Экономиканы цифрландыру Қызылорда облысының салаларын дамытуға ықпал етеді — Қ. Көшербаев

18 қазан 2017, 16:00
Фото: PrimeMinister.kz

Бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы барысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңір экономикасын цифрландыру жұмыстары, сондай-ақ, жастарға сұранысқа ие әрі перспективалы мамандықтарды меңгеруге мүмкіндіктер жасау туралы айтып берді.  

Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысының экономиканы цифрландыру туралы тапсырмасына сәйкес облыс әкімдігінің Ахуал орталығында облыстың дамуын сипаттайтын, экономикалық көрсеткіштердің нәтижелерін болжау бойынша бағдарламалық-математикалық модельді енгізу жұмыстары бастау алғанын хабарлады. Сонымен қатар бүгінде «Ауыл шаруашылығы» блогы бойынша Microsoft машиналық оқыту технологияларын пайдалану арқылы күріш түсімін болжау бағыты, ал су шаруашылығы саласында — су тасқыны жағдайларын айқын модельдеу бағыты әзірленіп жатыр.

Биыл сәуір айында Қызылорда облысы Қазақстан өңірлері арасында алғашқы болып әрі әзірге жалғыз өзі Microsoft компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Шілдеден бастап облыста онлайн-оқыту арқылы заманауи инженерлік-компьютерлік технологияларды қолданатын жоғары білікті мамандарды даярлау қолға алынды.

Сондай-ақ, бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-сараптамалық жұмыстарды жүргізу үшін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің базасында «Microsoft академиясының» кеңсесін ашу туралы келісімге қол жеткізілді.

«Бұдан өзге, біз «Экспо» алаңын қолдану арқылы, Мәскеу құрыш және қорытпалар институтымен Қызылордада машина жасау, 3D-принтерлерді қолдану арқылы түйіндер мен тетіктер дайындау саласында жаңа материалдар мен технологияларды әзірлеу бойынша Мәскеудің ғылыми-өндірістік Инжинирингтік орталығына ұқсас орталық құру мәселесі бойынша келіссөздерді бастадық», — деді Қ. Көшербаев.

Инжинирингтік орталық базасында композиттік қорытпалар шығару бойынша тәжірибелік пирометаллургиялық желіні енгізу көзделген.  

Сонымен қатар облыс әкімі жастардың заманауи білім алуы үшін қосымша мүмкіндіктер жасау жұмыстары туралы айтты.

Қ. Көшербаев 2013 жылы аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан дарынды балалардың ЖОО-ларда білім алуы үшін облыс әкімінің гранттары жарияланғанын айтты. Мұнда, әсіресе, өңірдегі сұранысқа ие кәсіптер бойынша ауылды жерлердің балаларына басымдық берілді. Бүгінде 694 бозбала мен қыздар грант иегерлері атанған. Бұдан өзге, қазіргі таңда «Серпін» бағдарламасы аясында 4 мыңнан астам қызылордалық студент білім алып жатыр. Барлығы биыл облыс мектептерінің 6 мыңнан астам түлегінің 97% ЖОО-лар мен ОАОО-ларға оқуға түсті.

Бұдан өзге, Ресейдің жетекші ЖОО-ларының облыс басшылығының Қызылорда облысы мектептерінің түлектері арасынан гранттық негізде АТ-мамандарын, бағдарламашыларды, металлургтерді, технологтарды, химиктерді және облысқа қажетті өзге де инженерлік техникалық мамандарды дайындау идеясына қолдау білдіргені аталып өтті.

«Бүгінде Ресейдің жетекші техникалық ЖОО-ларында грант бойынша біздің 452 түлегіміз білім алуда. Келер жылы бірінші түлектерді күтеміз», — деді Қ. Көшербаев. 

1/2
2/2