Әлихан Смайылов Атырау және Маңғыстау облыстарын Көкжиде жерасты тұщы су қорынан сумен жабдықтау туралы тапсырма берді

Жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Атырау облысының кешенді әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Кеңес барысында Үкімет басшысы биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша өңірде негізгі экономикалық көрсеткіштердің өскенін айтты. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,2%-ға, ал құрылыс саласы 15%-ға өсті.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов, бірінші энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Талғат Момышев, оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсенбаев, денсаулық сақтау  вице-министрі Жандос Бүркітбаев баяндама жасады.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Атырау облысындағы 29 ауылдық елді мекенінде жалпы сомасы 11 млрд теңгеден асатын инженерлік инфрақұрылым мен күре жолдарды жаңғырту бойынша 41 жоба іске асырылып жатқанын атап өтті.

«Облыс әкімдігі өңірдің дамуы мен әлеуметтік мәселелерін шешуге бөлінген қаражатты тиімді және ұтымды игеруі қажет», — деді Премьер-Министр. 

Үкімет басшысы азық-түлік тапшылығы мен оның бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу жөніндегі жұмысты жалғастырудың маңызды екенін атап өтті. Бұл бағытта әкімдік сауда желілерімен жұмыс істеу кезінде «айналым схемасын» белсенді түрде қолданып, басқа өңірлерден ерте пісетін көкөністерді жеткізуге тікелей шарттар жасасуы қажет.

Үкімет басшысының айтуынша, облыс әкімдігінің тағы бір басты міндеті – өңірлік экономиканы әртараптандыру. Мәселен, 2024 жылға дейін 406 млрд теңгеге 260 жаңа инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. 2,7 трлн теңгеге тағы 114 жоба әзірленіп жатыр.

«Оларды іске асыру нәтижесінде  қосымша жұмыс орындары пайда болады. Барлық жоспарланған жобаларды уақытылы іске қосып, жаңа жобаларды сапалы пысықтау қажет», — деді Премьер-Министр. 

Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы тағы да бірқатар тапсырма берді: 

  • Атырау және Маңғыстау облыстарын Көкжиде жерасты тұщы су қорынан сумен жабдықтау жобасын іске асыруға техникалық құжаттама дайындауды жеделдету;
  • Атырау қаласының оң жағалауындағы кәріздік желілерді реконструкциялау жобасын түзетуді жеделдету;
  • «Атырау – Ресей Федерациясының шекарасы»  автожолын реконструкциялау жөніндегі жұмысты жеделдету;
  • өңірде жол жөндеу жұмыстарына битум мен басқа да материалдарды қажетті көлемде жеткізу мәселесін пысықтау;
  • балаларға мектепке дейінгі тәрбие беру, үш ауысыммен оқытатын мектептерді азайту және мектептерде жаңа орындар құру бойынша жұмысты жандандыру;
  • Атырауда жаңа онкологиялық диспансер құру мәселесін қарау және Атырау облыстық перинаталдық орталығына күрделі жөндеу жүргізу және оны толық жарақтандыру мәселесін пысықтау;
  • ТШО-ның өндірістік объектілерінен босатылатын қызметкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша шаралар қабылдау.

«Кеше Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында өңірлердің де, жалпы елдің де әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін беретін нақты қадамдарды белгіледі. Қойылған міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек, сондай-ақ қоғам көтеретін проблемалық мәселелерге жедел ден қойып отыру керек», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу