«Жамбыл облысы тұрғындарының табысын ұлғайту» пилоттық жобасын іске асыруды жалғастыруға қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ә. Нұралиев, М. Жұмағазиев, Д. Мусин, Қ. Қожамжаров, Б. Орынбеков, Е. Мамытбековтың 2020 жылғы 5 қарашадағы № 16-13-237 депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

«Жамбыл облысы тұрғындарының табысын ұлғайту» пилоттық жобасын (бұдан әрі – Пилоттық жоба) іске асыруды жалғастыруға қатысты депутаттық сауалды қарап, мынаны хабарлаймыз. 

2019 жылы Жамбыл облысында пилоттық жобаны іске асыру үшін (10 ауданның 25 елді мекені) жобаларды қаржыландыруға республикалық бюджеттен 2,5%-пен 7.2 млрд теңге, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің айналым қаражатын толықтыру және ауыл шаруашылығы техникасын 5%-пен сатып алу үшін жергілікті бюджеттен шамамен 1.3 млрд теңге бөлінді. 

Анықтама ретінде: нәтижесінде 2478 жоба іске асырылды, оның ішінде: 2454 кредит берілді (7 млрд теңгеге 45 мың бас сатып алынды, оның ішінде ІҚМ – 7588, жылқы – 6858, ұсақ мал – 24429, құс – 3975), тұқым, минералды тыңайтқыштар, ЖЖМ (126 млн теңге) сатып алу, 16 жылыжай салу (138 млн теңге), ауыл шаруашылығы техникасының 191 бірлігін сатып алу (1 млрд теңге), (65 млн теңге), 10 мың га егіс үшін айналым қаражатын толықтыруға (230 млн теңге). 

Жамбыл облысы әкімдігінің ақпараты бойынша пилоттық жобаны іске асырудың аралық нәтижелері: жұмыссыздар саны 48%-ке немесе 540-қа (1129-дан 589-ға дейін) қысқарды, АӘК алушылар саны 32%-ке немесе 490-ға (1539-дан 1049-ға дейін) азайды, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар саны 35%-ға немесе 640-қа (1846-дан 1206-ға дейін) азайды, 2238 жұмыспен қамтылғандар мен жұмыссыздар ЖК болып қайта құрылды, 589 жаңа жұмыс орны құрылды. 

Осы жобаны одан әрі іске асыру мақсатында облыс әкімдігі орталық уәкілетті органдармен бірлесіп, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасына (бұдан әрі – «Еңбек» бағдарламасы) бұрын бөлінген қайтарымды қаражатты қайта пайдалануға қатысты өзгерістер енгізу мәселесін пысықтауда. 

2021 жылға арналған республикалық бюджеттен 11,5 млрд теңге мөлшерінде қосымша қаражат 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында еліміздің экономикалық жағдайына және республикалық бюджеттің мүмкіндігіне байланысты қарастырылмады. 

Болашақта, еліміздің экономикалық жағдайы және республикалық бюджеттің мүмкіндігі жақсарған жағдайда, Пилоттық жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу мәселесі бірінші кезекте қаралатын болады. 

Сонымен қатар, 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның шығыстары шеңберінде кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға 2021 жылға жалпы сомасы 20 млрд теңге, оның ішінде Жамбыл облысына 2,5 млрд теңге көзделген. 

Бұл қаражат «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға кредиттер/микрокредиттер беруге бағытталған ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бизнес-жобаларды іске асыруға арналған. 

Ауыл шаруашылығын дамыту және еліміздің тұрғындарының табысын ұлғайту мәселелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің басым бағыттарының бірі болып табылады және тұрақты бақылауда. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу