Әлихан Смайылов Қостанай облысының жаңа әкімін таныстырды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қостанай қаласына жұмыс сапарымен келіп, Қостанай облысының барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жиналысына қатысты. 

Отырыс барысында Премьер-Министр депутаттарға ҚР Президентінің Қостанай облысының әкімі лауазымына Құмар Ақсақалов пен Аслан Жаныспаевтың кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді.

Әлихан Смайылов ұсынылған кандидаттардың әрқайсысының облысты басқару үшін жеткілікті тәжірибесі және қажетті құзыреттері бар екенін атап өтті.

Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 244 депутаттың 192-сі Құмар Ақсақаловтың кандидатурасына дауыс берді, 52 депутат Аслан Жаныспаевты таңдады.

Құмар Ақсақаловты облыс активіне таныстыра отырып, Премьер-Министр әкімдіктің алдына өңірдің экономикалық дамуы мен әлеуметтік мәселелерін одан әрі шешу бойынша міндеттер қойылғанын айтты. Оның ішінде, Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасы аясында халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыру шаралары қарастырылған.

Әлихан Смайылов алдағы жылдары облыста 7,5 мың оқушыға арналған 9 жаңа мектеп, 25 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу және 2 аудандық аурухананы жаңғырту жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұдан басқа, агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі іс-шаралар көзделген. 

«Қостанай облысы үшін машина жасау саласының маңызы өте зор. Саланың өңір мен жалпы ел үшін маңыздылығын ескере отырып, локализация деңгейін одан әрі арттыру, құрамдас бөліктері өндірісін дамыту, сондай-ақ жоғары білікті кадрларды даярлау бүгінгі таңда өзекті мәселелер болып табылады», — деді ол.

Сонымен қатар Премьер-Министр әлеуметтік объектілерді, тұрғын үй-коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа индустриялық жобаларды іске қосу, жұмыс орындарын құру және жергілікті жолдардың сапасын арттыру жөніндегі шараларды іске асыру жұмыстарын күшейту қажеттігіне назар аударды.

«Облыс басшылығы жылу беру маусымының тұрақты өтуі және ЖЭО мен жылу трассаларында апаттық жағдайлардың алдын алу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы қажет», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу