«Экспо-2017»-нің энергетика саласындағы жүзден астам инновациясын Қазақстанда енгізу жоспарланған

13 қазан 2017, 13:00
Фото: PrimeMinister.kz

Бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы барысында энергетика министрлігінің жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Айнұр Соспанова «Экспо-2017» көрмесінің Қазақстанда қолдану көзделген инновациялары туралы және оларды енгізу бойынша Жол карталары қашан әзір болатыны туралы айтып берді.

А. Соспанова энергетика министрлігі «Экспо-2017» аясында мұнай-газ секторы, электр энергетикасы, көмір өнеркәсібі, атом энергетикасы, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері бағыттары бойынша технологиялар мониторингін жүргізгенін мәлімдеді.  

«Барлығы 105 жоба таңдалып алынды, және бүгінгі таңда 170-ке жуық компания іріктеліп алынған технологияларды бағалауда. Әкімдіктер «ақылды қала» қағидаларын қолдануға мүмкіндік беретін технологияларға, қала инфрақұрылымын жақсартуға қажетті ақпараттық-коммуникациялық технологияларға, энергия тиімділігі, энергия үнемдеу және ресурс пайдалану саласындағы әзірлемелерге қызығушылық танытуда», — деді А. Соспанова.

Сондай-ақ, ол келісімге сәйкес отандық компаниялар мен әкімдіктер қазан айының соңына дейін өздері ынта танытқан технологияларды енгізу бойынша тиісті Жол карталары мен нақты тізімді ұсынуы тиіс екенін айтты.

Сұранысқа ең көп ие болған жоба ретінде электр энергетикасы жүйесін жақсартуға бағытталған немістің Smart Grid технологиясы аталып өтті.

«Қазақстанда бізде тармақталған электр энергетикасы желісі болғандықтан, бұл жоғарғы өзектілікке ие. Smart Grid процестерді зияткерлік басқаруға, энергия жоғалту көлемін төмендетіп, оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деді А. Соспанова.

Оның айтуынша, қазақстандық компаниялар арасында су қоймаларын тазалап, қоқысты қайта өңдейтін фин жүйесі де танымалдыққа ие.

«Технологияларды таңдау кезінде біз ЖОО-ларға енгізуге әрі ғылыми-техникалық жұмыстарда пайдалануға қажетті академиялық қасиеттерін қарастырмадық. Бізге кәсіпорындар мен қала шаруашылығында енгізуге болатын әзірлемелер қызығушылық тудырды», — деді Айнұр Соспанова. 

1/2
2/2