Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №33

15 мамыр 2017, 09:55

2017 жылғы 9-13 мамыр аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Сейсенбі, 9 мамырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Отан соғысы қаһармандарының рухына тағзым етіп, «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоғын қойды. Гүл қою салтанатына ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Сәрсенбі, 10 мамырда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында 2017 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағын ұйымдастырудың Бас схемасын өзектендіру мәселелері қарастырылды.

11 мамырда ҚР Үкіметі баспасөз орталығында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының ағымдағы жылдың 4 айында іске асырылуы қорытындыларына арналған баспасөз конференциясы өтті. Журналистердің сұрақтарына ҚР мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, ҚР денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов жауап берді

Осы күні ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР экономикасын жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында квазимемлекеттік сектор нысандарын жекешелендіру үдерісінің ағымдағы жағдайы бойынша, еліміздегі базалық индустрияландыру, қорғаныс өнеркәсібі, көлік және логистиканы, агроөнеркәсіптік және отын-энергетикалық кешендерді дамыту салаларындағы тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, осы аптада ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Астана экономикалық саммитін ұйымдастыру мен оны өткізу және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өткізді.