Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

АӨК бағдарламасын іске асыру 745 ауыл шаруашылығы кооперативін құруға және 12 мың жұмыс орнын ашуға жол ашты

23 қазан 2017, 10:30

ҚР Үкіметінің отырысында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы баяндады. 

Спикердің айтуынша, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2017 жылғы қаңтар–қыркүйек айларында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға ұлғайтылып, 2,9 трлн теңгені құрағанын атап өтті. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі аталған кезеңде 5,3%-ға өсіп, 1,1 трлн теңгені құрады. 

Жыл басынан бері 1 қазандағы жағдай бойынша 745 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған (жылдық жоспарда – 326). 102 587 ірі қара малға арналған 6 159 отбасылық бордақылау алаңы ашылды. Қабылданған шаралар 7,6 мың жеке кәсіпкерлерді тартып, 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы кооперациясына шамамен 56 мың жеке қосалқы және ұсақ шаруашылықтарды тартуға мүмкіндік берді. 

Мал шаруашылығы өнімдерін шығару көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,3%-ға ұлғайтылды. Биыл жүргізілген егісті әртараптандыру жұмыстары майлы және бұршақты дақылдар өндірісінің көлемін 376 мың тоннаға немесе өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 18%-ға ұлғайтуға жол ашты.    

18 қазандағы жағдай бойынша, 15,2 млн га немесе 99,7% дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқаптары жиналды. 14,3 ц/га егін өнімділігі кезінде 21,8 млн тонна астық бастырылды, сонымен қатар 1,7 млн га немесе 68% майлы дақылдар алаңы жиналды. 

3,3 млн тонна картоп жиналды, бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 709 мың тоннаға жоғары. 3,2 млн тонна көкөніс (654 мың тоннаға жоғары), сондай-ақ, 2,2 млн тонна бақша дақылдары (126 мың тоннаға жоғары) жиналды.

Вице-министрдің айтуынша, 2017 жылдың тоғыз айында ет өңдеу үлесі 33%, сүт өңдеу – 24%-ды құраған. Өңдеудің басымдықты тоғыз түрін дамыту үшін есептер жүргізіліп, әрбір облыс пен аудан бойынша агроөңдеуді дамытудың картасы әзірленді. 

«Карталарды іске асыру агроөнеркәсіптік кешенді дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығаруға, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығын нығайтуға және саланың экспорттық бағдарын күшейтуге мүмкіндік береді», — деп сөзін қорытындылады Қ. Айтуғанов.