Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №39

26 маусым 2017, 09:25

2017 жылғы 19-24 маусым аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Осы аптада Астанада Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың қатысуымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-пленарлық отырысы өтті.

Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет үйінде шет мемлекеттердің Үкіметтерінің өкілдерімен, ірі аудиторлық-консалтингтік компаниялардың және әлемдік трансұлттық корпорациялардың өкілдерімен өзара іс-қимылды жалғастыру және мұнай-газ, қаржы, энергетика, фармацевтика, агроөнеркәсіп секторлары мен консалтинг саласында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері бойынша бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Сондай-ақ, ШИК аясында Үкімет үйінде ҚР Үкіметі мен халықаралық компаниялар арасында энергетика саласында ынтымақтастық орнату туралы келісімдерге қол қою рәсімі өтті.

Өткен аптада ел Президенті Н. Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайын өткізді. Оған ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев қатысты.  

Дүйсенбіде, 19 маусым күні, ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың қатысуымен Үкіметтің 2016 жылғы республикалық бюджетті орындау есебін депутаттар бірауыздан бекітті. Сол күні ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді.

Сейсенбіде ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен сатып алу саласын жетілдіру және денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. 

Жұма күні, 23 маусымда, Бақытжан Сағынтаев Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Сол күні ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Еуропалық комиссияның экс-президенті Жозе Мануэль Баррозумен қаржы және инвестициялық салаларды дамытудың өзекті мәселелері бойынша кездесу өткізді.

Сенбі күні ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Jumore басқарма төрағасы Л. Хунсянмен кездесті және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.