Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №65

2017 жылғы 18–23 желтоқсан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Өткен аптада Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Мемлекеттік қызмет көрсету және «электронды Үкіметті» дамыту мәселелері, Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын және өңірлер халқын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің Кешенді жоспарларын іске асырудың алдын ала қорытындылары, сондай-ақ мемлекеттік статистика туралы және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру туралы мәселелер қаралды.

Сәрсенбі күні, 20 желтоқсанда Бақытжан Сағынтаев «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Компанияның 2017 жылғы қызметі туралы есептер тыңдалды, сондай-ақ «Kazakh invest» ҰК» АҚ-ның 2018 жылға арналған  Жұмыс жоспары мен жылдық бюджет талқыланып, бекітілді.

Бейсенбі күні, 21 желтоқсанда Премьер-Министр Б. Сағынтаевтың төрағалығымен Экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысы өтті. Ел экономикасын дамытудың 2018 жылға арналған негізгі бағыттары талқыланды.

22 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесі жөнінде кеңес өткізді. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері, «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» ҚР заңын жүзеге асыру, астық нарығын тұрақтандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттық бағытта әртараптандыру мәселелері талқыланды. Бұдан өзге, мал шаруашылығындағы эпизоотиялық жағдайды одан әрі жетілдіру туралы ақпарат тыңдалды.

Сенбі күні, 23 желтоқсанда Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев пен ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Ә. Жақсыбеков «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ жаңа басқарма төрағасы – Ахметжан Есімовті таныстырды.