Үкімет отырысының қорытындысы бойынша брифинг: министрліктердің басшылары журналистердің сұрақтарына жауап берді

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша брифинг өтті. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, энергетика министрі Болат Ақшолақов БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Қазақстанның энергетика министрі Болат Ақшолақов Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) қазіргі жағдай туралы айтып берді.

«Біз әріптестерімізбен байланыстамыз. Әзірге олардың айтуынша, ауа райының қолайсыздығы жөндеу бригадаларына су астына түсуге мүмкіндік бермей отыр. Өздеріңіз білесіздер, біз нақты сол жерде емеспіз, бұл Қазақстанның юрисдикциясы емес. Сондықтан біз 15 сәуірге дейін күтеміз. Сосын жұмыс барысын анықтау үшін өз әріптестерімізді сонда жібереміз немесе өзіміз барып қайтамыз деп ойлаймын», — деді Б. Ақшолақов.

Сонымен қатар жөндеу жұмыстарының басталуына қатысты сұраққа жауап бере отырып, Энергетика министрлігінің басшысы Ресей тарапы зақымданған жерлерді анықтағанын, бірақ сүңгуірлер мен жұмыс бригадалары жөндеуге кіріскені туралы ақпарат Қазақстанға белгісіз екенін хабарлады.

«КҚК толығымен тоқтап қалған сәттен бері үш апта өтті. Қазір ол 60% жұмыс істейді. Қазіргі жағдай сақталса, КҚК сәуір айында 60% қуатпен жұмыс істейтін болады. Біз қазір қолданатын балама бағыттарға тоқталсам, біз вагондар таптық, Атырау-Самара бағыты бойынша квотаны ұлғайту туралы келістік, яғни мәселелерді осы уақыт ішінде шешіп жатырмыз. Үлкен шығындар болады деп ойламаймыз. Егер КҚК толық тоқтап қалса, онда үлкен шығындар болмақ. Сандармен бәрі түсінікті –53 млн тонна. Егер КҚК ештеңе жүктемесе, онда бізде қосалқы маршруттарда тағы 16,5 млн тонна бар. Бұл айтарлықтай шығын екені түсінікті», — деп толықтырды ҚР ЭМ басшысы.

Сондай-ақ ол материалдық тұрғыдан залалды есептеу әлі ерте екенін айтты. Мәселен, биылғы жылдың бірінші тоқсанында өндіру 7,5%-ға артты. Бұл шамамен 15 сәуірде таусылатын қордың бірі.

Еуропалық елдер энергия отынын жеткізуді қысқартқан кезде Қазақстан жағдайды қалай пайдалана алады деген сұраққа ҚР ЭМ министрі қазіргі уақытта энергия тасымалдаушыларға ешқандай санкциялар жоқ деп жауап берді.

«Бүгінде қандай да бір елдерден сатып алудан бас тарту – бұл жеке пікір – бас тартпауға да болады. Бүгін Еуропалық Одақтың санкциялар пакеті шықты, онда мұнай мен газ жоқ. Менің түсінуімше, баспасөз бұл жағдай болуы мүмкін екенін талқылап жатыр. Әзірге мұның бәрі қауесет. Қазақстан бүгінде КҚК-дағы жағдайға байланысты Еуропа бағытында шектеулі, онда тек 60% жұмыс істейді. Осыған байланысты біз жоспарланған барлық мұнай көлемін жөндеу жұмыстары аяқталғанша жібере алмаймыз. Еуропаға біздің барлық экспорттық шығу жолдарымыз Ресей арқылы транзитпен байланысты және бізде өте шектеулі көлемі бар Қара және Балтық теңіздерінің порттарымен байланысты, яғни бұл негізгі бағыт емес», — деп жауап берді энергетика министрі.

Министр осындай жағдайлар орын алған жағдайда балама бағыттар қарастырылатынын айтты.

«Еуропаға қарай бізде тек бір ғана жол қалады – бұл Каспий арқылы Кавказға жөнелту. Біз бұл бағытты қолдаймыз, бірақ ол көлемді емес. Қазіргі уақытта жағдайды пайдалану мүмкін емес шығар. Бірақ болашақта, егер біз әртараптандырсақ және Еуропадан тұтынушыларымыз болса, саяси жағдай қандай болмасын, біз, әрине, мұны жасай аламыз. Алайда біз мұнай өндіру көлемін шексіз ұлғайта алмаймыз. Мұнай өндіруді келесі кеңейту 1-1,5 жылдан кейін жүзеге асырылады, бұл теңіз жобасын 2024 жылдың соңында аяқтау, оған қоса 12 млн тонна. Осы 12 млн тоннаны қосымша сата аламыз», — деді ол.

Министр егер жөндеу жұмыстары мамыр айына дейін созылса, шығындар айына 1 миллион тоннаны құрауы мүмкін деді.

Өз кезегінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы сәуір айының соңында іске қосылатынын мәлімдеді.

«Автонесиелеуге келер болсақ, бүгін отырыста шешім қабылданды. Осы айдың соңында жұмысты бастаймыз. Шешім ресми түрде қабылданды. Енді әріптестеріміз жұмысқа кіріседі», — деді Қайырбек Өскенбаев.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңілдетілген автонесиелеу шарттарын анықтады. Жеңілдікті кредит беру бағдарламасы бойынша қаржыландыру сомасы шамамен 100 млрд теңгені құрайды. 30 млрд теңгеге жуық сома Қазақстан өңірлеріндегі автобустар паркін жаңартуға бағытталады. 

Жеңіл автомобильдерді сатып алуға кредит беру мынадай шарттарда жүзеге асырылады: сыйақы мөлшерлемесі – 4%; кредит беру сомасы – 10 млн теңгеден аспайды; қаржыландыру мерзімі – 7 жылдан аспайды; бастапқы жарна 0%-дан бастап; көлік құралының құны – 15 млн теңгеден аспайды. Кредиттіі екінші деңгейдегі банктер береді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қазақстандағы жаңа автомобильдердің бағасы мен тапшылығына қатысты ағымдағы жағдайға түсініктеме берді.

«Мұнда әр модельге жеке қарау керек. Мәселені түсініп алайық. Егер қажет болса, машинаның құны неден құралатынын анықтау үшін мен өндірушілерден өздерінің барлық қаржылық моделін құруды сұрайын», — деді Қ. Өскенбаев. 

Ведомство басшысына салондардағы жаңа автокөліктердің тапшылығына байланысты жеңілдікпен автонесиелеу бағдарламасын іске қосудың қаншалықты орынды екені туралы сұрақ қойылды. 

«Сонда ақша бөлінеді, бірақ сатып алатын көлік болмай ма? Қандай да бір тосқауыл қою үшін не істейсіздер?», — деп нақтылады журналистер.

Қазақстандағы автомобильдердің жетіспеушілігі туралы сұрақты Қайырбек Өскенбаев «жөнді сұрақ» деп атады. 

«Қазір шынымен кезекте үш-төрт ай тұрады. Қазір мен келіп, тапсырмалар беремін, егер бұл шын мәнінде солай болса, онда қазақстандықтар отандық машиналарды алуы үшін адекватты шаралар қабылдайтын боламыз», — деп толықтырды Қ. Өскенбаев. 

Сондай-ақ журналистер министрден автодилерлер неліктен клиенттерді жаңа көліктерге қосымша жабдық сатып алуға мәжбүрлейтінін сұрады. Қ. Өскенбаев өз тарапынан мұндай фактілер туралы естімегенін мойындады.

«Автокөлік дилерлері қосымша жабдықтарды сатып алуға мәжбүрлей алады деп ойламаймын, бұл ерікті опциялар шығар? Мен мұндай фактілерді білмеймін, егер бар болса, айтыңыздар», — деп жауап берді ол.

Айта кетейік, 71 мың қазақстандық жаңа автокөлікті қолжетімді бағамен сатып ала алады.

Сондай-ақ Қайырбек Өскенбаев журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, құрылыс секторында дағдарыс жоқ екенін мәлімдеді.

«Бізде құрылыс саласында дағдарыс жоқ. Іс жүзінде бізде нақты анықталған ұстаным бар. Биыл 15 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Мемлекет желісі бойынша небәрі 15% салынып жатыр. Қалған 85% жеке секторда салынуда. Сондықтан, егер біз жалпы құрылыс саласына жаһандық әсер етеміз деу қателік», — деді Қайырбек Өскенбаев.

Сондай-ақ министр құрылыс құнының қымбаттауына қатысты пікір білдірді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, бұл механизм заңнамада белгіленген. 

«Егер құрылыстың (жобаның) құны бойынша қымбаттау 10 пайыздан асатын болса, онда құрылыс салушының әкімшіге жүгінуге құқығы бар. Содан кейін әкімші түзету жүргізіп, құнын арттырады немесе оған келіспейді», — деді ол. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі тұрғын үй бағасына да түсініктеме берді.

«Өздеріңіз білесіздер, “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша мемлекет салған шаршы метрдің құны белгіленген. Әр қала үшін, әр аймақ үшін ол анықталған және біз оны өзгертпейміз. Біз құрылыс саласына қарай икемделеміз, “иә, мемлекет бағаны көтереді, бірақ біреу бұл тұрғын үйді сатып алуы керек” дейміз. Бұл тұрғын үйді біздің азаматтар сатып алады, бірақ одан да жоғары бағамен алады. Сондықтан бұл жерде мүдделер тепе-теңдігін сақтау қажет», — деп түсіндірді министр.

Индустрия министрлігінің басшысы сондай-ақ құрылыс саласы еліміз үшін аса маңызды екенін атап өтті. 

«Біз құрылыс саласын қолдаймыз. Бірақ біз халықтың мүдделерін ескеруіміз керек. Құрылыс саласы өндіретін өнім халыққа қолжетімді болуы тиіс», — деді Қ. Өскенбаев.

Сондай-ақ брифинг барысында журналистердің сұрақтарына ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жауап берді. Көбіне журналистер нан және астық бағасының өсуі туралы сұрақтар қойды.

«Ұн тартушылар мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер астықтың қандай бағамен сатылатыны және ұн тартушы кәсіпорындар оны қандай бағамен сатып алатыны туралы келісе алмай отыр. Оның негізгі бөлігі — 80 пайызы экспортқа кетеді. Бұл жерде АШМ төреші қызметін атқарады, біз ешкімнің жағында емеспіз. Олардың әрқайсысы өз бизнесін жүргізеді», — деді министр.

2022 жылғы 15 сәуір мен 15 маусым аралығында Қазақстан ұн мен астық экспортына 300 мың тонна ұн мен миллион тонна астық квотасын енгізеді.

«Бұл нарықтарды жоғалтпау үшін жеткілікті», — деп санайды АШМ басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 4 миллион тонна астық, 100 мың тоннадан астам ұн қоры бар.

«Ұн бағасы тұрақты, өсіп жатқан жоқ. Осыған байланысты біз даулар қазақстандықтардың мүдделеріне нұқсан келтірмейінше, қадағалап отыратын боламыз.Толқудың қазіргі уақытта ортақ бағаға келісе алмай жүрген ұн тартушылар мен өндірушілердің жағдайына ешқандай қатысты жоқ. Ұн бағасы тұрақты. Сонымен қатар біз арзандатылған әлеуметтік нанды нарыққа жеткізу үшін арзан бидайды да жеткіземіз. Тағы да айтамын, бізде ұн бағасы тұрақты. Бұл жағдай іштегі бағаға әсер етпейді. Бізде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бұл бағаны ұстап тұрудың тиімді құралдары бар», — деді Қарашөкеев.

АШМ басшысы нан-тоқаш өнімдерінің қымбаттауына қарамастан, елімізде әлеуметтік нан бағасы көтерілмейтінін атап өтті.

«Бізде әлеуметтік нанның бағасын белгіленген шегінде қалдыру үшін өңірлерге арзан ұн жеткізуге 275 мың тонна астық қоры бар. Нан өнімдерінің қымбаттауына келетін болсақ, біз бұл процесті көріп отырмыз. Бұл жыл басынан бері бидай тоннасының қымбаттауына байланысты. Егер ол бұрын шамамен 115-116 мың болса, қазір кейбір жағдайларда 150 мыңға дейін жетіп жатады. Нарықтық процеске келер болсақ, материалдық-тауарлық қорлардың, жалпы әлемдегі бидайдың қымбаттауынына байланысты кейбір құбылмалылық болады. Теңге бағамына байланысты біз ұн мен одан жасалатын өнімдер бағасының біршама өсуін күтіп отырмыз.

Әлеуметтік нан қымбаттамайды. Әлеуметтік нан бізде шамамен 100 теңге деңгейінде», — деп түсіндірді министр.

«Азық-түлік корпорациясы» қорларынан бағаны ұстап қалу үшін өңірлерге 90 мың теңгеден астық жеткізіледі.

«Қазақстанда әлеуметтік нан қымбаттамайды. Әлеуметтік нанның бағасын белгіленген шегінде қалдыру үшін өңірлерге арзан ұн жеткізуге астық қоры бар», – деп мәлімдеді министр.

Сондай-ақ ол елімізде 118 мың тонна ұн қоры бар екенін айтты. Бұл елдің ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жеткілікті, сонымен қатар 6,4 миллион астық қоры бар.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу