ҚР Үкіметі 2017-2021 жылдарға арналған Көші-қон саясатының тұжырымдамасын қарады

19 қыркүйек 2017, 11:30
Фото: PrimeMinister.kz

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»  Жолдауы аясындағы тапсырмаларға сәйкес әзірленген 2017-2021 жылдарға арналған Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы қаралды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында ағымдағы жылы еңбек көші-қонына қатысты Қазақстанның көші-қон заңнамасына өзгерістер енгізілгенін баяндады.

2017-2021 жылдарға есептелген Көші-қон саясаты тұжырымдамасының негізгі стратегиялық мақсаттары еліміздің өңірлерінің демографиялық және экономикалық теңгерімділігін жақсарту; уақытша және ұзақ мерзімді көші-қонды пайдалану негізінде білікті мамандардың ашық нарығын қалыптастыру; көші-қонмен байланысты қауіп-қатерлер тұрғысынан елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып айқындалды.

«Барлық үш стратегия өзара тәуелді және көші-қон саясатының жүйелілігін қамтамасыз ете отырып, сыртқы, ішкі және этникалық көші-қонды реттеудің мазмұнды негізін құрайды», — деп атап өтті Т. Дүйсенова.

Көші-қон саясатын дамытудың алдағы стратегиясын анықтауда ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі пайдаланылды, онда көбіне ұзақ мерзімді немесе гибридтік көші-қон пайдаланылады. Бұл экономиканың инновациялық секторларына білікті мамандарды тартуға және іскерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Белгілі бір шығын жұмсалатынына қарамастан мұндай саясат нарықтық экономикаға қажетті «қауіпсіздік көпшігі» болады, деп баса айтты ведомство басшысы.   

«Ұсынылған түрлендірулер заңсыз көші-қон ағымдарын шектеуге, білікті мамандарды тарту тетігін одан әрі ырықтандыруға, еңбек мигранттарын ықпалдастыру үшін жағдай жасауға бағытталған», — деп түйіндеді Т. Дүйсенова.

Өз кезегінде ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов соңғы жылдары Қазақстанда жағымды инвестициялық ахуал қалыптасып келе жатқанын, 60-тан астам елдердің азаматтарына визасыз режим бекітілгенін, оларды елде тіркеу рәсімі жеңілдетілгенін, еңбек көші-қоны үшін әкімшілік кедергілер қысқарғанын, бірақ сәйкесінше қауіп-қатер, оның ішінде трансұлттық қылмыстықтың артып келе жатқанын баяндады.

Осыған байланысты Тұжырымдамада полиция жүзеге асыратын көші-қон бақылауын одан әрі жандандыру және жетілдіру қарастырылған. Атап айтқанда, Тұжырымдама жобасында елдегі құқықтық базаны және көші-қон бақылауы жүйесін дамыту, заңсыз көші-қонның ұйымдастырылған арналарын бұлтартпау, еңбек мигранттарын алдағы «көлеңкеден» шығару, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты жалғастыру және реадмиссия туралы келісім жасау қарастырылған.

Талқылауды қорытындылай келе, Бақытжан Сағынтаев айтылған ескертулерді ескере отырып, Тұжырымдаманы жетілдіруді және Үкіметтің бекітуіне енгізуді тапсырды.