2021 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 1,2 млн қазақстандық қамтылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады.

Қазақстанда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының және Жұмыспен қамтудың жол картасының құралдарын күшейтуді қоса алғанда, жұмыспен қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр.

Осы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша «Еңбек» бағдарламасымен 158 мың адам қамтылды (жоспар – 700 мың). Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға және өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға баса назар аударылды.

Жалпы, биыл жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары 1,2 млн адамға көрсетіледі. Нақты жалақы мөлшерін 10%-ға – 221 мың теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Жұмыссыздық деңгейі 4,9%-дан аспайды. «Бастау бизнес» жобасы бойынша осы жылы 30 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған.

Үкімет басшысы Павлодар, Қарағанды және Атырау облыстарында барынша көп тұрақты жұмыс орындарын құру жөніндегі жұмысқа оң баға берді.

«Халықты жұмыспен қамту – Үкіметтің маңызды міндеті. “Nur Otan” партиясының бағдарламасында көрсетілгендей, тұрмыс сапасын арттыруды, жұмыссыздық деңгейін 2025 жылға қарай 4,7%-ға дейін төмендетуді қамтамасыз ететін, жаңа трендтерге, талаптарға сай болу және еңбек нарығын реттеудің тиімді жүйесін құру аса маңызды. 5 жыл ішінде шамамен 3,5 млн адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылады», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр «Еңбек» ұлттық жобасы экономика салаларын сапалы бәсекеге қабілетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз етуге ықпал етуі тиіс екенін атап өтті.

Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне биылғы 1 маусымға дейін 2021-2025 жылдарға арналған «Еңбек» ұлттық жобасын Үкіметке енгізуді тапсырды.

«Халықты жұмыспен қамту шараларын нысаналы топтардың проблемалары мен қажеттіліктерін ескере отырып бағыттау керек», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр «Еңбек» жобасының іс-шараларын қаржыландыруды, сондай-ақ осы жылдың 1 шілдесіне дейін өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте жұмыспен қамтудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізуге және тұрақты жұмыс орындарын ашуға ерекше назар аудару қажет.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу