Ә. Смайылов туристік маусым қарсаңында ШОБ проблемалық мәселелерін қарастыру жөнінде кеңес өткізді

Үкіметте көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді несиелендіру, туристік маусым қарсаңында Алакөл көлінің жағасына көліктердің қозғалысын қамтамасыз ету және бизнестің өзге де проблемалық мәселелерін талқыланды.

Бір мезетте Алматы облысы, Үшарал қаласындағы және Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауылындағы екі әуежайдың ұшу-қону жолақтарын (ҰҚЖ) қайта жөндеу мәселесін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кәсіпкерлік субъектілерінің проблемалық мәселелерін қарау жөніндегі апта сайынғы жиынға қатысушылар егжей-тегжейлі талқылады.

Жөндеу жұмыстары Алакөл көлінің жағалауындағы жазғы туристік маусымның басында басталады. Осыған байланысты Ә. Смайылов алдағы жазғы туристік маусымға кедергі келтірмес үшін жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізіп, туристерді қызықтыратын жерлерге балама көлік байланыстарын көбейтуді тапсырды.

Атап айтқанда, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан Алакөл бағытында пойыздар мен қосымша тіркеме вагондар санын көбейту бойынша жұмыстар жүргізуде.

Биыл 17 маусымынан бастап халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін Алматы-Достық бағытында аптасына 3 рет жаңа жолаушылар пойызын шығару ұсынылады.

Сондай-ақ, жазда Нұр-Сұлтан қаласынан қатынайтын жолаушылар пойыздарының қозғалыс мөлшері ұлғайтылады.

Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері жаз маусымына дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.

Осылайша, «Талдықорған-Үшарал» (313,5 км) және «Үшарал-Достық» (180 км) республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 493,5 шақырымын қайта жаңарту және салу жұмыстары жалғасуда.

Бұл жобалардың аяқталуы көл жағалауына туристер ағынын едәуір арттырады. Алакөлде қазірдің өзінде әуе және теміржол байланысының арқасында бір маусымда 1 млн астам адам демалады.

Көктемгі егіске несие беру мәселесі бойынша фермерлерді қаржыландыру наурыз айынан бастап жүргізілуде, ал өтеу мерзімі қараша айында деп белгіленді. Табиғи-климаттық жағдайларды ескере отырып, оңтүстік облыстардың фермерлеріне желтоқсан-қаңтар айларында көктемгі егіс жұмыстарын (тұқым, жанар-жағармай, гербицидтер, қосалқы бөлшектер және т.б. сатып алу) жүргізу үшін қаражат қажет. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары көктемгі дала және өнімді жинау жұмыстарына қаражат бөлу мәселесін қаңтар-ақпан айларында пысықтауды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу