Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №29

17 сәуір 2017, 10:00

2017 жылғы 10-15 сәуір аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Дүйсенбі күні, 10 сәуірде ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кезекті отырысында елімізде мемлекеттік меншік және квазимемлекеттік сектор нысандарын жекешелендіруді жүргізу мәселелері, сонымен қатар 2017-2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев 11-14 сәуір аралығында жұмыс сапарымен Америка Құрама Штаттарына барды. Ондағы басты мақсат - әлемдік инновациялық көшбасшылар қатарындағы компаниялардың басшыларымен кездесулер өткізіп, ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылау, сонымен қатар оларды Қазақстан экономикасының үшінші жаңғыртылуына қатысуға шақыру. 

Сапар аясында ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Citigroup, Mastercard, Berkley, Morgan Stanley, BlackRock, Goldman Sachs секілді АҚШ-тың аса ірі қаржы институттарының басшыларымен және Moody’s, Standard&Poor, Roubini, Lafahl, Fitch, Greylock Capital, American International Group, Guggenheim International, Aliance Bernstein, Public Capital Advisors, Business Council of International Understanding секілді халықаралық сарапшылар қоғамдастықтарымен бірқатар кездесулер өткізді.

Сейсенбі күні, 11 сәуірде Қазақстан Премьер-Министрі Нью-Йорктің экс-мэрлері Рудольф Джулиани мен Майкл Блумбергпен кездесті.

Бақытжан Сағынтаев Scuareed Capital, General Electric, Grace, Robotti&Company Advisors, AGCO, AES, Black and Veatch, American Industrial Acquisition Corporation секілді АҚШ-тың жетекші компанияларының басшыларымен кездесіп, олармен өзара тиімді ынтымақтастық бағыттары мен Қазақстан экономикасына инвестициялар, инновациялар және жаңа технологияларды тарту мүмкіндіктерін талқылады. 

OSI Systems, Pfizer, GE Transportation компанияларымен еліміздегі технологиялық жабдықтау өндірісіне инвестициялар тарту туралы, ал Rahal Foods компаниясымен органикалық азық-түлік өнімдері өндірісін ретке келтіру туралы уағдаластыққа қол қойылды.

Сәрсенбі күні, 12 сәуірде Сан-Франциско қаласында ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев «Project: Collider» технологиялық форумына қатысты. 

Сондай-ақ, Сан-Франциско қаласында ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Кремний алқабының Инновациялық орталығына барды. Орталық басшылығымен кездесу барысында Кремний алқабында Қазақстан Өкілдігін ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. 

Премьер-Министр «Chevron», «Cisco», «Tesla Motors», «IBM», «Pfizer», «Plug and Play Tech Center», «Jabil», «Autodesk», «Microsoft», «Google», «Uber», «Robomatter Inc.», «Learn Capital», «Bridge West Group», «Sound Hound», «DFJ», «Инновациялық орталық» секілді жетекші компаниялардың кеңселеріне барды, онда ІТ-технологиялар, машина жасау, энергетика, телекоммуникация, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Екіжақты қарым-қатынасты кеңейту мақсатымен «Cisco», «IBM», «Autodesk» және «GVA Capital» компанияларымен өзара тиімді ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Сенбі күні, 15 сәуірде Астана қаласында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үшінші жаңғырту аясында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселелері талқыланды.