Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №22

27 ақпан 2017, 12:41

2017 жылғы 20 және 26 ақпан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Осы аптада Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысты.

Сейсенбі күні, 21 ақпанда, ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев ҚР Үкіметінің кезекті отырысын өткізді, оның барысында 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетті жүзеге асыру мәселелері, су тасқыны кезеңіне дайындық, сондай-ақ денсаулық сақтау мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу қарастырылды.

Отырыс қорытындысы бойынша қорғаныс министрінің орынбасары Т. Мұхтаров пен ішкі істер министрінің орынбасары Ю. Ильиннің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Дүйсенбі, 20 ақпанда, Бақытжан Сағынтаев РФ мәдениет министрі Владимир Мединскиймен кездесті.

Сол күні Б. Сағынтаев РФ Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары И. Шуваловпен кездесіп, Қазақстан-Ресей сауда-экономикалық ынтымақтастығының ағымдағы жағдайы мен перспективалары талқыланды.

Сейсенбіде, Б. Сағынтаев Республикалық бюджет комиссиясының кезекті отырысын өткізді.

Сондай-ақ, осы аптада Б. Сағынтаев «Jumore» компаниясының президенті Лу Хунсянмен кездесу өткізді. Кездесу барысында Мемлекет басшысының еліміздің экономикалық өсімнің жаңа үлгісіне ауысуына қатысты тапсырмаларын іске асыру аясында цифрлық технологиялар, қаржы технологиялары мен құралдарын дамыту саласындағы ынтымақтастық келешегі талқыланды.

Б. Сағынтаевтың ЕҚҚДБ Басқарушы директоры Т. Майермен әңгімелесу барысында Қазақстанның халықаралық қаржы институттарымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік және «жасыл» экономика саласындағы ынтымақтастығы мәселелері талқыланды.

Сәрсенбіде, Б. Сағынтаев бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанның үшінші жаңғыруының міндеттерін іске асыру мәселелері, соның ішінде экономикалық өсімнің жаңа үлгісіне ауысу, жаңа индустрияларды құру, бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту мәселелері талқыланды.

Қазақстан-Қытай экономикалық ынтымақтастығының алдымен агроөнеркәсіп кешені мен ІТ саласындағы келешегі Б. Сағынтаевтың ҚР-дағы ҚХР Төтенше және Өкілетті елшісі Ч. Ханьхуэймен кездесуі  барысында бейсенбі күні, 23 ақпанда қаралды.

Сондай-ақ, бейсенбі күні Үкіметтің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру мәселелеріне қатысты кезекті баспасөз конференциясы өтті. Журналистердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы сұрақтарына ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жауап берді.

Сол күні Б. Сағынтаев Инвестициялық ахуалды жақсарту кеңесінің  және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен өзара іс-қимыл жөнінде отырыс өткізді.

Жұма күні, 24 ақпанда, ҚР Премьер-Министрі Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде Қазақстанның ұлттық павильонына қойылатын отандық ғалымдар мен ұйымдардың ғылыми-техникалық жобаларын қарастыру бойынша жұмыс кеңесін өткізді.

Сондай-ақ, жұма күні Үкіметтің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру мәселелеріне қатысты баспасөз конференциясы өтті. Онда ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев сұрақтарға жауап берді.

Сол күні Б. Сағынтаев тау-кен-металлургия саласының ірі жүйе құраушы кәсіпорындарының басшыларымен кеңес өткізді. Кеңес барысында Қазақстанда Мемлекет басшысының базалық салаларды 2025 жылға дейін технологиялық қайта жарақтандыру бойынша тапсырмалары аясында Индустрия 4.0 элементтерін енгізу мәселелері талқыланды.  

Бұдан өзге, жұма күні Б. Сағынтаев Мемлекет басшысының шетел инвесторларын тарту бойынша тапсырмаларын іске асыру аясында инвестициялық саясатты одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Сенбі күні, 25 ақпанда, Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Кеңес барысында Қазақстанның экономикалық өсімнің жаңа үлгісіне көшуі мәселесі бойынша министрліктердің тәсілдемелері және пайымы, сондай-ақ экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғыртуды іске асыру қарастырылды.

Жексенбіде, 26 ақпанда, Премьер-Министр «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачевпен кездесті.