Мемлекеттік органдар бәсекелес ортаға берілген функциялар сапасын бақылайды — А. Жұмағұлов

26 қыркүйек 2017, 13:00
Фото: PrimeMinister.kz

Бүгін ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясы аясында ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға берудің негізгі кезеңдері туралы айтып берді.

Айбатыр Жұмағұлов функцияларды беру бірнеше кезеңмен жүзеге асатынын атап өтті. Бірінші кезекте кеңінен талқылау өткізу жоспарланған. ҰЭМ және «Атамекен» ҰКП сайттарында толық және маңызды ақпарат, оның ішінде бәсекелес ортаға беруге ұсынылған мемлекеттік органдардың функцияларының тізімі, берілген функциялар тізілімі және мониторинг нәтижелері жарияланады. Бұл азаматтық қоғам мен БАҚ өкілдерінің кең ауқымын аталған мәселелерді талқылауға тартуға мүмкіндік береді.   

Содан кейін, жұртшылықтың қатысуымен нарықтың әзірлігіне талдау жүргізілмек. Бұл үдеріске «Атамекен» ҰКП мен Қазақстанның Азаматтық Альянсы қатысады. Одан кейін депутаттардың қатысуымен сараптама кеңесінің отырысы өтеді, ал соңғы кезеңде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының басшылығымен арнайы Комиссияда аталған мәселені талқылау жүргізіледі.   

Сондай-ақ, Айбатыр Жұмағұлов функцияларды бәсекелес ортаға беру олардың сапасына әсер етпеуі тиіс екенін атап өтті. Оған қоса, оның айтуынша, функцияларды берудің барлық кезеңдерінде ашықтық қамтамасыз етіледі.

«Мемлекеттік органдарға функциялардың сапасын бақылау жүктеледі», — деп сендірді вице-министр.

Ол мұнда басты фактор халықпен кері байланыс орнату екенін атап өтті. Жыл сайынғы жиналған шағымдар мен ұсыныстарды өңдеуден кейін мемлекеттік функцияларды беру нәтижесі арнайы Комиссияның қарауына ұсынылады. Егер ол белгілі бір уақыт аралығынан кейін мемлекеттік функцияларды беру өз-өзін ақтамағанын анықтаған жағдайда, бұл функцияларды мемлекеттің басқаруына кері қайтару тетігі бар.  

Сонымен қатар, спикер заң жобасы мемлекеттік органдардың функцияларын өздерінің ведомствоға қарасты ұйымдарына бәсекелес ортаға беруге қатысты емес екенін атап өтті.

Еске салсақ, бүгін Үкімет отырысы барысында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97-ші қадамын орындау үшін әзірленген «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.