Сәкен Әділханұлы Жасұзақов

1957 жылғы 25 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысының Шалдар кеңшарында туған. 1978 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін бітірген. Республика Қарулы Күштерінің қалыптасуы мен дамуына, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс қабілетінің нығаюына лайықты үлес қоса отырып, лейтенанттан бастап генералға дейінгі әскери қызметтің барлық сатыларынан өткен.

1987 жылдың қыркүйегі мен 1990 жылдың маусымы аралығында М.В. Фрунзе атындағы әскери академияда тыңдаушы. Одан соң Алматы қаласы, Алатау аудандық азаматтық қорғаныс бастығының орынбасары – штаб бастығы лауазымында болды.

1994 жылғы шілдеде РФ ҚК Бас штабының Әскери академиясына оқуға түсті.

1996 жылы аталған академияны бітіріп, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары болды. Жедел жоспарлау департаментін басқарды. Одан соң Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымында болды. Кейінірек армия корпусының штаб бастығы, Ұтқыр күштердің қолбасшысы лауазымдарында болды.

2003 жылы Бас штаб бастығы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Одан соң «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы болды.

2007 жылғы сәуір айында ҚР ҚМ Штабтар бастықтары комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды.

2009 жылы сәуір айында Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды.

2010 жылғы наурыз айынан бастап 2013 жылғы 22 қаңтарға дейін Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы лауазымын атқарды.

2013 жылғы 22 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімімен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР ҚК Бас штабының бастығы болып тағайындалды.

2016 жылғы 13 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

«Қызыл Жұлдыз», ІІІ дәрежелі «ҚСРО ҚК-дегі Отанға қызметі үшін», II дәрежелі «Данқ», II дәрежелі «Әулие князь Александр Невский» және әр түрлі дәрежедегі 21 медальмен наградталған.

1981-1983 жылдар аралығында АДР жауынгерлік қимылдарға қатысқан.

1993-1994 жылдары Тәжікстан Республикасында бітімгерлік миссия атқарды.

Тұлғаға қатысты материалдар