Бизнестің қатысуынсыз аграрлық ғылымды дамыту мүмкін емес

28 қыркүйек 2017, 13:45
Фото: PrimeMinister.kz

Бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы барысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева отандық бизнесті Қазақстанның аграрлық ғылымын дамыту мен ілгерілету жұмыстарына тарту бойынша бірқатар шараларды даярлау туралы айтып берді.

Ол ғалымдар ойлап тапқан инновациялық технологиялар мен селекциялық жетістіктерді өндіріске енгізу қажеттігін, алайда, барлық ғылыми институттардың қажетті өндірістік инфрақұрылымы бола бермейтінін атап өтті. Бизнес дәл осы кезеңде белсенді түрде қосылуы керек.  

Жалпы алғанда, аграрлық ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру 2018–2020 жылдары 12,6 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру ғылымды дамытудың 21 басымдықты бағыты бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ, АШМ бизнестің аграрлық ғылымды ілгерілетуге қатысуын арттыруға ынталы.

«Бүгінде аграрлық ғылымды қаржыландыруға аграрлық бизнесті барынша тарту ұсынылып отыр. Ол, шын мәнісінде, ғылыми-зерттеу тақырыптамаларың және ғалымдарымыз айналысатын әзірлемелердің тапсырыс берушісі болуы керек», — деді Гүлмира Исаева.

Бұдан өзге, аталған бағыттағы көлемді жұмысты Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы атқарды. Орталықтың басқарма төрағасы Асқар Наметовтың айтуынша, бизнесті тарту бірнеше бағытта жүргізілуі керек.

Бірінші кезекте, бизнесмендерді ғылыми жобаларға тарту керек. Сондай-ақ, жобалар олардың базасында әрі олардың ұсыныстары бойынша іске асырылуы керек.

Екіншіден, бизнес мобильді және жаңа технологияларды қабылдауға әзір болуы тиіс. Асқар Наметовтың мәліметі бойынша, қазіргі таңда бизнесмендердің тек 8% — бұл ұйымдастырылған шаруашылықтар. Қалғанының барлығы — жаңа технологияларды қолдануға дайын емес, ұсақ ұйымдастырылмаған шаруашылықтар.

«Сондықтан да, бізге оларды кооперативтерге біріктіріп немесе оларға аталған технологияларды алуға көмек беру үшін мүлдем басқа тетіктер қажет», — деді Асқар Наметов.

Сонымен қатар «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ батыс елдерінің тәжірибесі бойынша бизнес құрылымдарына қызмет көрсетіп, оларға Қазақстанда жаңа технологияларды енгізуге жәрдем беретін сервистік компанияларды құруды қолға алғаны аталып өтті.

1/2
2/2