7 айда Қазақстанның ЖІӨ көрсеткіші 3,3%-ға өсті

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2022 жылғы қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың хабарлауынша, осы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,3%-ды құрады. Есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты сектордағы жоғары өсу, қызмет көрсету секторындағы өсіудің жеделдеуі, оң сауда балансының сақталуы байқалуда. Нақты сектордағы өсім 3,4%-ды құрады.

Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,5%-ға дейін ұлғайды (қаңтар-маусымда 2,1%). Салалар арасында құрылыс (8,6%-ға өсу), ақпарат және байланыс (6,5%-ға), сауда (6,2%-ға), көлік және қоймалау (5,6%-ға), өңдеу өнеркәсібі (4,9%-ға), ауыл шаруашылығы (2,1%-ға), тау-кен өндіру өнеркәсібі (1,0%-ға) оң өсім көрсетуде. 

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқынының 4,5%-ға дейін жеделдеуі байқалады (қаңтар-маусымда 2,6%). Инвестициялар мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда – 99,2%-ға, білім беруде – 74,8%-ға, саудада – 26,4%-ға, денсаулық сақтауда – 26,3%-ға, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 19,9%-ға, қаржы және сақтандыру қызметінде – 17,3%-ға, құрылыс саласында – 14,8%-ға өсті.

Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент (28,6%-ға өсу) және Алматы (24,3%-ға) қалаларында, сондай-ақ Алматы (14,9%-ға) және Жетісу (14,4%-ға) облыстарында белгіленді. Төмендеу Ұлытау (35,3%-ға), Абай (12,9%-ға), Атырау (5,9%-ға) және Қарағанды (1,9%-ға) облыстарында тіркелді.

Сыртқы саудаға тоқталсақ,  биыл  І жартыжылдықта тауар айналымы 39,4%-ға өсіп, $63,7 млрд-ты құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 56,3%-ға өсіп, $42,2 млрд-қа жетті. Өңделген тауарлар экспорты 33,5%-ға артып, $12 млрд болды. Тауарлар импорты $21,5 млрд-ты (14,8%-ға өсу) құрады. Жалпы, оң сауда балансы $20,8 млрд-ты құрады (2,5 есеге өсу).

Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталуда. Осы жылдың қаңтар-шілде айларында өндіріс көлемі 4,9%-ға өсті.

«17 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Шығыс Қазақстан, Абай және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалуда. Аталған өңірлерде азық-түлік тауарлары, мұнай өнімдері, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек, түсті металлдар, тракторлар, жүк және жеңіл автокөліктер өндірісінің өсуі қамтамасыз етілді», — деді ұлттық  экономика министрі.

Оның айтуынша, төмендеу Жетісу (7,5%-ға төмендеу), Павлодар (3%-ға) және Түркістан (0,2%-ға) облыстарында, негізінен ұн, алкогольсіз сусындар, тауар бетоны, уран, металл конструкциялары, аккумулятор, бензин, дизель отыны, феррохром, өңделмеген алюминий өндірісінің қысқаруы есебінен байқалуда.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 7,7%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 19,6%-ға, компьютер, электронды және оптика құралдар жасаудың – 13,8%-ға, азық-түлік тауарлары – 2,8%-ға, сусындар – 9,1%-ға, пластмасса бұйымдары – 5,3%-ға, дайын металл бұйымдары – 3,0%-ға, химия өнеркәсібі тауарларының – 10,6%-ға, киім өндірісінің – 5,5%-ға өсуі қамтамасыз етілді.

Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 1%-ға ұлғайды (қаңтар-маусымда – 1,9%). Салалар бөлінісінде өсім тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде – 18,7%-ды, газ өндіруде – 2,2%-ды, көмір өндіруде – 1,3%-ды, металл кендерін өндіруде – 0,9%-ды, шикі мұнай өндіруде – 0,3%-ды құрады. Өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 6,6%-ға төмендеу тіркелді.

Қаралып отырған кезеңде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,6%-ға ұлғайды (қаңтар-маусымда – 9,2%). Көрсеткіштің оң өсімі 17 өңір бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Алматы (29,6%-ға өсу), Ақмола (25,9%-ға) және Ұлытау (23,0%-ға) облыстарында, сондай-ақ Шымкент (20,5%-ға) қаласында байқалуда. Құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуі Маңғыстау (22,1%-ға төмендеу), Абай (18,9%-ға) және Жетісу (10,8%-ға) облыстарында тіркелді.

Биыл қаңтар-шілде айларында 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 0,8%-ға төмен болып отыр. Оң өсу 14 өңір бойынша тіркелді. Ең жоғары көрсеткіштер Түркістан (20,3%-ға өсу), Павлодар (16,6%-ға) және Қостанай (13,2%-ға) облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында (15,0%-ға) байқалуда.

Төмендеу Ұлытау (42,3%-ға төмендеу), Маңғыстау (20,7%-ға), Атырау (8,7%-ға), Жетісу (3,9%-ға) облыстарында, сондай-ақ Алматы (13%-ға) және Нұр-Сұлтан (0,7%-ға) қалаларында тіркелді.

Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 2,1%-ға ұлғайды (қаңтар-маусымда – 1,4%). Саладағы өндірістің оң өсуі 16 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау (13,9%-ға өсу), Солтүстік Қазақстан (5,5%-ға) және Жамбыл (4,9%-ға) облыстары көрсетті. Төмендеу Қостанай облысында (7,2%-ға төмендеу) байқалды. 

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай. Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 3 өңірде – Шымкент қаласы, сондай-ақ Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалуда.

6 көрсеткіш бойынша оң өсуді 8 өңір көрсетті. Олар Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары, сондай-ақ Алматы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола және Ақтөбе облыстары.

5 көрсеткіш бойынша оң өсім 6 өңірде – Қостанай, Атырау, Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында байқалуда.

4 көрсеткіш бойынша оң өсім Ұлытау және Абай облыстарында, 3 көрсеткіш бойынша – Жетісу облысында тіркелді.

Ведомство басшысы орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аударуды ұсынды.

1. азық-түлік тауарларының қолжетімділігін қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының шамадан тыс өсуін болдырмау бойынша жүйелі жұмыс жүргізу.

2. шикізаттық емес секторлар инвесторлары үшін барлық қажетті преференцияларды бере отырып, инвестицияларды сүйемелдеуге кешенді қарау.

3. қолда бар ресурстар мен құралдарды тиімді пайдалана отырып, егістік өнімдерін уақытылы жинауды қамтамасыз ету.

4. жаңа сауда нарықтарын іздеуді қолдай отырып, қазақстандық экспорттың үздіксіз жеткізілуіне қолдау көрсету.

5. бизнеспен сапалы өзара іс-қимылды қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді ұсыну.

«Жоғарыда аталған шараларды толықтай іске асыру еліміздің экономикасының өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді», — деді Ә. Қуантыров.

ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Асылжан Баймағамбетов әлемдегі және Қазақстандағы жағдай туралы баяндады.

Оның айтуынша, әлемдегі инфляцияның өсуі, ақша-кредит саясатының күшеюі, рецессия тәуекелдері аясында жаһандық нарықтарда тұрақсыз жағдай сақталып отыр.

«Шілдеде жаһандық іскерлік белсенділік 25 ай бойы өсуін тоқтатып, ең төменгі деңгейге дейін баяулады. Дегенмен, бұл көрсеткіш әлі оң аймақта. Шілдеде өндіріс, тапсырыс беру және жұмыспен қамту өсуін баяулатты. Ол негізінен дамыған елдерде байқалды. Сонымен қатар дамушы нарықтар 11,5 жыл ішінде маусымдағы өсудің ең жоғары деңгейіне жақындап, тұрақтылық көрсетті», — деді ол. 

Кәсіпорындарда жүргізілген сауалнама бойынша әлемдегі инфляциялық қысым біртіндеп әлсіреп келеді. Шикізат пен шығындардың бағасы өсуін баяулатты. Соған қарамастан, шығындар мен дайын өнім бағасының өсу қарқыны тарихи тұрғыдан жоғары мәндерді көрсетуін жалғастырып келеді. Сонымен қатар халықаралық ұйымдардың күтулері бойынша, инфляция болжамы жоғары және оның деңгейі ұзақ уақыт кезеңінде жоғары болып қалады.   

«Биылғы 26 шілдеде Халықаралық Валюта Қоры Украинадағы қақтығысқа, еңбек нарығының теңгерімсіздігіне және инфляциялық күтулердің өсуіне байланысты биылғы әлемдік экономиканың өсуіне қатысты болжамды 3,6%-дан 3,2%-ға дейін төмендеу жағына қарай екінші рет нақтылады. Әлемдік экономиканың өсу болжамының нашарлауына қарамастан, Халықаралық Валюта Қоры Қазақстан бойынша биылғы жалпы ішкі өнімнің өсуін 2,3%-дан 2,9%-ға дейін жақсару жағына қарай қайта қарады. Жалпы алғанда, дамушы елдер экономикасының өсуі дамыған елдерден жоғары болады», — деді Ақылжан Баймағамбетов.

Жаһандық инфляция болжамы азық-түлік пен энергия тасымалдаушылар бағасының, сұраныс пен ұсыныс арасында сақталып отырған дисбаланстың есебінен көтерілді. Халықаралық Валюта Қорының болжамы бойынша, биылғы 3-тоқсанның соңында әлемдегі инфляция ең жоғары көрсеткіш 9%-ға жетеді. Халықаралық Валюта Қорының болжамдарына сәйкес дезинфляциялық ақша-кредит саясаты 2023 жылы өз ықпалын тигізеді.

Халықаралық Валюта Қорының пікірінше, өсіп жатқан бағалар әлемдегі өмір сүру деңгейін төмендетуді жалғастыруда және инфляцияны тоқтату үкіметтер мен монетарлық билік өкілдерінің бірінші кезектегі міндеті болуға тиіс. Ақша-кредит саясатын күшейту экономикалық шығындардың туындауына алып келгенімен, мерзімін кешіктіру оларды күшейте түседі. Халықтың барынша осал топтары үшін бюджеттік қолдау олардың салдарын жеңілдетуге қабілетті болғанмен, пандемияға байланысты мемлекеттік бюджеттің азайып, макроэкономикалық саясаттың дезинфляциялық жалпы бағытталуы қажет болғандықтан, саясаттың мұндай шараларын мемлекеттік шығыстарды төмендетумен өтеу қажет болады.

Шілдеде Қазақстанда айлық инфляцияның өсу қарқыны әлі де болса жоғары деңгейде болғанмен, бір ай бұрынғы 1,6%-дан 1,1%-ға дейін баяулады. Шілдеде орта есеппен соңғы 5 жылда айлық инфляция 0,3%-ды құрады.

Баға өсуінің баяулауы жеміс-көкөніс өнімдерінің маусымдық арзандауының әсерінен болды. Іске асырылып жатқан ынталандырушы фискалдық саясат аясында экономикадағы сақталып отырған сұраныс, геосаяси шиеленіс пен нарықтардағы теңгерімсіздіктер жағдайында экономиканың сыртқы және ішкі секторларындағы қысым тұтыну бағаларының өсуін баяулатуға кедергі болады.

Соның аясында шілдеде жылдық инфляция 14,5%-дан 15%-ға дейін өсті. Бұл ретте инфляцияға азық-түлік бағасының өсуі ең көп үлес қосуда. Мысалы, азық-түлік инфляциясы 19,2%-дан 19,7%-ға дейін, азық-түлікке жатпайтын инфляция 13,2-дан 14,2%-ға дейін жеделдеді. 

Ақылы қызметтердің инфляциясы айлық өсудің салыстырмалы жоғары көрсеткішіне қарамастан, 2021 жылғы жоғары базаның әсеріне байланысты 9,2% деңгейінде өзгеріссіз қалды. Осылайша, экономикадағы инфляциялық қысым жоғары деңгейде сақталуда.

Инфляцияның және инфляциялық күтулердің жеделдеуін, олардың тұрақтылығын, сұранысты фискалдық ынталандыруды және сыртқы проинфляциялық жағдайды ескере отырып, Ұлттық Банк биылғы 25 шілдеде базалық мөлшерлемені 14%-дан 14,5%-ға дейін көтерді. Бұл алдағы жылы инфляцияға біртіндеп әсер ететін болады. 

Биылғы шілдеде теңгенің долларға қатысты бағамы 1 долларға шаққанда 477,07 теңгеге дейін 1,5%-ға әлсіреді. Теңгенің айырбастау бағамына, сондай-ақ дамушы нарықтардың валюталарына жасалған қысым АҚШ Федералды резервтік жүйесінің ақша-кредит саясатының белсенді түрде күшеюіне және доллар бағамының жаһандық нығаюына ықпал етті. Әлемдік экономиканың перспективасына қатысты алаңдаушылық жағдайында мұнай бағасын белгілеу барреліне $100 төмен түсті.  

Ішкі факторлардың ішінде демалыс кезеңі мен дивидендтер төлеу жаз айларында шетел валютасына сұраныстың маусымдық өсуіне ықпал етті.

«Биылғы қаңтар-шілде айларында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы, Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сату және ҚРҰБ валюталық интервенциялары теңгеге қолдау көрсетті. Әлемнің жетекші орталық банктерінің мөлшерлемелерді белсенді түрде арттыруына және әлемдік экономиканың перспективаларына қатысты қауіптер дамушы елдер валюталарының, оның ішінде теңгенің құбылмалылық факторлары болып табылады», — деді ұлттық  банк төрағасының орынбасары.

Биылғы бірінші жартыжылдықтың алдын ала қорытындылары бойынша, төлем балансының ағымдағы шоты $6,6 млрд көлеміндегі профицитпен қалыптасты. Сауда балансының профициті (өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда) тауарлар экспортының импорттан басым өсуі есебінен 12,5 млрд долларға ұлғайып, $21,6 млрд-ты құрады. Соған қарамастан, төлем балансы әдіснамасы бойынша тауар импорты $2,9 млрд-қа немесе $20,7 млрд-қа дейін 16%-ға жуық өсті. 

Шетелдік тікелей инвесторлардың кірісі шамамен $2,8 млрд-қа 27%-ға, $13,5 млрд-қа дейін ұлғайды.

Ағымдағы шоттың профициті орнықсыз болып, шикізаттың, бірінші кезекте мұнайдың әлемдік бағасының жоғары деңгейін көрсетті.

Жалпы халықаралық резервтер биыл шілденің соңында $85,9 млрд-ты, оның ішінде ҚРҰБ алтын-валюта активтері – $32,8 млрд-ты, Ұлттық қордың активтері – $53,1 млрд-ты құрады.

Республикалық бюджетке 3 трлн теңге трансферттер бөлу үшін биылғы 7 ай ішінде Ұлттық қордың валюталық активтері $3,3 млрд-қа сатылды. Мұнай бағасының едәуір өсуі аясында Ұлттық қорға түсімдер жыл басынан бері (өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда) шамамен 3,5 есеге ұлғайып, 3,4 трлн теңге болды. Ұлттық қордың орташа жылдық кірістілігі құрылғаннан бастап биылғы шілде аралығында 3,17%-ды, соңғы 5 және 10 жылда – жылдық көрсеткіште, тиісінше, 1,70% және 1,67%-ды құрайды. 

Биыл шілде айының қорытындысы бойынша, Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері 13,7 трлн теңгені құрап, осы жылдың басынан бері 609 млрд теңгеге немесе 4,7%-ға ұлғайды. Инвестициялық кіріс көлемі осы жылдың басынан бастап 519,5 млрд теңгені құрады.

Зейнетақы активтерінің кірістілігі соңғы 12 айда 8,2% болып, зейнетақы активтерінің жинақталған кірістілігі 5 жыл ішінде жинақталған инфляциядан 7,3 пайыздық тармаққа асып түсті.   

Биылғы 6 айда халықтың қолма-қол ақшасыз операциялары 44,4 трлн теңгеге дейін немесе 48%-ке өсті. Онлайн төлемдердің үлесі 83%-тен асты.

«Цифрлық теңге» жобасы бойынша іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр», — деді А. Баймағамбетов.

Осы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштерінің қалыптасуы туралы Ерұлан Жамаубаев айтып берді.

 

Мемлекеттік бюджетке 8 трлн 463 млрд теңге сомасында (трансферттерді есепке алмағанда) кірістер түсті. Республикалық бюджетке 5,6 трлн теңге шамасында кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) түсті. Кірістер бойынша жоспар 72 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар - 18 млрд теңгеге, салықтық емес кірістер – 54 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығына және шикі мұнайға экспорттық кедендік бажға тиесілі болды.

«Ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың асыра орындалуы ағымдағы жылғы 6 айдағы жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету және тауарларды өткізу бойынша айналым сомаларының өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 18,4%-ға ұлғаюына байланысты», — деді қаржы министрлігінің басшысы.

Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша жоспар шикі мұнайдың орташа әлемдік бағасының өсуі, сондай-ақ теңгенің АҚШ долларына бағамының әлсіреуі есебінен асыра орындалды. Жоспар импортқа қосылған құн салығы және импорттық кедендік баж бойынша орындалмады.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 113,3%-ға атқарылды және 2 трлн 864 млрд теңгені құрады. Жоспар 336 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша – 318 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар Түркістан және Маңғыстау облыстарынан басқа, барлық өңірлерде асыра орындалды.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,7%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98%-ға атқарылды.

Республикалық бюджет бойынша 10 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 41 млрд теңгені құрады, оның ішінде 10 млрд теңге – үнемдеу. Игерілмегені – 31 млрд теңге.

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары білім және ғылым, ішкi iстер, қаржы және төтенше жағдайлар министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: шарттар жасасу рәсімдерін ұзақ уақыт жүргізу, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау, төлем шоттарын кеш ұсыну, төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі бойынша жүргізілуі, есепті айда қаражаттың шығындалуына қажеттіліктің болмауы.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 5,5 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 113 млрд теңге. Биыл  өңірлерге 3,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 тамызға 1,6 трлн теңге бөлінген. Оның 97%-і игерілген. Атқарылмағаны – 48 млрд теңге, оның ішінде 5 млрд теңге – үнемдеу, 43 млрд теңге игерілмегені. Ең көп игерілмеу: Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақытылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну.

«Осы жылдың 7 айында 7,3 трлн теңге шамасында сомаға 342 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімдері камералдық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 23 286 рәсімнің бұзушылықтары анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 93%-ын орындады», — деді Е. Жамаубаев.

1 485 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен шамамен 3,2 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды. 244 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу жолымен 234 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 1 291 ұсыным берілді.

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 721 объектіні сату көзделген. Есепті кезеңде жалпы саны 670 объектіден сомасы 61 млрд теңгеге 229 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 68 объекті сатылуға қойылды. 37 объекті қайта ұйымдастырылды және таратылды. 131 объекті сату алдындағы дайындықта.

205 объектіні жаңа жеке операторлардың пайда болуына жол бермеу тұрғысынан Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның шешімі бойынша Кешенді жоспардан алып тастауға ұсынылады. Бұл нысандар өңірлерде баламасыз әлеуметтік маңызы бар қызметтерді көрсетеді. Бұл ретте Жекешелендірудің кешенді жоспары негізінен квазимемлекеттік сектордың 171 объект толықтырылады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу