Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №27

03 сәуір 2017, 09:27

2017 жылғы 27 наурыз бен 1 сәуір аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Осы аптада ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында 2017 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындық барысы және 2016 жыл қорытындысы бойынша Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Сол күні ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында ҚР Үкіметінде жобалық басқаруды ұйымдастыру аясында басым бағыттар мен мақсатты индикаторларды бекіту туралы мәселелер талқыланды.

29-30 наурызда ҚР Премьер-Министрі Б. Cағынтаев Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысы мен Ақтөбе облысына барды. Сапарлардың басты мақсаты  - «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Президент Жолдауын түсіндіру және іске асыру.

Сондай-ақ, осы аптада ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын әзірлеу мәселелері, Қазақстанды үшінші жаңғырту аясында денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелері жөнінде бірнеше жұмыс кеңестерін және Fraunhofer қолданбалы зерттеулер институтының жəне Швецияның Сауда және инвестициялар жөніндегі кеңесінің өкілдерімен кездесу өткізді.

31 наурызда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ Директорлар кеңесінің алғашқы отырысы өтті. «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған, оның негізі міндеті - Қазақстанның ірі инвесторлары мен мақсатты трансұлттық компаниялар арасындағы өзара іс-қимыл жағдайын жақсарту. 

Сол күні ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Директорлар кеңесінің кезекті отырысы мен ЭКСПО-2017-ге дайындық және оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті.