2025 жылға қарай халық 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі — Б. Атамқұлов

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Өнеркәсіп саласындағы тапсырмаларды орындаудың негізгі тетіктері туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндады.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарларының бағасы мен көлемінің қолжетімді болуы жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында мынадай шаралар жоспарланып отыр:

Біріншіден, өнеркәсіптік саясат туралы заң жобасына ішкі нарықтағы шикізатқа бағаларды белгілеуге бақылау енгізіледі. 

Екіншіден, Лондон металдар биржасы (LME) бағасынан дисконт ұсыну қағидатымен ел ішінде биржалық металдарға баға белгілеу механизмі енгізіледі. Ол шикізатты қайта өңдеу деңгейіне байланысты болады. Яғни, қорытпалар немесе прокат өндіргенде ең төменгі жеңілдік беріледі. Ал дайын бұйымдар өндірілгенде ең жоғары жеңілдік енгізіледі. 

Үшіншіден, қайта өңдеушілер мен жаңадан іске қосылатын кәсіпорындардың қуаттарына қарай ішкі қайта өңдеуге металдар көлемін резервтеу енгізіледі. 

Министрдің айтуынша, Министрлік жыл соңына дейін осы маңызды міндеттің оңтайлы шешімінің нұсқасын әзірлейді. 

Құрылыс саласында жобалардың сметалық құны төмендетіледі

Министрдің сөзінше, Министрлік жобалаудың бастапқы кезеңінде болжамды құнын есептеу үшін «Онлайн-Калькулятор» жүйесін іске қосты.

Статистикалық деректер негізінде сметалық бағаларды қалыптастыру бойынша «КДС-Стат» ақпараттық жүйесі енгізілді.

Жобалық шешімдерді көп мәрте қолдану және біркелкі қабылдау үшін «Жобалық сметалық құжаттаманың бірыңғай электрондық банкі» құрылды.

«Мемлекеттік қаражат есебінен салынатын әлеуметтік объектілерде 1 шаршы метр құрылыстың шекті құнын белгілеу ұсынылады», — деді Б. Атамқұлов.

Халық 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі

Б. Атамқұловтың айтуынша, әзірге сапалы ауыз сумен қамтылмаған 1 922 ауылдың 793-інде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін салу жоспарланып отыр. 

«Халық саны 200-ден аз 1 129 ауылда суды тазартатын жергілікті жүйе орнатылады. 2025 жылы сумен жабдықтау қызметтерімен ел халқы толықтай қамтамасыз етіледі», — деп сендірді Б. Атамқұлов.

Бірыңғай тұрғын үй саясаты пысықталып жатыр

Министрдің айтуынша, үй кезегінде тұрған азаматтарға «Отбасы банкінің» ипотекалық бағдарламалары бойынша бастапқы жарна көлемі баспана құнының 10% дейін төмендетіледі. 

Отбасы табысына байланысты жеңілдікті несиелендіру бойынша мөлшерлеме жылдық 2% және 5% болады.

«Баспана жағдайын жақсартуға зейнетақы жинақтарын пайдалану туралы қағидаларға өзгерістер енгізіледі. Соған сәйкес зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегінен асатын бөлігін үй сатып алу үшін “Отбасы банкінің” шотына аударуға мүмкіндік беріледі», — деді Б. Атамқұлов. 

Сонымен қатар құрылыс салушыларды қолдау мақсатында мемлекеттік- жекеменшік әріптестік және үлестік құрылыс әлеуетін пайдаланып, жобалық қаржыландыру тетігі енгізіледі. 

Агломерациялар мен қалалардың кешенді құрылысын дамыту жеке заңмен реттелетін болады.

Қазіргі таңда Президенттің тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика министрлігі Агломерацияларды дамыту жөніндегі тұжырымдама мен заң жобасын әзірлеп жатыр. 

Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған Аумақтарды кешенді дамытудың жаңа стандарттарын әзірлейді. 

Ол стандарттарға мыналар кіреді:

1. Қала аумақтарын кешенді дамыту принциптері;

2. Қалалық аумақтарды дамыту стандарты;

3. Бос аумақтарды игеру стандарты;

4. Қалалардың келбетін қалыптастыру стандарты.

«Оған қоса барлық деңгейдегі қала құрылысы сараптамасының бірыңғай институты енгізіледі», — деді Б. Атамқұлов. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу