Нұрсұлтан Назарбаев ИЫҰ мүше мемлекеттердің басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді

11 қыркүйек 2017, 10:00
Фото: Akorda.kz

10 қыркүйекте Астана қаласында Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұйымға қатысушы елдердің көшбасшыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

ҚР Президенті Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитіне қатысқаны үшін мүше мемлекеттердің басшыларына ризашылық білдірді. Өз кезегінде, қатысушы елдердің көшбасшылары Нұрсұлтан Назарбаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін және Саммит жұмысына қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтты.  

Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ғанимен кездесу

«Жоғары деңгейдегі кездесулеріміз тұрақты сипатқа ие болып отыр. Бұл екіжақты қарым-қатынастар қарқынды дамып келе жатқанын білдіреді. Қазақстан көп бейнет көрген бауырлас ауған халқына тұрақтылық тілейді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мүмкіндігіне қарай Ауғанстанға көмек көрсетіп келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, жастарға білім беру, гуманитарлық көмек көрсету салаларында Қазақстан қолдау жасауды жалғастыратынын жеткізді.

Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханимен кездесу

Қазақстан Президенті Х. Руханиді өткен сайлауда жеңіске жетіп, Иран Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.

«Бұл бізге бұған дейін басталған диалогымызды жалғастыруға зор мүмкіндік береді. Біздің арамызда сенім мен түсіністік бар. Бұл екіжақты қарым-қатынасты қарқынды дамыту үшін аса маңызды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Х. Рухани: «Көптеген халықтың ойында Астана бейбітшілік қаласы ретінде сақталған. Ол алдағы уақытта да сол кейіпте қала бермек. Астанадағы саммит Таяу Шығыстағы тұрақсыз өңірге бейбітшілікті орнықтыруға үлес қосады деп үміттенемін. Саммит өткеннен кейін Қазақстанның елордасын ғылым мен технологияның қаласы деп те атауға болады», – деп атап өтті.

Индонезия Республикасының вице-президенті Юсуф Калламен кездесу

Әңгімелесу барысында Елбасы елдер арасында нақты уағдаластықтардың барын ескере отырып, Қазақстан мен Индонезия арасындағы тығыз ынтымақтастық бағытындағы мақсатты жұмыстың маңыздылығын баса айтты.

«Бізде экономиканың түрлі саласында өзара іс-қимыл жасау үшін зор әлеует бар. Бүгінгі іс-шара келешекте жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға тың серпін беретін болады», — деді Ю. Калла.

Гвинея Республикасының Президенті Альфа Кондемен кездесу

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев: «Өкінішке қарай, біздің елдеріміз арасында тығыз экономикалық қарым-қатынас орнамаған. Біз осы бағытты дамыта түсуіміз қажет. Сіздің Қазақстанға ресми сапармен келуге ниетті екеніңізді білемін және оған қуаныштымыз», - деді.

Венесуэла Президенті Николас Мадуромен кездесу

Өз сөзінде Венесуэла Президенті бұл кездесу екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытуға негіз болатынына сенім білдірді.

Гвинея-Бисау Республикасының Президенті Жозе Мариу Вазбен кездесу

«Африкадағы ислам мемлекеттері Қазақстанға осындай іс-шаралар өткізу кезінде қолдау көрсетуге әзір. Оның негізгі мақсатының бірі – ислам әлемі елдері арасындағы өзекті мәселелер бойынша ортақ ұстаным қалыптастыру», – деді Жозе Мариу Ваз.

Сондай-ақ, Елбасы Ислам даму банкінің президенті Бандар бен Мұхаммад Хаджармен кездесу өткізді

«Ислам даму банкімен ынтымақтастығымыз жыл сайын нығая түсуде. Бүгінгі саммит «Экспо-2017» халықаралық көрмесінің өтуімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл көрменің тақырыбы – жаңа энергетика. Онда барлық елдердің осы саладағы жетістіктері көрсетілді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті көрме жұмысы аяқталған соң оның орнында Халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейтінін, оның қызметі ағылшын құқығына негізделетінін атап өтті.

«Біз көптеген дамыған елдердің осы саладағы қызметіне талдау жасап, бұл орталықтың жұмысын Дубайдағы қаржы орталығының үлгісі бойынша қалыптастыруды ұйғардық. Ислам даму банкі осы жұмыстарға тікелей атсалысады деп үміттенемін», – деді Қазақстан Президенті.

Ислам даму банкінің президенті бұл Саммит Нұрсұлтан Назарбаевтың ғылым мен жаңа технологияларды дамытуға бағытталған қызметінің айқын көрінісі екенін атап өтті.

«Бұл Сіздің болашақ ұрпақтың дамыған елдермен бәсекелесуге мүмкіндігін арттыруға қосқан үлесіңіз. Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің ғылым және технологиялар жөніндегі қорын құруға қолдау көрсеткеніңіз үшін зор алғысымды білдіремін», – деді Бандар бен Мұхаммад Хаджар.

Мемлекет басшысы жиынға қатысушылардың Қазақстан туралы айтқан жылы лебіздері үшін алғыс білдіріп, ғылым мен технологияларды дамыту жолындағы ынтымақтастықты нығайтудың өзекті екенін атап өтті.

Бірінші жұмыс сессиясының соңында Саммиттің қорытынды құжаты – Астана декларациясына қол қойылды.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысымен бірге ислам елдерінің аса көрнекті ғалымдарын ғылым мен технологияларды дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін арнаулы сыйлықпен марапаттады.