Азық-түліктің қымбаттауына негіз жоқ – ҚР ҰЭМ

12 қыркүйек 2017, 14:35
Фото: PrimeMinister.kz

Бүгін ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы аясында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Экспо-2017» аяқталуына байланысты азық-түлік бағасының күрт көтерілуіне қатысты сыбысқа түсініктеме жасады.

«Расымды айтсам, бұл мәселе ылғи көтеріледі. «Экспо» басталғанда көрмені өткізу кезінде азық-түлік қымбаттамай ма деген сұрақ қоятын. Өздеріңіз де түсінесіздер, үй маңындағы дүкендерде, көтерме және бөлшек саудадағы бағаларды ұстап тұру мүмкін емес. Біз де, әкімдіктер де мұнымен айналысқан жоқпыз. Бұл - нарық», — деді министр.

Тимур Сүлейменов журналистерге мұндай ақпаратқа назар аудармауға кеңес берді. Оның айтуынша, азық-түлік себетіне кіретін азық-түлік бағалары төмендетілді.  

«Сегіз айдың қорытындысы бойынша азық-түлік тізімінің басым бөлігі бойынша 0,9% дефляция байқалуда. Өздеріңіз де білесіздер, сегіз айда бізде инфляция қалыптасты — 7%. Азық-түліктік емес тауарлар мен қызмет көрсетулер есебінен өсім 0,1% болды. Бірқатар тауарларға баға қымбаттады, бірақ егер азық-түлік себетін алатын болсақ, баға төмендеді», — деп атап өтті Т. Сүлейменов.

Оның айтуынша, аталған динамика кемінде бір ай жалғасады. Сондай-ақ, Т. Сүлейменов нан бағасы сәйкес органдардың ерекше бақылауында екенін айтты.