін қойды. Аталған міндетті орындауға қажетті барлық жағдайлар жасалған, тұрғын үй және ипотекалық бағдарламалар тетіктерін жақсарту жөніндегі барлық шаралар қабылданған.

Еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері 26 жыл ішінде 1,1 млн тұрғын үй салынса (жылына шамамен 40 мың), «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың 15 жылында 1,5 млн тұрғын үй, яғни 2,5 есе көп немесе жылына 100 мың тұрғын үйден салу жоспарланған.

Осы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңінің 112% құрады, ал жылдық жоспар 64%-ға орындалған. Жыл қорытындысы бойынша жоспарды толық көлемде орындау көзделген. Республика бойынша барлығы 67 055 тұрғын үй пайдалануға берілген, соның ішінде 26 665 — жеке үй.  
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу