Аграрлық жылдың қорытындылары: астық түсімінің өсімі және ауыл шаруашылығы дақылдары өндірісінің артуы

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешенге ерекше назар аударды. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық көлемде жүзеге асыру тапсырылды. Президенттің тапсырмалары қалай жүзеге асып жатқаны және аграрлық сектордың биылғы нәтижесі қандай болғаны жайында РrimeМinister.kz сайтындағы шолу материалынан оқыңыздар.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, 2018 жыл жалпы астық түсімінің өсімі үшін және ауыл шаруашылығы дақылдары өндірісінің артуы үшін өте қолайлы жыл болды.

Ауыл шаруашылығының облыстық басқармаларының деректеріне сәйкес, бастапқы салмақта дәнді дақылдардың түсімділігі 15,1 ц/га құрады, бұл 2017 жылғы деңгейден 3,9%-ға немесе 0,6 ц/га жоғары. 1 гектар жерден 9,5 ц майлы дақылдар, картоп — 197,8 ц/га, көкөніс — 256,7 ц/га, бақша дақылдары — 236 ц/га, мақта — 26,4 ц/га, қант қызылшасы — 304,4 ц/га жиналды.

Астық түсімінің өсуі өсімдік шаруашылығы өнімдері көлемінің ұлғаюына ықпал етті. Мәселен, жалпы жиналған астықтың бастапқы салмағы 22,8 млн тонна астықты құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 759,9 мың тоннаға немесе 3,4%-ға артық. Жалпы жиналған майлы дақылдардың бастапқы салмағы 2 686,6 мың т, картоп — 3 896,8 мың т, көкөністер — 3 937,6 мың т, бақша дақылдары — 2,242,2 мың т бағаланады. Сондай-ақ, 350 мың т тазартылмаған мақта және 595,7 мың т қант қызылшасы жиналды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, биыл республикада 22 млн га егістік алқабында ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, бұл — 2017 жылға қарағанда 170 мың га немесе 0,6%-ға артық көрсеткіш.

Мал шаруашылығы саласында жүргізіліп жатқан жүйелі шаралардың арқасында ұйымдасқан шаруашылықтарда ірі қара малдың үлесі жыл санап артып келеді, қазіргі уақытта жалпы мал басының 44,2%-ын құрайды. Салыстыру үшін айта кетсек, бұл көрсеткіш 2011 жылы 23,3% болған.

Сүт өндіру көлемі тек ұйымдастырылған шаруашылықтарда 11 айдың ішінде 1,4 млн тоннаны құрады. Салыстырып қарасақ, 2015 жылы олар 900 мың т өндірген. Ұйымдастырылған шаруашылықтарда ет өндіру бойынша ұқсас қарқын байқалады: 11 айда 409,2 мың т өндірілді, бұл өткен жылғыдан 6,9%-ға артық.

2018 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында АӨК өнімдерін экспорттау көлемі $2 млрдтан асты. Сондай-ақ, қайта өңделген өнімдердің экспорты $780 құрады. Осы жылдың 11 айында сиыр етін экспорттау көлемі 17,5 мың тонна болды, жоспар бойынша 15 мың т көзделген еді.

Жалпы, ҚР АШМ деректері бойынша, республикамызда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылатын инвестициялар көлемінің ұлғайғаны байқалады. 10 айда ол 18,4% болды, ал азық түлік тауарлары өндірісінде 33,7%-ды көрсетті.

 

Негізгі міндет — агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық көлемде іске асыру

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асырудың жоспарланған шараларын үш блокқа бөлуге болады: жүйелік, салалық және нақты инвестициялық жобалар.

Жүйелік шаралар аясында тетіктер жетілдіріліп, мемлекеттік қолдау көлемі ұлғайтылуда. Егер осыған дейін барлық мемлекеттік қолдау 240 млрд теңгеге қосымша жыл соңында бюджетке қайтарылатын 60 млрд теңге бюджеттік несиеден тұратын болса, енді Президенттің тапсырмасымен Мемлекеттік бағдарлама мақсаттарына қосымша жыл сайын 100 млрд теңге, сонымен қатар, АӨК-тың маңызды жобаларын қолжетімді несиелендіру міндеттерін шешу үшін 200 млрд теңге бөлінбек. Осылайша, мемлекеттік қолдау көлемі 2 есеге артады.

Бұл қаражат келесі міндеттерді жүзеге асыруға жұмсалады: салаға заманауи технологияларды енгізуді ынталандыру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, АӨК субъектілерін қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру, оның ішінде инвестициялық субсидиялау көлемін арттыру мен айналымдық және инвестициялық мақсаттарға банктік несиелердің қолжетімділігін кеңейту және оларды арзандату шаралары бар.  

Көлемді ұлғайтудан басқа субсидиялау бағыттарын өзгерту жоспарланып отыр. Әсіресе, тиімсіз субсидиялар қысқартылады. Сондықтан, оларды өзгертудің негізгі тәсілдері әзірленді.

Реформалаудың қорытындысы бойынша 54 субсидия түрінен 34-і қалады.

Сонымен бірге, тек субсидияға сенім арту дұрыс еместігін түсіну қажет. Ауқымды сала болғандықтан, бәрін мемлекеттік қолдау шараларымен қамту мүмкін емес. Сондықтан да басқа қаржы институттарын тартып, қолда бар банк инфрақұрылымын пайдалану қажет.

Осы мақсатта ҚР АШМ биыл негізгі қаражаттарға несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауды қайта қосты, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы мен ауыл шаруашылығы малдарының лизингін де жаңғыртты. Осының арқасында осы жылдың 10 айында шамамен 50 млрд теңгеге 2752 бірлік техника лизингке берілді. Салыстыратын болсақ, өткен жылы лизингке 40,2 млрд теңгеге техника берілген, бұл 19,8%-ға аз көрсеткіш. Жалпы, 2018 жылы лизингтік бағдарламаларға 60 млрд теңге бағытталды.

Бұдан өзге, инвестициялық субсидиялаудың тәсілдері өзгерді. Бұл жаңа инвестициялық жобаларды бастауға серпін берді. Егер өткен жылы тек қана ҚазАгро желісі арқылы 45,1 млрд теңгеге 40 ірі инвестициялық жоба мақұлданған болса (жобаның орташа құны — 1,13 млрд теңге), осы жылдың басынан бері 104,5 млрд теңгеге 76 жоба мақұлданды (жобаның орташа құны — 1,38 млрд теңге).

Алдағы уақытта осы бағыттар бойынша мемлекеттік қолдау көлемдері арта түсетін болады.

Қазіргі уақытта ҚР АШМ басқа қаржы институттарын аграрлық секторды қаржыландыруға тартып жатыр. Екінші деңгейлі банктерді басқа секторларды несиелендіруден АӨК-ті несиелендіруге қайта бағыттау жоспарланып отыр. 

Осы мақсатта аграрлық қолхат сынды жаңа қаржы құралдарын енгізуді әрі қолданыстағыларын жетілдіруді қарастыратын заңнамалық актілерге енгізілетін өзгертулер әзірленді.

Ішкі нарықты қорғау және сыртқы нарықтарды кеңейту бойынша шаралар қабылдануда. Бұл үшін ветеринарлық және фитосанитарлық талаптарды сәйкестендіру, ДСҰ, ЕАЭО-ға интеграциялану, көршілес елдердің нарықтарына шығу және техникалық реттеу саласындағы заңнаманы үйлестіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен бизнес мен технологиялар трансферті қажеттілігіне икемдеу арқылы аграрлық ғылым мен білім беруді реформалау жұмыстары басталды. Жұмыс үш бағытта жүргізіліп жатыр: білім, ғылым және білім тарату жүйесі.

Салалық шаралар аясында АӨК-тің негізгі бағыттары бойынша ұзақ мерзімді салалық бағдарламалар әзірленді. Олардың қатарында ет және сүтті мал шаруашылығын, құс шаруашылығын және суармалы жерлерді дамыту бағдарламалары бар.

Мәселен, ет бағдарламасы шағын және орта фермерлік шаруашылықтарға негізделген. Оны іске асыру үшін «Сыбаға» атты арнайы жеңілдетілген несие өнімі іске қосылды. Бағдарламаны жылдың ІІ жартысында бастағанға қарамастан, осы жылдың жоспары асыра орындалды. Бүгінгі таңда 600-ге жуық фермер несие алды.

Құс шаруашылығы бағдарламасы бойынша құс еті өндірісін 3 есеге (200 мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін) өсіріп, осылайша импортты алмастыру қажет. Биыл жылдық қуаттылығы 60 мың тонна болатын «Макинск құс фабрикасы» жобасы іске қосылды. Бұл – құс өндірісіндегі осы кезеңдегі ең ауқымды жоба. Осындай жұмыстар басқа бағдарламалар бойынша да жүргізіліп жатыр. Өңірлер үшін салалық бағдарламалардың шаралары мен көрсеткіштері өңірлік бағдарламаларға түрлендірілді.

Жүйелік және салалық шаралардан бөлек, ҚР АШМ ірі инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлап, кейбірін бастап та кетті.

Ведомствода Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне тек капиталды ғана инвестициялап қоймай, өндіру мен қайта өңдеудің жаңа технологияларын тартып, сонымен қатар менеджменттің жаңа тәсілдерін енгізіп әрі қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарларын әлемге таныс брендпен экспорттауға мүмкіндік беретін өз экспорттық нарықтары бар трансұлттық компанияларды тартуға ниетті.

Мәселен, италиялық Cremonini Group компаниясымен заманауи ет өңдеу зауытын салу, қытайлық CITIC Construction корпорациясымен бірлескен инвестициялық қор құру мен суландыру бойынша, қытайлық Golden Camel компаниясымен түйе сүтін қайта өңдеу бойынша, британдық Dunbia компаниясымен етті мал шаруашылығы аласында ынтымақтасу бойынша, америкалық AGKO компаниясымен шошқа кешенін салу және аквамәдениетті дамыту бойынша, CLASS неміс компаниясымен ауыл шаруашылығы техникасын шығару бойынша, Hyundai Corporation корей компаниясымен Қазақстан аумағында трактор өндіру бойынша ынтымақтастық шаралары қолға алынды.

Аграрлық ғылымды дамытудың және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің озық тәжірибелерін енгізу мақсатында бірлескен ғылыми зерттеулерді жүргізуге, PhD дәрежесін алуға жетекші шетелдік ғылыми орталықтарға тағылымдамадан өту және білім алу мақсатында 300-ге жуық отандық ғалымдарды жіберу арқылы заманауи ғалымдар пулын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған қоса, барлық ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарына (ҒЗИ) бенчмаркинг жүйесін енгізу көзделген, яғни — әрбір ҒЗИ-ды әлемдік зерттеу ұйымдарына бағдарлау, сондай-ақ ағылшын тілін жұмыс тілі ретінде енгізу; халықаралық ғылыми басылымдарда материал жариялау бойынша ғалымдарға қойылатын талаптар.

Отандық ауыл шаруашылығы ғылымына практикалық сипаттама беру мақсатында халықаралық тәжірибені ескере отырып, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ (ҰАҒБО) еншілес ұйымдарының базасында өңірлік ғылыми-өндірістік зерттеу орталықтары (ӨЗО) агрополигон, агропарк және агроорталықтар түрінде құрылуда.

Айта кету керек, ӨЗО құру негізінде қазақстандық ғылым мен өндіріске ең үздік халықаралық тәжірибені енгізу жұмыстары ұйымдастырылады, соның ішінде беделді шетелдік мамандарды тарту, өңірлер мен агроклиматтық аймақтарда ең тиімді технологиялар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу, алынған нәтижелерді көрсету және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге білім беруді ұйымдастыру арқылы іске асырылады.

ӨЗО жүйесі инновациялардың оң әсеріне жету үшін фермерлерге арналған технологиялар өткізгіші және көмекшісі рөлін атқарады. Оларды бағалаудың негізгі өлшемі тиісті аумақтағы өнімділіктің нақты өсімі болады. Сондай-ақ, аталған жүйе отандық ғалымдардың әзірлемелерінің сұранысын бағалауға мүмкіндік береді.

Бұл жұмыс аясында мыналар құрылуда:

  • Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарында астық өндірісі, жемшөп өндірісі, техникалық және майлы дақылдар бағыттары бойынша 5 агроорталықты қоса алғанда «Көкшетау» агропаркі;

  • Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында астық өндірісі, жемшөп өндірісі, мақта өсіру, күріш шаруашылығы, жеміс-көкөніс шаруашылығы және көкөніс шаруашылығы бағыттары бойынша 4 агроорталықты қоса алғанда «Қаскелең» агропаркі;

  • Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында етті және сүтті мал шаруашылығы, қой және жылқы шаруашылығы бағыттары бойынша консультациялық-консалтингтік топтар түріндегі 4 агроорталық.

 

Икемді стандарттарды енгізу және беделді шетел ғалымдарын тарту арқылы саланы басқару

Құрылып жатқан Халықаралық ғылыми орталық аясында зерттеулер жүргізудің ең үздік тәжірибесін енгізу мақсатында беделді шетелдік ғалымдарды тарту көзделген. «ҰАҒБО» КЕАҚ жанынан құрылған консорциум Ұлттық биотехнология орталығымен және А. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығымен бірлесе отырып, жетекші ғалымдарды іздестіру мен тартуды, ҒЗИ қазіргі жүйесіне заманауи стандарттарды енгізуді бастады.

Осылайша, 2018 жылы «ҰАҒБО» КЕАҚ тобының ғылыми-зерттеу ұйымдары 31 шетелдік ғалымды жұмысқа тартты, соның ішінде ҚХР-дан — 7, АҚШ-тан — 1, Молдовадан — 1, Голландиядан — 1, Германиядан — 3, Түркиядан — 2, Ресейден — 9 , Жапониядан — 2, Оңтүстік Кореядан — 2, Беларусьтан — 1, Швециядан — 1, Ираннан — 1.

Еңбек нарығындағы проблемаларды шешу және халықтың өмір сүру деңгейін көтеру бойынша қосымша шараларды қабылдау мақсатында жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамтамасыз ету міндеті қойылған.

Осыған байланысты «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасын жалғастыру көзделген.

«Бастау Бизнес» жобасы ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру принциптерін қоса алғанда, кәсіпкерлік дағдыларын үйретуге, сондай-ақ олардың бизнес-жобаларын сүйемелдеуге бағытталған.

Сонымен қатар, 2019 ж. білім тарату жүйесінің іс-шараларын іске асыруға қосымша 592 685 мың теңге қарастырылған. Осыған байланысты, қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК субъектілерін жаппай оқыту жүйесін құру тұжырымдамасын әзірлеуде. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа білімдермен барынша қамту мақсатында агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне білім тарату бойынша қызмет көрету тәсілдері түбегейлі қайта қаралатын болады.

 

АӨК мемлекеттік бағдарламасы — Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңі

2017 жылдың ақпан айында 2017–2021 жылдарға арналған АӨК дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы аса маңызды оқиғалардың бірі болды. Бағдарлама отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге едәуір ынталандырушы фактор болып, жалпы ауыл шаруашылығын дамытуға жаңа серпін беріп, өнім экспортының көрсеткіштерін айтарлықтай ұлғайтуы тиіс.

Алғашқы нәтижелер қазірдің өзінде байқалуда: егіс алқаптарын әртараптандыру шаралары басталды, АӨК мемлекеттік бағдарламасы азық-түлік өнімдері өндірісін, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспорттау деңгейін ұлғайтуға жол ашты, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің пайда болуына және жалпы ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға қажетті жағдайлар жасады.

Жалпы алғанда, Мемлекеттік бағдарламаның іс-шаралар жоспары 2018 жылы 20 шараны іске асыруды, 8 индикаторға және 41 нәтиже көрсеткіштеріне қол жеткізуді көздейді.

Индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізудің нақты мәндері 2019 жылдың наурыз айында белгілі болады.

Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты — ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру. Бұл индикатор барлық өңірлерге қатысты. Осы жылдың І жарты жылдығында бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға артты.

Пилоттық режимде алғаш рет мемлекеттік бағдарламаны іске асыруды басқару жобалық тәсілді қолдану арқылы жүзеге асырылады. Осы мақсатта жобаларды жедел бақылауды және жобаларға дәлме-дәл мониторинг жүргізетін толыққанды жоба кеңсесі құрылған.

Жобалық басқару стандарттарына сәйкес мемлекеттік бағдарлама АӨК салаларын дамыту бойынша 10 салалық инвестициялық бағдарламаға (етті, сүтті мал шаруашылығы, құс, шошқа өсіру, суармалы жерді әртараптандыру, қант саласы, бағбаншылық және т.б.), 14 өңірлік бағдарламаға жіктелген, сондай-ақ, АӨК пен ауылдық аумақтарды дамытуға арналған («Ауыл – ел бесігін» қоса алғанда) 10 іргелес қосалқы бағдарламаларды әзірлеу бойынша басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл ұйымдастырылған.

Әрбір салалық және өңірлік бағдарлама бойынша 10 жылдық мерзімге арналған нақты индикативтер қарастырылған, сондай-ақ бірінші кезекті міндеттер мен шаралар көзделген, қаржыландырудың тиісті көлемі мен көздерімен мемлекеттік қолдау шаралары анықталған.

Осылайша, ҚР АШМ мәліметіне сәйкес, Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауларында айтылған барлық міндеттер АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасында көрініс тапқан және оларды бүгінгі таңда ҚР Үкіметі және бейінді ведомстволар белсенді түрде жүзеге асыруда. Соның арқасында біз биыл агроөнеркәсіп саласын дамытудың елеулі нәтижелеріне қол жеткіздік.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу