Заңнамалық түзетулердің жаңа пакеті Қазақстанда бизнес жүргізуді барынша ыңғайлы етеді

05 қазан 2017, 15:00

Дамыған бизнес секторының кез келген мемлекеттің экономика өсімінің негізгі қозғаушысы екені айғақ. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) бәсекеге аса қабілетті елдерінің тәжірибесі осыған дәлел.   

Қазақстан туралы айтар болсақ, соңғы он жылда еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны екі есеге жуық ұлғайған. Соның нәтижесінде ШОБ компанияларының шаруашылық жүргізуші субъектілердің жалпы санындағы үлесі айтарлықтай өскен әрі жоғары деңгейде сақталып отыр. 

Қазақстан Үкіметі ШОБ елімізде экономиканың негізгі қозғаушы күшінің бірі болуы үшін жүйелі негізде бизнес шығындарын төмендету мен әкімшілік кедергілерді азайту бойынша жұмыстар атқарып жатыр.  

Өткен жылдары бизнес жүргізу жағдайларын жақсартуға бағытталған бірқатар заң жобалары қабылданған болатын. Сондай-ақ, 3 қазанда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы таныстырылды. Ол Қазақстанда бизнес ортаны реттейтін заңнамаға енгізілетін түзетулердің бесіншісі болды. 

Заң жобасы келесі негізгі бағыттар бойынша әзірленді:

  • мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалау;
  • квазимемлекеттік сектор субъектілері мен монополистер беретін рұқсаттарды реформалау;
  • өзін-өзі реттеу институтын дамыту;
  • бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтап, оларды жою;
  • бизнес шығындарын жан-жақты төмендету;
  • бағалық және тарифтік келісімдерді анықтау әрі бұлтартпау тетіктерін жетілдіру;
  • бизнеске қолдау көрсету шараларын дамыту;
  • Қазақстанның «Doing Business» рейтингісіндегі орнын жақсарту.

Заң жобасы барлығы 13 кодекс пен 103 заңға 1 000-ға жуық түзетулер енгізеді.

Заң жобасының негізгі жаңашылдығының бірі — алдын ала бақылау жүйесін енгізу. Бұндай реформа тексеруші органдардың құқық бұзушылықтардың қазір қолданыстағы «анықтау және жазалау» саясатының орнына әкімшілік іс қозғамай, «алдын алу және ескерту» саясатына ауысып, ұстанымдары мен іс-қимылдарын түбегейлі өзгертуі тиіс.

Осыған орай заңнамалық негізде олардың қайталануына байланысты мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың бірқатар салаларын жою, мемлекет пен тұтынушының қауіпсіздігіне қауіп тудырмайтын әрі қайталанатын салаларды, кәсіпкерлік субъектілерін тексеру бойынша талаптарды қысқарту ұсынылуда. 

Шараларды іске асыру нәтижесінде 2018 жылға қарай жалпы тексерулер саны 30%-ға қысқартылып, шамамен 70 мыңды құрайды, ал 2020 жылға қарай тағы 10%-ға қысқартылады.

Бизнестің маңызды жүктемелерінің бірі — ақпараттық талаптардың тым көп болуы. Түгендеу нәтижесі бойынша бизнеске 1 600-ден астам ақпараттық талаптар анықталды, олардың көпшілігі бақылау функцияларымен немесе мемлекеттік статистикалық есептілік формаларымен қайталанады. Ақпараттық құралдарды реформалау мақсатында олардың санын 30%-ға төмендетіп, соңғы тізімді бекіту көзделіп отыр.

Сондай-ақ, Заңның жаңа жобасы аясында, бизнестің рұқсат жүйесін жеңілдету мен одан әрі оңтайландыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізеді. 2016 жылы рұқсат құжаттарын 50%-ға қысқарту бойынша реформа жүргізілді, соның нәтижесінде рұқсат құжаттарының саны 708-ден 316-ға дейін жеткізілді. Осы жұмысты жалғастыру үшін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылған.

2016 жылы енгізілген өзін-өзі реттеу институтын одан әрі дамыту мақсатында ынталандырудың қосымша шаралары бойынша түзетулер ұсынылады. Бүгінгі таңда букмекерлік қызмет, экологиялық аудит, салықтық консультация, өрт қауіпсіздігі салаларында еркін өзін-өзі реттеу жүйесі қолданысқа ие. Бағалау қызметі мен экологиялық аудит салаларында міндетті өзін-өзі реттеу жүйесін енгізу бүгінде пысықталған және түзетулер осы жылдың заң жобаларына қосылған. Аталған мәселе 6 әлеуетті салада қосымша пысықталып жатыр (бағалау, нотариалдық, адвокаттық, аудиторлық қызметтерде, экологиялық аудит және құрылыс жобаларын ведомстводан тыс кешендік сараптау қызметтерінде).

Бұдан өзге, заң жобасы бизнес шығындарын жан-жақты төмендетуге бағытталған түзетулер блогынан тұрады. Олардың ең көкейкестісі табиғи монополия субъектілерін инженерлік желілерге қосу бойынша техникалық шарттарды алуға, жекелеген салықтар мен алымдардың мөлшерлемесін төмендетуге, экологиялық заңнама талаптарын сақтауға байланысты. Бұдан өзге, шығындарды төмендету техникалық реттеу, құрылыс, мемлекеттік сатып алулар салаларын да қозғайды. Жалпы алғанда, бизнес шығындарын төмендетуге бағытталған жұмыс жүйелік негізде жалғастырылатыны аталып өтті.

Сонымен қатар заң жобасы қолайлы бәсекелі ортаны құру үшін заңнаманы тексеру кезінде анықталған, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды жоюға бағытталған бірқатар түзетулерді ұсынады.

Бұдан өзге, еліміздегі іскерлік ахуал мен Қазақстанның Дүниежүзілік банктің «Doing business» рейтингісіндегі орнын жақсарту бойынша жүйелік жұмыстарды жалғастыру аясында, Заң жобасы «Doing business» рейтингісінің он индикаторы арасынан жетеуі бойынша бірқатар реформаларды қарастырады. Олардың ішінде: «Кәсіпорындар ашу», «Келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз ету», «Құрылыс салуға рұқсат алу», «Миноритарлық инвесторларды қорғау», «Өтеу қабілетсіздігін шешу», «Несиелер алу», «Меншікті тіркеу» бар.

Жалпы, барлық жүргізіліп жатқан жұмыстар Қазақстанда бизнес жүргізуге аса қолайлы жағдайлар жасауға бағытталады, бұл нәтижесінде Мемлекет басшысының тапсырмаларында аталып өткендей, кәсіпкерлікке жаппай сипат береді.