Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Kazakh Invest Италияның Верона қаласындағы X Еуразиялық экономикалық форумының жұмысына қатысуда

19 қазан 2017, 17:00

Бүгін Италияның Верона қаласында «Kazakh Invest» ҰК қатысуымен «Үлкен Еуразия заманауи халықаралық геосаяси және экономикалық контекстідегі қозғаушы күш ретінде» тақырыбындағы X Еуразиялық экономикалық форумы өз жұмысын бастады.

Биыл Қазақстанның өкілдері Форум жұмысына алғаш рет қатысып отыр. «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасының міндетін атқарушы Біржан Қанешев Қазақстан экономикасына инвестиция салудың перспективалары, сондай-ақ ұлттық компанияның шетелдік инвестицияларды тарту және инвесторларды қолдау бойынша жұмысы туралы айтып берді.  

«Қазақстан Еуразияның ірі нарықтарын байланыстыратын буын. Қазақстанның ЕАЭО-ға мүшелігі инвесторларға көлемі 180 млн астам тұтынушы болатын нарыққа шығуға қосымша мүмкіндіктер береді», — деді Біржан Қанешев.

Б. Қанешев ҚР-ның он Арнайы экономикалық аймағының (АЭА) мүмкіндіктерін ерекше атап өтті, олар елімізге халықаралық инвестициялар тартудың орталығына айналды. АЭА-лар инвесторларға орталық және өңірлік қолдау көрсету, арнайы салық және кедендік режимдер, дайын инфрақұрылым және шетелдік қызметкерлерді жұмысқа алудың жеңілдетілген ережелері сияқты бірегей артықшылықтар ұсынады.  

Айта кеткен жөн, ағымдағы жылы X Еуразиялық экономикалық форумына қатысу үшін Грекия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Латын Америкасы, Ресей, Қазақстан және басқа да елдерден делегаттар келді. Бұл алаң саяси және қоғам қайраткерлерін, дипломаттарды, сарапшыларды, «Газпром», «Новатек», DEPA, SACE, Pirelli, TechnipFMC және басқа да ірі компаниялардың басшыларын жинады. Барлығы мыңнан астам қатысушының басын қосты.

Форумның ашылуына Париждегі Телерадиокомпания бюросының (RAI) жетекшісі Алессандро Кассиери, Веронаның мэрі Федерико Сбоарина, Италия Министрлер кеңесі төрағасының жанындағы мемлекеттік хатшы Мария Элена Боски, «Газпромбанк» басқарма төрағасы Андрей Акимов, сондай-ақ «Банк Интеза» директорлар кеңесінің төрағасы Антонио Фаллико қатысты.

Іс-шараның бірінші күнінің аясында «Еуразиялық ынтымақтастықтың жаңа перспективалары» арнайы сессиясында сондай-ақ Халықаралық ынтымақтастық қорының президенті, Италияның экс-премьер-министрі Романо Проди, «Роснефти» директорлар кеңесінің төрағасы, Германияның экс-канцлері Герхард Шрёдер, «Роснефть» компаниясының бас атқарушы директоры Игорь Сечин, ENI президенті Эмма Марчегалия, CEFC China Energy атқарушы директоры Юнг Ли, Glencore International бас атқарушы директоры Айван Глазенберг, Trafigura бас атқарушы директоры Джереми Вейр, Saipem бас атқарушы директоры Стефано Као, Жапонияның экономика, сауда және өнеркәсіп министрінің орынбасары Хирофуми Катасэ, сондай-ақ Венесуэланың мұнай және тау-кен өнеркәсібі істері жөніндегі министрі Эулохио Дель Пино қатысты.

Форумда қозғалатын негізгі тақырыптар: ЕО мен ЕАЭО арасындағы қарым-қатынасты дамыту, Еуразиядағы энергетика саласының перспективалары, халықаралық геосаяси контекстідегі қаржы ағымдары, көлік пен инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ өңіраралық экономикалық ынтымақтастық. Бұдан өзге, Форум аясында инновациялар мен Еуразияның экономикалық дамуына цифрлық технологиялар әлеуетін ашуға арналған панельдік сессиялар ұйымдастырылды.

Анықтама:

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ Қазақстанға инвестициялар тарту жөніндегі ұлттық агенттік. Ол «бір терезе» қағидасы бойынша идеялардан бастап жүзеге асырылғанға дейін  инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша қызмет көрсетулердің толық спектрін қамтамасыз етеді және ҚР АЭА бойынша бірыңғай үйлестіру орталығы ретінде әрекет етеді. Ұлттық компания инвестжобалардың перспективалары мен іске асыру шарттарын талқылау кезінде ҚР Үкіметінің мүддесін қорғайтын бірыңғай келіссөз жүргізушінің рөлін атқарады.

Еуразиялық экономикалық форум Веронада 2008 жылдан бастап жыл сайын коммерциялық емес негізде өткізіледі. Форум Еуразия  кеңістігіндегі көшбасшылар арасындағы диалогқа арналған маңызды алаң және Еуроодақтағы экономикалық проблематиканы талқылауға арналған жалғыз ауқымды алаң болып табылады. Ол Еуразияның түкпір-түкпірінен келген іскерлік топтар мен бизнесмендерге  бағытталған, және олардың танысуына жағдай жасауды, перспективалы жобаларды талқылауды және байланыстар орнатуды көздейді.