Ақтөбе облысының әкімдігі жергілікті бюджет есебінен 220-дан астам мектепті жаңғыртуды жоспарлап отыр — О. Оразалин

 

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы қаралды. Жоспардың негізгі бағыттары бойынша Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин баяндама жасады.

Әкімнің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарының жобасы өзектендірілді.

Кешенді жоспар жалпы сомасы шамамен 1,7 трлн теңге болатын 6 бағыт бойынша 92 тармақты іске асыруды көздейді.

«Кешенді жоспардың жаңа жобасына халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй салу, денсаулық сақтау нысандарының құрылысы және білім беру нысандарын жаңғырту сияқты әлеуметтік маңызы бар жобалар қосылды», — деді О. Оразалин.

Әкімнің айтуынша, жаңа жұмыс орындарын құру және инвестициялар тарту мақсатында ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Мысалы, жаңартылатын энергия көздерін дамыту бөлігінде жалпы құны 600 млрд теңгеге жуық үш жел электр станциясын, сондай-ақ титан-цирконий кенін қайта өңдейтін тау-кен байыту кешенін салу, өңдеу саласына баса назар аудара отырып басқа да маңызды жобаларды жүзеге асырылады.

Бұдан басқа, шетелдік инвесторларды тарта отырып, өңір аумағында ерекше индустриялық аймақ құру жоспарланған, оның аумағындағы кәсіпорындардың 70%-ы экспортқа бағытталған болады. Ал мультипликативтік әсері 20 мыңнан астам жұмыс орындарын құру және 500 млрд теңгеден астам сыртқы инвестиция тарту болып табылады. 

Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген, атап айтқанда, құс фабрикасының құрылысы, 2000 бас ірі қара малға арналған 2 бордақылау алаңы, 800 бас ірі қара малға арналған 2 сүт-тауар фермасы және т.б.

Нәтижесінде, Кешенді жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін шамамен 1,2 трлн теңгеге инвестициялық жобалар жүзеге асырылатын болады. 

Өңірде көптеген жобаларды іске асыру жоспарлануда, соның ішінде 2025 жылға дейінгі Кешенді жоспарға сәйкес республикалық бюджеттен шамамен 340 млрд теңге көзделген.

Мысалы, көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолы бойымен өтетін «Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолын қайта жаңарту, сондай-ақ шамамен 60 млрд теңгеге жергілікті автожолдарды салу, жөндеу және қайта жаңарту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ 85 ауылды газбен, 33 ауылды сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғын үй құрылысының 10 мыңнан астам учаскесіне инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізу бойынша жобалар жоспарланған.

Әкімнің айтуынша, бұдан басқа, бұрынғы Алға химия зауытының қауіпті қалдықтарын жою, Жем өзенінің арнасын тазарту, Ойыл өзенін тазарту және  экология саласындағы халық үшін тағы басқа маңызды жобаларды іске асыру көзделген.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау үшін агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялау және несиелеу қарастырылған.

Бұл ретте, облыс әкімдігі жергілікті бюджеттен жұмсалатын шығыстарды өзіне алады, соның ішінде республикалық жобалар 50%-ға дейін қоса қаржыландырылады. 5 жыл ішінде бұл 165 млрд теңгеге жуықты құрайды. 

«Толығымен жергілікті бюджет есебінен 220-дан астам мектепті жаңғырту, колледж студенттері үшін 2 жатақхана салу, 10 шағын су қоймасын салу және басқа да маңызды жобалар жоспарлануда», — деді О. Оразалин.

Нәтижесінде, аталған іс-шаралар кешенін іске асыру 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, нормативтік жағдайдағы жолдар үлесінің 61%-дан 95%-ға дейін артуына, Ақтөбе облысының жаңа даму деңгейіне шығуына және 2025 жылға қарай экономиканың 30%-ға өсуіне ықпал ететін болады. 

«Осы шаралардың барлығы халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартып, өңірдің дамуына оң әсерін тигізеді», — деді О. Оразалин.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу