Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 наурыздағы №276 Қаулысы

«Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 116 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік  стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы  116 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 7,   67-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

1) көрсетілген қаулымен бекітілген Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларында          және олардың мөлшерлерінде:

5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«5. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бірінші курсқа қабылданған студенттерге, магистранттарға (бірінші оқу жылы) мемлекеттік стипендия бірінші семестрде тағайындалады және бірінші семестр бойы ай сайын төленеді. Келесі семестрлерде студенттерге, магистранттарға              мемлекеттік стипендия өткен семестрдің емтихан сессиясының немесе білім алушыларды аралық аттестаттаудың қорытындысы бойынша тағайындалады және төленеді.»;

13-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Академиялық демалыс кезеңінде жүктілігіне және босануына байланысты уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы анықтама ұсынған                             жағдайда, академиялық демалыс үзіліп, жүктілігі және босануына байланысты демалыс ресімделеді.»;

17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«17. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушыларға ай сайынғы мемлекеттік стипендияның мөлшері:

1) жоғары білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге – 16759 (он алты мың жеті жүз елу тоғыз) теңге;

2) интерндерге – 30356 (отыз мың үш жүз елу алты) теңге;

3) магистранттарға – 42824 (қырық екі мың сегіз жүз жиырма төрт)   теңге;

4) «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымында оқитын магистранттарға – 100 000 (жүз мың) теңге;

5) докторанттарға – 65599 (алпыс бес мың бес жүз тоқсан тоғыз) теңге;

6) резидентура тыңдаушыларына және денсаулық сақтау  магистранттарына – 49249 (қырық тоғыз мың екі жүз қырық тоғыз) теңге мөлшерінде белгіленеді.»;

20-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«20. Көзі нашар көретін мүгедектер мен құлағы кеміс мүгедектердің,          жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және азаматтардың қорғаншылығындағы (қамқорлығындағы) балалардың, сондай-ақ емтихан сессиясының нәтижелері бойынша тек «өте жақсы» деген бағалары бар          студенттер мен магистранттардың («Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымында оқитын магистранттардан басқа) ұлғайтылған мемлекеттік          стипендия алуға құқығы бар.»;

2) көрсетілген Қағидалардың қосымшасы осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

2. Осы қаулы 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін  1-тармақтың 1) тармақшасының он бірінші абзацын қоспағанда, 2014 жылғы           1 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу