2021 жылы Қазақстанның электр станциялары 114,3 млрд кВтс электр энергиясын өндірді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту кезеңінің қорытындысы мен алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Энергетика министрі Болат Ақшолақов, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

Жалпы энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, Қазақстанда Петропавл қаласын қоспағанда, жылу беру маусымы тұрақты режимде өтті. 2021 жылы елдің электр станцияларында 114,3 млрд кВтс электр энергиясы өндірілді. Қысқы ең жоғары жүктеме 2022 жылғы 21 қаңтарда тіркелді және 15 931 МВт құрады.

2021 жылы Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінде 5 562 технологиялық бұзушылық орын алды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны 20%-ға артты. Электр станцияларында технологиялық бұзушылықтың өсуіне Қазақстан аумағында коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шараларға сәйкес 2020 жылы жабдықты жоспарлы жөндеу бойынша жұмыстар көлемінің төмендеуі, жеткіліксіздігі және жұмыстардың кейінге қалдырылуы әсер етті. 

«Қазіргі жылыту маусымында электр станцияларының жергілікті атқарушы органдар бекіткен жылу желілері жұмысының температуралық кестелерін сақтамаудың 36 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылғы деңгейден 18%-ға төмен. Жылу желілерінің температуралық кестесінің бұзылуының негізгі себебі – энергетикалық қондырғыны пайдалануда жіберілген кемшіліктер», — деді Б. Ақшолақов.

Электр станцияларының отын үшін кредиторлық берешегінің көп болуы – проблемалық мәселе. Энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешегі 2 млрд 272 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ «Богатырь-Көмір» ЖШС алдында «Көкшетау Жылу» МКМ-ның 722 млн теңге мөлшерінде берешегі бар.

Мысалы, Энергетика министрлігі басшысының сөзінше, жылыту маусымына жасалған мониторинг келесі жылыту маусымына дайындық кезінде ерекше назар аударуды талап ететін бірқатар өңірлерді айқындады.

Солтүстік-Қазақстан облысында Петропавл ЖЭО жұмысын қалыпқа келтіру бойынша жол картасының уақытылы орындалмау қаупі бар. Қазандарды жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектер мен материалдарды уақытылы қаржыландырумен, жеткізумен, дайындаумен байланысты Жол картасының орындалуы бойынша тәуекелдер анықталды. Энергетика министрлігі Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен және «Орта-Азия энергетикалық корпорациясы» АҚ-мен бірлесіп апта сайын кеңестер өткізуде. 

Ақмола облысында Степногорск ЖЭО және Степногорск қ. жылу желілерінің техникалық жағдайына қатысты мәселелер бар. Қала тұрғындарының шағымдарын мониторингтен өткізу тұрғын үйлердің жылумен сапасыз жабдықталғанын көрсетті, ол биылғы жылыту маусымында айқын сезілді.

Қарағанды облысында жылыту маусымында Теміртау, Жезқазған және Балқаш қалаларын жылумен жабдықтау жағдайы назар аударуды талап етеді. Аталған қалалардың жылу электр орталықтары мен жылу желілерінің иелері энергетикалық жабдықтарды жаңғыртуға қаржыландыруды ұлғайтуы қажет.

Түркістан облысында Кентау қаласының 5-ЖЭО және жылу желілерінің техникалық жай-күйі қанағаттандырмайды. Алдағы жылыту маусымын тұрақты өткізу үшін 5-ЖЭО және жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын қаржыландыру мәселесі шешілмеген.

Жүйелік оператор бекіткен бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің Электр станцияларының негізгі жабдықтарын жөндеу кестесіне сәйкес биыл 9 энергия блогын, 60 қазанды, 42 турбинаны жөндеу жоспарланған. Биылғы 11 мамырдағы жағдай бойынша 3 энергоблокта, 10 турбинада және 23 қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 5 қазандық және 3 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Жалпы жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. 

Электр желілерінде 2021 жылы жалпы ұзындығы 20 201 км электр беру желісін, 712 қосалқы станцияларды күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күні электр станцияларында 133 түтін құбыры, оның ішінде 64 темірбетон, 51 металл, 18 кірпіш құбыры пайдаланылып жатыр. Пайдалану мерзімі 50 жылдан асқан 35 темірбетон, 10 кірпіш құбыры бар.

«Биыл 37 ЖЭО-да түтін құбырларын кезектен тыс техникалық куәландырудан өткізу жоспарлануда. Зерттеу нәтижелері бойынша анықталған ескертулерді жою бойынша шаралар қабылданатын болады», — деді энергетика министрі. 

Өткен жылыту маусымының қорытындысын ескере отырып, келесі күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындалу барысында төмендегілерді орындау қажет деп санаймыз:

1. электр станциялары мен электр желілеріндегі барлық жоспарлы жөндеу жұмыстарын сапалы және толық көлемде орындау;

2. отын жеткізушілер алдындағы берешекті азайтуды қамтамасыз ету;

3. коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың энергетикалық кәсіпорындар алдындағы дебиторлық берешегін төмендету бойынша шаралар қабылдау;

4. білім беру, денсаулық сақтау, тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін, елді мекендердің әлеуметтік және мәдени объектілерін дайындау жөніндегі барлық іс-шараларды орындау.

5. өткен жылыту маусымы барысында анықталған кемшіліктерді жою бойынша қосымша шаралар қабылдау.

6. Петропавл ЖЭО жұмысын қалыпқа келтіру жөніндегі жол картасын уақытылы және сапалы іске асыруды қамтамасыз ету;

7. өңірлердегі барлық ЖЭО мен қазандықтарды көмірмен қамтамасыз ету.

Сонымен қатар өткен жылу беру кезеңінің нәтижелері мен алдағы маусымға дайындық туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев баяндады. Оның айтуынша, 2021-2022 жылғы жылыту маусымы тұрақты өтті.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша 111,7 млн тонна көмір өндірілді. Бұл 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 102 пайызды құрады», — деді М. Қарабаев.

Халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің тұрақты бақылауында болып, көмір жетіспеушілігі болған жағдайда мәселелер жедел шешіліп отырды.

Биылғы қаңтар-сәуір айларында шамамен 38 млн тонна көмір өндірілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105 пайызды құрайды. Осы кезеңде елдің ішкі нарығына

  • энергия өндіруші кәсіпорындарға 22,1 млн тонна;

  • өнеркәсіп кәсіпорындарына 2,4 млн тонна;

  • коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа 2,9 млн тонна жөнелтілді.

Есептік кезеңде 68 технологиялық бұзушылық орын алды. Оның ішінде:

  • дербес қазандықтар бойынша – 7;

  • жылумен жабдықтау желілерінде – 19;

  • сумен жабдықтау желілерінде – 42 технологиялық бұзушылық болды.

«Барлық бұзушылықтар нормативтік мерзімде жойылды. Жылумен және сумен жабдықтау жүйелері тез арада қайта қалпына келтірілді», — деді ҚР ИИДМ вице-министрі.

Сондай-ақ ол алдағы жылу беру маусымына 47 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үйді, 11 мыңға жуық білім беру және 5 мыңға жуық денсаулық сақтау объектілерін дайындау қажет екенін атап өтті. Шамамен 4 мың шақырым жылумен жабдықтау желілерін, 10 мың дербес қазандық қондырғыларын және 13 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін даярлау қажет. 

Алдағы жылыту маусымына дайындық мақсатында Министрлік іс-шаралар жоспарын әзірлеп, барлық облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктеріне жолдады. Бүгінгі таңда әкімдіктермен бірлесіп Көмір өніміне қажеттілік жоспары қалыптастырылып жатыр.

Дебиторлық берешекке тоқталсақ, бүгінде тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешек көлемі шамамен 14,8 млрд теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 214 млн теңгеге азайған.

Ең көп дебиторлық берешек:

  • Нұр-Сұлтан қаласында – 3,2 млрд теңге;

  • Алматы қаласында – 2,4 млрд теңге;

  • Шымкент қаласында – 2,1 млрд теңге.

Әкімдіктер борышкерлермен дебиторлық берешекті өтеу және азайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Көмірді сатып алу және халыққа үйлестіру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Осы орайда, алдағы жылу беру маусымына уақытылы және сапалы дайындық жүргізу мақсатында өңір әкімдеріне мыналарды орындау ұсынылады:

  1. Осы жылдың 1 маусымына дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектілерін дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту;

  2. 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының 100 пайыз дайындығын қамтамасыз ету;

  3. 15 қазанға дейін:

- тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй, денсаулық сақтау, әлеуметтік салалар мен инженерлік инфрақұрылым объектілерінің толық дайындығын қамтамасыз ету;

- тұрғындар мен бюджеттік ұйымдар үшін көмірді уақытылы дайындауды және автономды қазандықтарды жанармайдың қажетті қорымен қамтамасыз ету;

- электрондық қосымшаларды енгізу жолымен т/ж тұйығынан халыққа дейін көмір құнын төмендетуді пысықтау жолымен көмірге сұраныстың жоғары кезеңінде көмір тапшылығын болдырмау мақсатында оны дайындауды бастау қажет.

«Жалпы, жылу беру маусымына дайындық жұмыстары Министрліктің ерекше бақылауында. Мониторинг күн сайын жүргізіледі», — деп сендірді М. Қарабаев. 

Қарағанды облысында күзгі-қысқы кезең қалай өткендігі туралы өңір әкімі Жеңіс Қасымбек баяндады.

«Облыста күзгі-қысқы жылыту кезеңі елеулі технологиялық бұзушылықтарсыз, тұрақты өтті», — деді ол.

Қарағандының 3-ЖЭО және жылу беру желілері штаттық режимде жұмыс істеді, технологиялық бұзушылықтар тіркелген жоқ. Қала тұрғындары тарапынан жылу сапасына шағым түскен жоқ. Теміртаудың 2-ЖЭО жұмысы ерекше бақылауға алынған. 

Шынында да, өткен жылдың соңында қазандықтардың жоспардан тыс тоқтау жағдайлары орын алып, олар уақытылы ретке келтірілді, қазандық жабдықтарының қажетті резерві болды. Биыл 2 қазандық пен 1 турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жөндеу науқанын қаржыландыру сомасы 2,9 млрд теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,5%-ға артық.

«Жүктеме жоғары болатын кезеңдерде станция қазандық жабдықтарының резервінсіз жұмыс істейді. Осыған байланысты, 2019 жылдан бастап жаңа №7 қазандықты құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, ол келесі жылы іске қосылады. Балқаш жылу электр орталығы тұрақты жұмыс істеді. Өткен жылыту маусымында технологиялық бұзушылықтар бойынша жедел шаралар қабылданып отырды», — деді Ж. Қасымбек.

Биыл станцияның жөндеу науқанын қаржыландыру сомасы 2 есеге ұлғайды. Жаңа №5 қазандық агрегатының құрылысы жалғасуда, ол осы жылы іске қосылады. Бұл жүктеме жоғары болатын кезеңдерде қазандық жабдықтарының қажетті резервін қамтамасыз етеді. Жылу желілерін жөндеуге және оқшаулауға ерекше назар аударылатын болады. Жалпы сомасы 14,7 млрд теңгеге 83 км жылу желілерін жөндеу және 8,4 км жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу