Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №21

20 ақпан 2017, 09:13

2017 жылғы 13-18 ақпан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Осы аптада ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Онда Инфрақұрылымды дамытудың 2015 - 2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы мен Алматы қаласында 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада-2017-ні өткізу қорытындысы туралы мәселелер қаралды.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары үшін баспасөз конференциясы өткізілді. Журналистердің сұрақтарына Үкімет мүшелері - ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, қаржы министрі Б. Сұлтанов, инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек жауап берді.  

Сондай-ақ, осы аптада ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен Экономика мәселелері жөніндегі сараптама кеңесінің отырысы өтті. Отырыс қатысушылары мемлекеттік өңірлік саясат дамуының мәселелерін талқылады.

Сәрсенбіде, 15 ақпанда, Премьер-Министр Б. Сағынтаев танымал Ernst & Young британдық аудиторлық-консалтингтік компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін дамыту және іске асыру мәселелері талқыланды.

Сол күні ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында квазимемлекеттік сектор активтерін бәсекелі ортаға өткізу және республикалық меншік нысандарын жекешелендіру мәселелері талқыланды.

Бейсенбіде, 16 ақпан күні Премьер-Министр Б. Сағынтаев Ресей Федерациясымен ынтымақтастық мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Екі ел экономикасының түрлі салаларындағы өзара іс-қимыл келешегі талқыланды.

Сондай-ақ, бейсенбіде ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мәселелері жөнінде баспасөз конференциясы өтті. Журналистердің еліміздің көлік-логистикалық жүйесін дамыту келешегі туралы сұрақтарына инвестициялар және даму вице-министрі Р. Скляр, инвестициялар және даму комитетінің төрағасы С. Тұяқбаев, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов және индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы А. Ержанов жауап берді.

Жұма күні, 17 ақпанда Премьер-Министр Б. Сағынтаев кеден жүйесін дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында Үкіметте экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғырту мәселелерін талқылау жұмыстары жалғасуда.  

Жұма күні, 17 ақпанда Премьер-Министр Б. Сағынтаев «ИТП» Арнайы экономикалық аймағын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында жеке инвестициялар тарту, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін жетілдіру, Индустрия 4.0 бойынша кластер қалыптастыру, сондай-ақ ғылыми-өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым құру мәселелері қаралды.

Сол күні Премьер-Министр Б. Сағынтаев еліміздің ІТ-саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бизнес қауымдастық өкілдері отандық цифрлық индустрияны дамытудағы өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, түйіткілді мәселелер туралы айтты.

Осы күні кешке Премьер-Министр Б. Сағынтаев қар көшкіні салдарынан әскери қызметкерлер қаза тапқан Жамбыл облысындағы қайғылы оқиғаға байланысты шұғыл кеңес өткізді. Премьер-Министр қорғаныс министрі С. Жасұзақовтың және ішкі істер министрі Қ. Қасымовтың есептерін тыңдаған соң, қайғылы оқиғаны тергеу бойынша Үкіметтік комиссияны құруды тапсырды. Қорғаныс министріне оқиға орнына ұшып бару тапсырылды. Тексеру жұмыстарын Премьер-Министр Б. Сағынтаев өзінің жеке бақылауына алды.

Сенбі күні, 18 ақпанда Премьер-Министр Б. Сағынтаев мемлекеттік сатып алулар мәселелері жөнінде кеңес өткізді.