Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

АСТАНА: 19 жыл табыс пен даму

06 шілде 2017, 14:31

Астана – тәуелсіз Қазақстанның заманауи, қарқынды дамып жатқан елордасы. Ол біздің республикамыздың дамуы мен барлық қазақстандықтардың, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеткен жетістіктерін бейнелейді.    

Бүгін біз астанамыздың басты нысандарына, сонымен қатар Астананы әлемге танытқан белгілі оқиғаларға шолу жасаймыз. Бұдан өзге, біз елорда қонақтарының аталған нысандарға қатысты тарихи оқиғалары бойынша деректерді жинадық.

1994 жылғы 6 шілдеде ҚР Жоғарғы Кеңесі елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдады.  

1997 жылғы 20 қазанда Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды. Бір жылдан кейін елорда атауы Астана деп өзгертілді, сол сәттен бастап шет аймақтық қалашық үлкен астанаға айнала бастады.

2000 жылы Астананың жаңа әкімшілік орталығын құру жұмыстары басталды.

Алаңда Президент резиденциясы «Ақорда» орналасқан. Оның жанында Мәжіліс пен Сенаттың, Үкіметтің, Президент әкімшілігінің және Министрліктер үйінің биік ғимараттары орналасқан.

2005 жылы барлық дерлік мемлекеттік аппарат Астананың жаңа әкімшілік орталығына көшірілді.

Светлана Матвиец Астананың жаңа орталығына деген таңданысын білдірді:

«Президент резиденциясы мен «Хан Шатыр» аралығындағы саяжолдың әдемілігінде шек жоқ. Біз сол жерлерде бірнеше күн қатарынан серуендедік. Барлығы дұрыс ойластырылып, әдемі әрі ғажап етіп жасалған!».

2001 жылғы 9 мамырда «Отан қорғаушылар» ескерткіші ашылды. Сол кезден бастап, жыл сайын, осы жерде Жеңіс күніне орайластырылған шаралар өткізіледі.

Монумент биіктігі 37,5 метрді құрайтын стела ретінде жасалған. Оның орталық мүсіні – бірлік пен келісімге шақырып тұрған Отан-ананың бейнесі. Стела 101 масақтан тұрады, ол Қазақстанда өмір сүретін барлық ұлттардың бірлігін бейнелейді. Оң жақтағы барельефте кеңес жауынгерлері, сол жағында - жоңғарларды талқандаған қазақ батырлары бейнеленген. Ескерткіш түбінде Мәңгілік алау жанып тұр.      

Биыл «Отан қорғаушылар» ескерткішінің алдында Астанаға ресми сапармен келген Рим папасы ІІ Иоанн Павел салтанатты құдайға құлшылық ету рәсімін өткізді.

2002 жылы Астана орталығында «Астана-Бәйтерек» монументі тұрғызылды. Әлемдік қауымдастық дүние жүзінде баламасы жоқ бірегей ғимаратты астанамызбен ғана емес, жалпы Қазақстанмен байланыстырады. «Бәйтерек» - «Өмір ағашы» - қаланың басты символына айналды.

2000 жылы елордаға көшіп келген Астана тұрғыны Ольга Михайлова өз тағдырын «Бәйтерек» тарихымен байланыстырады. Бұл кезде монументтің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан болатын. «Бәйтеректің» қалай «өсіп, көркейіп» жатқанын жұмыс кеңсесінен бақылап жүретін Ольга Михайлова астанаға қалай бауыр басып, оның бір бөлшегіне айналып кеткенін байқамай қалғанын айтты. Мұнда оның балалары оқыды, немерелері дүниеге келді. Мұнда оның сүйікті жұмысы, әріптестері, достары бар. Ольга көз алдында Астананың қалай өзгеріп, көркейгенін еске алды.

2003 жылы Іскі істер министрлігі мен Көлік және коммуникациялар министрлігінің әкімшілік ғимараттары салынды.

2004 жылы Астананың туған күні алғаш рет сол жақ жағалауда аталып өтті. Бұл жылы Президент резиденциясы – «Ақорданың» ашылуы болды.

Резиденция құрылысы 2001 жылы басталды. Жоба жұмысымен Еуропа мен Қазақстанның танымал сәулетшілері айналысты, олардың қатарында атақты еуропалық дизайнерлер М. Гуалаци мен А. Мольтени бар. Ғимараттың ішкі көрінісі академик Қ. Монтақаевпен кеңесу арқылы ұлттық стилге келтіріліп жасалды.

2004 жылы Жоғарғы сот пен Парламент Мәжілісінің ғимараттары салынды.

2006 жылы тұрғызылған Бейбітшілік және Келісім сарайы түрлі діндер, ұлыстар мен мәдениеттер бірлігінің, халық пен мемлекет ашықтығының символына айналды. Бұл ғимаратты әлемге әйгілі сәулетші Норман Фостер тұрғызған. Ол «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезін» өткізуге орай арнайы салынған ғимарат. Одан кейінгі съездер де барлық үш жылда да осы Бейбітшілік және Келісім сарайында өткізілді.  

2008 жылғы 6 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақ елі» монументін ашты. Бұл әлемде баламасы жоқ, бірегей сәулет ғимараты. Монумент қазақ халқының ежелгі тарихын, мәдениетін және жеткен жетістіктерін бейнелейді. Монумент биіктігі 91 метрді құрайды, ол Қазақстан Тәуелсіздігін алған жылды білдіреді.

Ел тәуелсіздігінің 17 жылдығы қарсаңында - 2008 жылғы 15 желтоқсанда «Тәуелсіздік сарайы» ашылды. Оның әдемі ғимараттық сәулеттік ерекшелігі – қазақ киіз үйінің керегесіне ұқсатып жасалған қабырғалары.

Сарайда ЕҚЫҰ астаналық саммиті, ЖЕЭК отырысы, ШЫҰ мерейтойлық саммиті, ИКҰ саммиті, Еуропа қайта құру және даму банкінің саммиті, Азия даму банкінің отырысы өтті.

2010 жылғы 1-2 желтоқсанда «Тәуелсіздік сарайы» Қазақстан Республикасының Ұйымға табысты төрағалық етуінің аяқталуына орай ЕҚЫҰ тарихи саммитін өткізу орны болды.

Алғаш рет 2014 жылы Қазақстан АДБ төрағалық етті. Азия даму банкі отырысының 3 күндік жұмысында Сарайға бүкіл әлемнен 28 мыңнан астам қатысушы келді.

УЕФА 38-конгресі 2014 жылғы 27 наурызда Тәуелсіздік сарайында өтті. Онымен қоса, Қазақстан ТМД елдері арасында осындай ауқымды халықаралық футбол форумын қабылдау құқығын алған алғашқы мемлекет болды.

2008 жылдан бастап жыл сайын Тәуелсіздік сарайының алаңында әлемнің ірі халықаралық форумдарының бірі болып табылатын Астана экономикалық форумы өткізіледі.

2010 жылы «Қазақ елі» монументі мен Тәуелсіздік сарайының жанынан «Шабыт» шығармашылық сарайы салынды. Онда Қазақ ұлттық өнер университеті орналасқан. Ғимараттың сыртқы көрінісі бірегей, дегенмен оның ішкі көрінісі де тамаша.

Елорда қонағы, зейнеткер Рафхат Сұлтанов өз ұлының Қазақстанның беделді ЖОО-ларының бірінде – «Қазақ ұлттық өнер университетінде» жұмыс істейтінімен мақтанады.

«Ұлым баяншы, Донецк мемлекеттік консерваториясын тәмамдаған, жұмыс істеуге осында келді. Астана оған көптеген мүмкіндіктер берді, бүгінде ол университет кафедраларының бірінде доцент. Көптеген түрлі халықаралық байқаулардың лауреаттарын тәрбиеледі», - деді Р. Сұлтанов.

Астананың кезекті туған күнінде, 2010 жылы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы ашылды.

2010 жылы «Қазақстан» орталық концерт залы өз келушілерін қабылдады. Бұл алдыңғы қатарлы технологиялармен жабдықталған, бұқаралық шараларды өткізуге арналған алғашқы астаналық кешен.

2011 жылдың қаңтар-ақпан айларында Астана мен Алматы қалалары Азия құрлығының спорт өмірінің орталығына айналды. Қазақстанда алғаш рет VII қысқы Азия ойындары өтті, оған әлемнің 27 елінен мыңнан астам спортшы қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен, республиканың екі маңызды қаласында арнайы Азия ойындары үшін бірегей спорт кешендері салынды. Осылайша, Астанада AD Sportwereld голландтық баспасының жариялауы бойынша ғаламшардың конькимен жүгіру стадиондарының рейтингісінде бірінші орын алған «Алау» жаңа мұз сарайы салынды.

Шорт-трек пен мәнерлеп сырғанау жарыстарын өткізетін орынға айналған «Сарыарқа» республикалық велотрегі де халықаралық сарапшылардың пікірінше – әлемдегі үздік орындардың бірі.

Азиада ашылуы «Астана Арена» жаңа жабық стадионында өтті. Бұл әлемдегі шатыры 10 мың шаршы метрге дейін жылжитын жүйесі бар алты ғимараттың бірі. 30 мың орынға арналған арена екі деңгейлі құрылымы бар үлкен амфитеатр түрінде тұрғызылған.

2011 жылы желтоқсанда Оқушылар сарайы ашылды, онда балаларға қосымша зияткерлік, техникалық, шығармашылық-эстетикалық және физикалық тәрбиелеу сабақтары жүргізіледі. Мұнда 10 мыңнан астам баланы оқытатын жүз үйірме мен секциялар өткізіледі.

2011 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Президенті «Қазмедиа орталығы» медиа орталығын ашты. Телерадио кешені теле- және радиоарналардың жұмысына лайықталып тұрғызылған 22 қабатты ғимараттан тұрады.

Астанада 2011 жылғы 16 желтоқсанда «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының ресми ашылуы өтті. Қақпаның биіктігі 20 метрді құрайды. Ол ел тәуелсіздігіне 20 жыл толуына орайластырылған.

2012 жылғы 6 шілдеде елорданың бірегей нысандарының санын көбейткен «Хазрет Сұлтан» мешіті ашылды. Мешітке 5 мың діндар адам, ал мереке күндері 10 мың адам сыяды.

2013 жылғы 21 маусымда «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры салтанатты түрде ашылды. Сол жақ жағалауда орналасқан «Астана Опера» театры сәулеттік әдемілігімен таңқалдырады.

2014 жылғы 2 шілдеде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ашылды. Ол Орталық Азиядағы ең ірі әрі жас музей, әлемнің ірі он музейінің қатарына кіреді.

Музей Тәуелсіздік алаңында, «Қазақ елі», Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Хазрет Сұлтан» мешіті мен Қазақ ұлттық өнер университетімен қатар орналасқан.

2015 жылы Назарбаев Университетінің алғашқы түлектері оқуларын тәмамдады. Назарбаев Университеті – заманауи ғылыми инфрақұрылымы бар, инновациялық зерттеу қызметін жүргізуге бағытталған қуатты университет. Осындай оқу орнының ашылуы қазақстандық жастарға шет елге шықпай-ақ, халықаралық стандарттар бойынша білім алуға мүмкіндік береді.

2016 жылдың соңында қазақстандық классикалық өнер саласында ғаламат оқиға орын алды – Астананың балет труппасының жеке ғимараты пайда болды. «Астана Балет» ЭКСПО-қалашығына жақын маңда орналасқан және Қазақ ұлттық хореография академиясымен шектеседі.

2017 жылдың көктемінде жаңа форматтағы MEGA SilkWay сауда-ойын-сауық орталығы ашылды. Ол бірегей сәулетімен, дизайнымен, тұжырымдамалық толықтыруларымен ерекшеленетін, астанада демалуға арналған ыңғайлы орын.

2017 жылғы 31 мамырда Астанада Халықаралық әуежайдың жаңа терминалы ашылды. Жаңа терминалдың жалпы ауданы – 47 мың шаршы метрді құрайды. Жаңа технологиялармен жабдықталған жаңа терминалдың сервисі жақсартылып, авиациялық қауіпсіздігі арттырылған. Оның өткізу қабілеті жылына 7,6 млн жолаушыны құрайды.

2017 жылғы 1 маусымда «Нұрлы жол» жаңа темір жол вокзалы алғашқы жолаушыларын қабылдады. Вокзал жолаушылар ағынын басқарудың, қауіпсіздік пен билеттерді электронды сатудың заманауи интеллектуалдық жүйелерімен жарақтандырылған.

«Нұрлы жол» келешекте елорданың жаңа көлік-логистикалық хабына айналады.

Алматы облысының Үштөбе қ. тұрғыны Күлия Сүлейменова «Нұрлы жол» жаңа темір жол кешеніне сүйсіне қарайтынын айтты. Ол пойыздан түскен кезде белгілі-бір уақыт бойы таңданыстан есеңгіреп қалғанын айтты.

«Мен бірнеше жыл бұрын Астанаға келгенмін. Ол кезде жаңа вокзал болған жоқ. Өте әдемі, заманға сай вокзал екен. Өзімді шетелде жүргендей сезіндім. Ішімнен өз еліме деген мақтаныш сезімі кернеді», - деді К. Сүлейменова.

2017 жылғы 3 маусымда Астанада алғашқы көптен күткен әлемдік The Ritz-Carlton атты мейманхананың ашылу рәсімі өтті. Астанада дүниежүзіне мәлім брендтің мейманханасының пайда болуы жаңа деңгейдегі қызмет көрсету мен қонақжайлықты білдіретіні сөзсіз.

2012 жылы Астана бельгиялық Льеж қаласынан ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығын жеңіп алған болатын. 148 мемлекеттен Қазақстан астанасына Халықаралық көрмелер бюросының 103 қатысушы елі дауыс берді.

2017 жылғы 9 маусымда жылдың ең маңызды шарасы ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Оған 17 шет мемлекеттің мемлекет басшылары мен үкімет басшылары қатысты.

ЭКСПО-2017-ге Қазақстанның түрлі қалаларынан келген 4,5 мың адам ерікті болып орналасты. Бұдан өзге, Астанаға әлемнің 46 елінен 150 ерікті келді. Олардың бірі Таиланд тұрғыны Лала. Ол өз елінің павильонында бір ай бойы жұмыс істеп жүр. Лала Қазақстанға алғаш рет келді және оған Астана, Бурабай демалыс орны, сондай-ақ, қонақжай қазақстандықтар ұнап қалыпты.

«Мұндағы адамдар өте мейірімді. Мұнда адамдар мені қазақ қызы деп ойлап қалады. Осында қалғым келеді», - деді Лала.

Халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің тақырыбы - «Болашақ энергиясы» Қазақстанға одан әрі алға ұмтылуға, дамып-өсуге, жаңа белестерді бағындыруға рух берері сөзсіз. Астана өзінің 19 жылдығында халықаралық көрмені өткізу орнына айналғаны кездейсоқтық емес.

Туған күніңмен, Астана!

Қазақстан астанасы туралы қала қонақтары не ойлайды? Әркімнің өз тарихы бар, дегенмен барлығын бір нәрсе – жаңа мақсаттарға жетелейтін Астанаға деген мақтаныш байланыстырады.