Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» № 38

19 маусым 2017, 16:45

2017 жылғы 12-17 маусым аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Осы аптада Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Жаңа энергия – жаңа экономика» атты Х Астана экономикалық форумының пленарлық отырысына қатысты.

Мерейтойлық Астана экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев 15 маусымда Дүниежүзілік банктің сессиясында сөз сөйледі, одан кейін танымал сарапшы экономистермен бірқатар кездесулер өткізді. Олардың қатарында экономист және жазушы Нассим Талеб, публицист әрі жазушы Джон Перкинс, Принстон университетінің тарих және халықаралық қатынастар профессоры Гарольд Джеймс бар.

Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ, РФ Президенті жанындағы Ресей Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының ректоры Владимир Маумен және Азия өңірінің сарапшыларымен: ҚХР Дүниежүзілік экономика орталығының директоры Давид Даокуи Ли, Гонконг Үкіметінің Жібек жолы бойынша комиссары Ивонн Чой, Оңтүстік Кореяның Жаһандық экономика институтының президенті Иль Саконгпен кездесті.

Бұдан өзге, АЭФ алаңында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Innovation Summit» және «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары» сессияларына қатысты. Сессиялар аяқталғаннан кейін 2007 жылғы әлемдік Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунгпен, Бреттон-Вудсты жаңғырту комитетінің бас директоры Марк Узанмен және «The Boston Consulting Group» компаниясының төрағасы Ханс-Пол Бюркнермен бірқатар екіжақты кездесулер өтті.  

Сейсенбі күні Үкіметтің кезекті отырысы өтті, онда Бақытжан Сағынтаев ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау және егістіктердің фитосанитарлық қауіпсіздігі шараларын қамтамасыз ету бойынша, сондай-ақ қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Сәрсенбіде, 14 маусым күні, Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» ҰКП IV съезінің жұмысына қатысты, онда кәсіпкерлік ортаны дамыту мен оған қолдау көрсету мәселелері қаралды.

Сондай-ақ, жұмыс аптасы барысында Үкімет үйінде келесі кездесулер өтті:

- Грузия Президенті Георгий Маргвелашвилимен;

- Швеция Парламентінің спикері Урбан Алинмен;

- Францияның экс-Премьер-Министрі Франсуа Фийонмен;

- Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозинмен;

- Украина Премьер-Министрінің орынбасары – өңірлік даму, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы министрі Геннадий Зубкомен;

- Өнеркәсіптік даму жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының (ЮНИДО) Бас директоры Юн Лимен;

- Энергетикалық одақ жөніндегі Еуропалық комиссияның вице-президенті Марош Шефчовичпен;

- Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша Дүниежүзілік банктің вице-президенті Сирил Мюллермен;

- Азия даму банкінің вице-президенті Венчай Жангпен;

- Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Дмитрий Панкинмен;

- «JPMorgan Chase International» төрағасы Джейкоб Френкельмен;

- «McKinsey (MGI)» Жаһандық институтының директоры Джонатан Ветцельмен.

17 маусымда Бақытжан Сағынтаев холдингті трансформациялау мәселелері жөнінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Директорлар кеңесінің отырысын өткізді.