Әлихан Смайылов Нұр-Сұлтанда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысты

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Нұр-Сұлтан қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысты.

Онда одаққа мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық және өзара сауданы кеңейту, ЕАЭО-ның ішкі нарығы шеңберіндегі кедергілерді жою, сондай-ақ экономиканың жекелеген салаларындағы интеграциялық әлеуетті дамыту бойынша 15 мәселе қаралды.

Отырысқа Армения Республикасының Үкімет басшысы Н. Пашинян, Беларусь Республикасының Үкімет басшысы Р. Головченко, Қырғыз Республикасының Үкімет басшысы А. Жапаров, Ресей Федерациясының Үкімет басшысы М. Мишустин, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттердің өкілі Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі А. Арипов қатысты.

Үкіметаралық кеңес отырысы дәстүрлі түрде шағын және кеңейтілген құрамда өтті.

Шағын құрамдағы отырысқа қатысушылар экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты, еуразиялық кеңістікте экономикалық интеграцияны дамытуға бағытталған бірқатар маңызды мәселені талқылады. Атап айтқанда, электрондық сауда салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің контейнерлік теміржол тасымалын жүзеге асыру мәселелері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамыту перспективасы талқыланды. Талқылау барысында өзара тиімді шешімдерге қол жеткізілді.

Кеңейтілген құрамдағы отырыста ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердегі макроэкономикалық жағдайды және Тауарларды бақылап отыру тетігі туралы келісімнің іске асырылу барысын қоса алғанда, бірқатар маңызды мәселе қаралды. Аталған мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар берілді.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов кеңейтілген құрамдағы ЕҮАК отырысында сөйлеген сөзінде өткен жылдың қорытындысы үшінші елдермен арадағы сауда-саттықпен салыстырғанда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзара саудасының өсуі озық серпін көрсеткенін хабарлады. Осылайша, ЕЭК-ке мүше мемлекеттердің өзара саудасы 18%-ға, ал сыртқы сауда көлемі 15%-ға өсті. Алайда, өзара сауда үлесі тауарлардың жалпы саудасының 15%-нан аз.

Ә. Смайылов бұл көрсеткіш ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз екенін атап көрсетті. Мысалы, осындай басқа интеграциялық бірлестіктердегі өзара сауда көлемі 40%-дан астам. Өзара сауданы ұлғайтудың міндетті шарты – ішкі нарықта кедергісіз орта құру.

ҚР Премьер-Министрі серіктестердің нарығына қолжетімділіктің шектеулілігіне қатысты мәселелердің едәуір бөлігі жылдан жылға өз шешімін таппай келе жатқанын айтты. Оған мемлекеттік сатып алуға, аймақтық сертификаттауға қолжетімділік, санитарлық, ветеринарлық және шектеулердің басқа да түрлерін негізсіз қолдануға, мемлекеттер ішінде қолданылатын кедендік бақылауға қатысты мәселелер жатады.

«Егер біз ЕАЭО-да ашық нарық құруға мүдделі болсақ, онда біз ілгері жылжуға ықпал ететін шешім қабылдауымыз қажет. Комиссияға қолданылып отырған кедергілерді экономикалық бағалау әдістемесін әзірлеуді ұсынамыз. Кедергінің бар екенін нақтылаудан басқа, бизнеске және жалпы интеграцияға келтірілген залалды бағалау қажет», — деді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үшінші елдер нарығына экспортын ілгерілетуге жәрдемдесудің тиімді шарасы көлік инфрақұрылымына, оның ішінде теңіз порттары арқылы бәріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету екенін атап өтті. Еуразиялық экономикалық одақ қызметінің негізінде оны қамтамасыз етудің қажеттілігі зор.

«Елдеріміздің экспортын дамыту үшін тауарлардың еркін транзиті мәселесін шешу қажет. Транзиттің ұсынылып отырған шарттары көбіне экспорт үшін еңсерілмейтін кедергіге айналады, бұл теңізге тікелей шыға алмайтын мемлекеттер экономикасына теріс әсер етеді. Комиссия осы және басқа да мәселелерде проактивті позицияны ұстануы қажет. Сырттан бақылаушы болған тиімсіз», — деді Ә. Смайылов.

Сыртқы және өзара сауда статистикасын теңестіру және сыртқы сауданың ашықтығын қамтамасыз ету қажеттілігіне қатысты ҚР Премьер-Министрі «сұр» импорт ішкі өндірушілерге, заңды импорттаушыларға айтарлықтай зиян келтіретінін, ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттердің бюджетіне теріс әсер ететінін атап өтті.

«Қазіргі таңда Қазақстан сөзден іске көше отырып, ҚХР-мен шекарадағы кедендік бақылау шараларын едәуір күшейтті. Қабылданған шаралар небары екі айға жетер-жетпес уақыт ішінде кедендік төлемдер мен тауарлардың рәсімделуінің өсуіне алып келді. Сонымен қатар біз ҚХР-дан көршілес елдерге импорттың айтарлықтай өскенін байқай бастадық, ол уақыт өте келе тиісті кедендік рәсімдерсіз және салық төлемдерінсіз ортақ нарыққа келіп түседі», — деді Ә. Смайылов.

Қазақстан тарапы сыртқы сауданы, бірінші кезекте, ҚХР-мен саудада толыққанды және сапалы кедендік рәсімдеуге бірлескен күш-жігер жұмсау қажет деп санайды, барлық процестерді және деректерді алмасуды шұғыл түрде цифрландырған жөн.

«Бұл қайта өңдеу секторын дамытуға, шынайы бәсекелестікке, салықтар мен кедендік баждар есебінен бюджетке түсетін түсімдердің артуына серпін береді», — деп атап өтті Ә. Смайылов.

Өз сөзін қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі бүгінде пандемиядан кейінгі кезеңде ЕАЭО-ға қатысушы елдердің экономикалық белсенділігін арттыру жөніндегі жұмысты бұрынғыдан да күшейту қажеттігін атап өтті. Барлық тараптардың келісілген күш-жігері ғана азаматтардың әл-ауқатын арттырудың дұрыс жолы болып табылады. Қазақстан ЕАЭО құқығында бекітілген негіз қалаушы қағидаттарды іске асыру бойынша жүйелі әрі дәйекті жұмысқа дайын.

ЕҮАК отырысының қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі макроэкономикалық жағдайды және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар туралы өкімге, Тасымалдарды қадағалау үшін Еуразиялық экономикалық одақта навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді іске асыру туралы тапсырмаға қол қойылды. Сондай-ақ отырысқа қатысушылар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде азаматтық авиақұрылыс саласындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті.

Үкіметаралық кеңес отырысын аяқтай отырып, тараптар келесі кездесуді 2022 жылғы 21-22 маусымда Брест қаласында (Беларусь) өткізуге уағдаласты.

Естеріңізге сала кетейік, бұл – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Үкімет басшыларының биыл өткен алғашқы кездесуі. Бұған дейін Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы 2021 жылғы 19-20 тамызда Шолпан-Ата қаласында және 2021 жылғы 18-19 қарашада Ереван қаласында өткен.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу