Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №28 

10 сәуір 2017, 09:10

2017 жылғы 3-8 сәуір аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Осы аптада ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кезекті отырысында Қазақстан Республикасында Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы және діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мәселелері талқыланды. 

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында еліміздегі мемлекеттік тіл саясатын іске асыру бойынша брифинг өтті. 

Дүйсенбіде, 3 сәуір күні ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорындағы мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. 

Осы күні ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Түркияның Сауда, өнеркәсіптік палаталарының және тауар биржалары одағының Президенті Мұстафа Рифат Хисарджиклыоглумен және одақ делегациясымен кездесу өткізді.

Сейсенбі күні, 4 сәуірде ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Рамиль Сахиб оглу Гасановпен кездесті.

Сондай-ақ, осы аптада ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында еліміздің агроөнеркәсіп кешеніндегі экспорттық саясатты жүзеге асыру бойынша брифинг өткізілді. 

Сәрсенбіде, 5 сәуір күні ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысы өтті. Шара барысында 2017-2020 жылдарға арналған ғылымды дамытудың басымдықты бағыттары талқыланды.

Бейсенбі күні, 6 сәуірде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бизнес құрылымдар өкілдерінің қатысуымен экономиканы жылдамдатылған технологиялық жаңғырту мәселелері бойынша Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауын іске асыру жөнінде кеңес өткізді. Отырыс барысында Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс элементтерін енгізу арқылы бәсекеге қабілетті өндірістерді дамыту мәселелері талқыланды. 

Жұма күні, 7 сәуірде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Ұлттық экспорттық стратегия» экспортты дамыту жөніндегі Үкімет бағдарламасын әзірлеу жөнінде кеңес өткізді.

Сол күні ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі Кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес отырысы барысында республикалық меншік пен квазимемлекеттік сектор нысандарын жекешелендіру бағдарламасының рәсімдерін жетілдіру, сонымен қатар ТОП-65 тізімінен шетел компанияларының жекешелендіру үдерісіне қатысу мәселелері бойынша ұсыныстар талқыланды. 

Сонымен қатар, осы аптада ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастық мәселелері жөнінде кеңес өткізді. 

Сенбі күні, 8 сәуірде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев халыққа «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы мемлекеттік қызметтер көрсету үдерістерін жетілдіру жөнінде кеңес өткізді.