Әлихан Смайылов АХҚО Сотының төрағасымен кездесті

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Астана» халықаралық қаржы орталығы Сотының төрағасы Лорд Манспен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Үкімет басшысы Қазақстанның қаржы секторын дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

«АХҚО – инвесторлар үшін қолайлы орта құру, бағалы қағаздар нарығын дамыту және оны халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялау арқылы экономикаға инвестициялар тартатын орталық», — деді Әлихан Смайлов.

Премьер-Министр АХҚО құрамына кіретін Сот пен Халықаралық төрелік орталығының (ХТО) инвесторлар сенімін нығайтуда, құқықтық дауларды шешу кезінде бейтараптылыққа кепілдік беруде маңызды рөл атқаратынын айтып өтті.

Өз кезегінде Лорд Манс АХҚО Соты мен ХТО-ның Еуразиядағы коммерциялық дауларды шешу үшін бірінші кезекте таңдалатынын айтты.

«Біз бүкіл әлемде құрметке ие заң үстемдігін, сот төрелігін және жалпы құқықты белсенді түрде ілгерілете отырып, Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың дамуына елеулі үлес қосамыз», — деді Лорд Манс.

Қазіргі уақытта АХҚО Соты және ХТО 1 091 істі қарады, оның ішінде 36 сот шешімі шығарылып, сайтта жарияланды және 1 055 төрелік және медиативтік іс ХТО-да қаралды.

Кездесу барысында тараптар АХҚО Сотының қазіргі қызметі мен алдағы жоспарларын талқылады.

Анықтама: 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап АХҚО-да дауларды шешу жөніндегі тәуелсіз орган – АХҚО Соты жұмыс істейді, ол ерекше мәртебеге ие және ҚР сот жүйесіне кірмейді.

Соттың іс жүргізу ережелері ағылшын жалпы құқығының нормалары мен қағидаттарына, сондай-ақ үздік халықаралық тәжірибеге негізделген.

Бүгінгі таңда АХҚО Сотында 27 елден 358 заңгер ұсынылған. Оның ішінде қазақстандық заңгерлер де бар.

2019 жылдың басында ejustice дауларды шешу онлайн-жүйесі іске қосылды. Ол тараптарға АХҚО Соты және ХТО-ға әлемнің кез келген нүктесінен электрондық түрде талап қоюға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу