Н. Назарбаев Парламент Мәжілісінің қарауына құқық қорғау қызметінің негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша заң жобасын енгізді

10 қазан 2017, 17:30

Мемлекет басшысы Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісінің қарауына «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын енгізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Заң жобасы Қылмыстық-процестік кодекске, «Жедел-iздестiру қызметi туралы» және «Прокуратура туралы» заңдарға түзетулер енгізуді көздейді. Олар тұтастай алғанда:

- азаматтардың қылмыстық процесте қорғалу деңгейiн арттыруға және оның жазалау сипатын төмендетуге;

- адвокаттардың процессуалдық мүмкіндіктерін кеңейту арқылы қылмыстық процестің жарыспалылығын арттыруға;

- қылмыстық істерді тергеу тәртібін жеңілдетуге және қылмыстық процестің үнемді болуын қамтамасыз етуге;

- сотқа дейiнгі сатыда сот бақылауын одан әрі күшейтуге;

- сотқа дейінгі тергеу органдары, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктерді нақты ажыратуға және олардың қайталануын болдырмауға бағытталған.