Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Биыл «Нұрлы жер» аясында 6,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

17 тамыз 2017, 11:27
Фото: Primeminister.kz

Биыл «Нұрлы жер» аясында 6,2 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығындағы брифинг барысында ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр хабарлады.

Роман Скляр жыл басынан бері қаржыландырудың барлық көзі есебінен 6,2 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілгенін, ол «Нұрлы жер» бағдарламасының жылдық жоспарының 61%-ын құрайтынын атап өтті. Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша Астана (1 680,2 мың м2), Алматы (981,6 мың м2) қалалары, Маңғыстау (592,7 мың м2) және Оңтүстік Қазақстан облыстары (348,9 мың м2) көш бастап тұр. Жеке тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша Маңғыстау, Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары басым.  

7 айдың қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына 445,2 млрд теңге бөлінген, оның 75,8 млрд теңгесі мемлекеттік инвестициялар. Мемлекеттік қаражаттар есебінен 8 829 пәтер (541,3 мың м2) салынған. Жыл соңына дейін тағы қосымша 16 176 пәтерді (948,2 мың м2) пайдалануға беру жоспарда бар.

Биыл бағдарлама аясында әкімдіктерге 25 млрд теңге бөлінді және 6 мыңға жуық арендалық пәтерлердің құрылысы басталды, олардың жартысы жыл соңына дейін өткізіледі. Арендалық үйлермен баспана сатып алуға мүмкіндіктері жоқ халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары қамтамасыз етіледі. Аренда ақысы, сатып алу құқығынсыз, әлеуметтік тұрғын үйдің 1 м2 шамамен 100 теңгені құрайды.  

Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға қолдау көрсету болып табылады. Мемлекет азаматтарға құрылыс салуға бөлген жер телімдеріне инфрақұрылым жүргізуді қамтамасыз етеді. Жыл сайын желілерді салуға 80 млрд теңге бөлу қарастырылады, олардың 50%-на дейін жеке тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан аудандарға инженерлік желілерді жүргізуге бағыттау көзделеді. Бұл орта есеппен 15 жыл ішінде жыл сайын шамамен 40 мың жер телімін желілермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, жоспарланған 60 мың жер телімінен бүгінде 23,5 мың аумағы желілермен қамтылған. 4 облыс орталығында бірыңғай сәулет стилінде жеке баспаналар құрылысының пилоттық жобасын іске асыру жұмыстары басталды. Осындай баспананың құны 90%-ға дейін отандық құрылыс материалдарын пайдалану есебінен шаршы метріне 120 мың теңгені құрайды.

Пилоттық жобада жер теліміне кезекте тұрған азаматтарға дайын үйді сатып алу құқығы беріледі. Кезекте тұрған адамдар аталған баспананы өз қаражаты есебінен немесе жылдық 5%-бен ТҚЖБ-дан қарыз алу арқылы сатып ала алады.   

1/3
2/3
3/3