Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №32

08 мамыр 2017, 13:59

2017 жылғы 2-7 мамыр аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Осы аптада Ақордада Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Қазақстанның Қарулы күштерінің 25 жылдығы қарсаңында қазақстандық әскер өкілдеріне жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсырудың салтанатты рәсімін өткізді.

Сол күні ҚР Президенті Н. Назарбаевтың қатысуымен Астана қаласының Орталық концерт залында Қазақстанның Қарулы күштерінің 25 жылдығы мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 72 жыл толуына орай мерекелік концерт өтті.

Сондай-ақ, осы аптада Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстанның Қарулы күштерінің 25 жылдығына арналған Әскери парад өтті. 

Сейсенбі күні, 2 мамырда ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев селекторлық режимде Қазақстан Үкіметінің кезекті отырысын өткізді. Күн тәртібінде – 2017-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының тұжырымдамасы, мәдениет нысандарын дамыту және жаңғырту, ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы мәдени және спорттық шаралардың кешенді бағдарламасы.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша дәстүрлі баспасөз конференциясы өтті. Журналистердің сұрақтарына дін істері және азаматтық қоғам министрі Н. Ермекбаев, мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы жауап берді

Сол күні ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Urman Investments компаниясының Бас атқарушы директоры және Еуропа бойынша YPO секциясының қатысушылары директоры Г. Урманмен өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөнінде кездесу өткізді. 

Сәрсенбіде, 3 мамыр күні ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі сараптама кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында шағын және орта бизнесті дамыту және цифрлық технологиялар саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру мәселелері талқыланды.

Осы күні ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев «Shell» бөлімшесінің директоры Э. Браунмен кездесті. 

Сонымен қатар, 3 мамыр күні Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ сатып алу қызметін басқару саясатын жетілдіру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Елдегі мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселелері 4 мамыр күні, бейсенбіде ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев өткізген кеңес барысында талқыланды. 

Жұма күні, 5 мамырда ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Орталық Азия елдері департаментінің директоры Д. Азур басшылық еткен Халықаралық валюта қорының өкілдерімен кездесу өткізді. 

Сол күні ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев цифрлық экономиканы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында Астана қаласының тіршілік әрекетінің негізгі секторларына цифрлық технологияларды енгізу арқылы елорданы «Ақылды қалаға» айналдыруға бағытталған Smart Astana тұжырымдамасының жобасы талқыланды.

Сондай-ақ, жұма күні Үкіметтің баспасөз орталығының алаңында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының 2017 жылдың алғашқы 4 айында іске асырылу қорытындысына арналған баспасөз конференциясы өтті. Журналистердің сұрақтарына энергетика министрі Қ. Бозымбаев, инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек және ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қ. Айтуғанов жауап берді. 

Бұдан өзге, осы аптада ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Финляндияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі И. Райсаненмен, АҚШ елшісі Дж. Кроллмен, БАӘ елшісі Аль-Джабермен және Испания елшісі П. Серраномен кездесу өткізді. Кездесулер барысында мемлекеттердің дамуының түрлі салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру мәселелері талқыланды.