Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Қазақстан экономикасының базалық салаларын қайта жарақтандыру оның энергия сыйымдылығын төмендетуге мүмкіндік береді – ҚР ИДМ

05 қыркүйек 2017, 13:00
Фото: PrimeMinister.kz

Бүгін ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясы барысында инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығының жоғары болу себептерін түсіндіріп өтті. 

Оның айтуынша, министрлік жалпы энергия үнемдеу бағдарламасы бойынша көлемді жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің энергия сыйымдылығы 2008 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 28%-ға төмендеген. 

«Біздің алдымызда 2020 жылға қарай энергия сыйымдылығы коэффициентін 25%-ға, 2050 жылға қарай - 50%-ға төмендету міндеті қойылған. Бұл міндетті біз орындап жатырмыз. Жұмыс жүйелі негізде жүргізілуде, барлық қажетті заңдарға қол қойылып, қабылданды, мемлекеттік энергетикалық тізім қабылданды. Бұл тізімге заң бойынша энергиялық аудит жүргізіп, шаралар тізімін әзірлеп, өз кәсіпорындарының энергия сыйымдылығын төмендету үшін жұмыс істеуге тиісті бес мыңнан астам компания кіреді», - деді А. Айдарбаев. 

Дегенмен, өнеркәсіп салаларының ЖІӨ энергия сыйымдылығы көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығы аса жоғары болып қалып отыр. Спикердің айтуынша, бұған бірнеше себеп бар.  

«Біріншіден, бұл жалпы экономика құрылымы. Қазақстан экономикасында өндіруші, шикізаттық салалар басым. Олардың барлығы электр энергиясын өте көп талап етеді. Келесі бір жағдай – климат жағдайлары. Көп елдермен салыстырғанда, біз ғимараттарды жылытуға көп электр энергиясын жұмсайтын аймақта орналасқанбыз», – деді вице-министр. 

Алик Айдарбаев энергия сыйымдылығының жоғары болуының тағы бір себебі ретінде Қазақстанның экономиканы жаңғырту сатысында тұрғанын атап өтті. Ал бұл көптеген кәсіпорындардың әлі күнге дейін ескі жабдықпен, бұрынғы технологиялар бойынша жұмыс істейтінін білдіреді. Сонымен, оның айтуынша, бүгінгі таңда іске асырылып жатқан саясат базалық салаларды қайта жарақтандыруға және алдыңғы қатарлы энергия үнемдеуші технологияларды енгізуге бағытталған.

Вице-министр энергетикалық тізім туралы айта отырып, жұмыс оны енгізгеннен кейін барынша жедел әрі тиімді бола бастағанын мәлімдеді.  

«Егер бастапқыда осы жұмыстардың барлығы қағаз есептер арқылы жүргізілсе, қазіргі кезде аталған жаңа автоматтандырылған жүйе тізімдегі субъектілерге автоматты режимде нақты уақыт ішінде ақпарат беріп, оны мерзімді түрде жаңартып отыруға мүмкіндік береді. Ендігі біздің министрлікке мемлекеттік орган ретінде процеске бақылау орнату едәуір жеңілдеді. Сондай-ақ, аудитор компанияларға да жұмыс істеу жеңілдей түсті», – деп түсіндіріп өтті А. Айдарбаев. 

 

1/5
2/5
3/5
4/5
5/5