Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Желтоқсанда жалпы сомасы 399 млрд теңгеге 18 жаңа индустриалды жобаны іске қосу жоспарда бар — Ж. Қасымбек

31 қазан 2017, 10:30

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасын 2017 жылдың тоғыз айында іске асыру барысы қаралды.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек осы жылдың тоғыз айында өнеркәсіптік өндірістің көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,7%-ға өсіп, 6,5 трлн теңгені құрағанын мәлімдеді. Сондай-ақ, фармацевтикада, жеңіл өнеркәсіпте, металлургияда, машина жасауда, мұнай өңдеуде, азық-түлік өнімдерінің өндірісінде және химиялық өнеркәсіпте өсу байқалады.

Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсатты индикаторлары бойынша оң қарқын байқалады. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің экспорты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23,1%-ға өсіп, $9,9 млрд құрады.

Агрохимия, мұнай өңдеу және қара металлургия секторларында елеулі өсім байқалады. Бүгінде қазақстандық өңдеу өнеркәсібі өнімдері 115 елге экспортталады. Кейбір тауар түрлері бойынша өткізудің жаңа нарықтары ашылды.

Алғаш рет «Азия Авто» жеңіл көліктері ҚХР-ға, «Сарыарқа автоөнеркәсіп» — Тәжікстанға экспортталды. Ауыл шаруашылығы машина жасау өнімдері — «ДонМар» компаниясы шығаратын өнімдер Ресей нарығына бірнеше жыл қатарынан экспортталуда.

Жыл сайын 380-нен астам экспортшылар қаржылық әрі сервистік қолдауға ие болады.

Биыл ҚР ҰЭМ шикізаттық емес экспортқа қолдау көрсету жүйесін құру мақсатында Ұлттық экспорттық стратегияны әзірлеп, қабылдады.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, 2018–2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия әзірленіп, бекітілді. Кazakh Invest инвестициялар бойынша мамандандырылған ұлттық компаниясы шетелдік өкілдер мен өңірлік бөлімшелер желісімен қызмет көрсетеді.

Өңдеу секторына жеті жылдың ішінде $26 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Инвестициялар құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2016 жылдың қорытындысы бойынша 19,5%-ға өсті. Өсім қарқыны биыл да сақталып отыр, өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар көлемі 3,5%-ға өсіп, 599 млрд теңгені құрады.

2017 жылғы І тоқсан нәтижелері бойынша кәсіпорындардағы еңбек өнімділігі 16,1%-ға өсті. Негізінен өсу басымдықты секторларда орын алды: мұнай-газ химиясы, қара металлургия, мұнай өңдеу саласы.

«Шағын, орта және ірі кәсіпорындар бойынша нақты мәлімет осы жылдың қорытындысы бойынша қалыптастырылады. Бүгінгі өсу беталысын ескергенде, жыл қорытындысы бойынша көрсеткіштер өткен жылдың деңгейінен төмен болмайтынын болжауға болады», — деді министр.

Жалпы, өңірлерде барлық көрсеткіштер бойынша оң қарқын байқалады.

Ж. Қасымбектің айтуынша, бағдарламаны іске асыру экономика мен өнеркәсіп құрылымының өзгеруіне әсер етті. Мәселен, өңдеу секторының экономика дамуына (ЖІӨ) қосқан үлесі 2015 жылы 10,1%-дан 2017 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 11,9%-ға дейін, өнеркәсіпте – 2010 жылы 31,8%-дан 2017 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 40,7%-ға дейін, экспортта 2010 жылы 27,9%-дан 2017 жылдың 8 айында 32,7%-ға дейін өсті.

Сондай-ақ, министр бағдарлама аясында жыл сайын жаңа өндірістер іске қосылып жатқанын атап өтті.

«Барлығы жеті жыл және 2017 жылдың 9 айы аралығында Индустрияландыру картасы аясында жалпы 5,5 трлн теңге сомасында 1 080 жоба енгізілді, 101 мың тұрақты жұмыс орны ашылды», — деді Ж. Қасымбек.

2017 жылдың тоғыз айында 800 млрд теңге сомасына 4,5 мың тұрақты жұмыс орнын құрумен 52 жоба енгізілді. 2017 жылдың соңына дейін өңірлерде шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құрумен 700 млрд-тан астам теңге сомасына 80-нен астам жобаны аяқтау жоспарда бар.

Сонымен қатар министрдің айтуынша, бүгінгі таңда 72 проблемалық жоба жұмысы ерекше бақылауға алынған. Әрбір жоба бойынша Жол картасы әзірленген.

«Кәсіпорындарға инвесторлар іздестіру, жер пайдалануға келісімге отыру, ЕДБ арқылы несиелендіру, өңір кәсіпорындарына өнімдерді өткізуге жәрдемдесу секілді мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылды», — деді Ж. Қасымбек.

Қазіргі таңда елімізде 11 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) және 22 индустриялық аймақ (ИА) жұмыс істейді.

Жалпы алғанда, АЭА құрылған сәттен бастап 682 млрд теңгеден астам сомаға 157 жоба іске қосылды, 11,6 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.

Биыл тағы 100 млрд теңгеге үш мың жаңа жұмыс орнын құрумен 24 жобаны іске асыру жоспарлануда, және тағы 20 жобаның құрылысы басталады.

ИА алаңдарында 100 млрд теңге сомасына 115 жоба іске қосылды, шамамен сегіз мың жұмыс орны құрылды.

Сондай-ақ, жер телімін бөлу рәсімдерін жеңілдетуге, преференциялар ұсынуға, әкімшілік кедергілерді төмендетуге қатысты арнайы экономикалық және индустрияландыру аймақтары туралы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қорытындылай келе, Ж. Қасымбек 6 желтоқсанда Индустрияландыру күнінде осы жылдағы индустрияландыру жұмыстарының қорытындысы шығарылатынын хабарлады.

«Біз Телекөпір аясында жалпы сомасы 399 млрд теңгеге 18 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұдан өзге, 26 жоба бойынша телевизиялық ролитерді көрсету жоспарымызда бар», — деді Ж. Қасымбек.

Отырыс барысында, сондай-ақ, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Алматы әкімі Бауыржан Байбек, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, ШҚО әкімі Даниал Ахметов сөз сөйледі.

Бақытжан Сағынтаев талқылау қорытындысы бойынша осы жылдың тоғыз айында индустрияландыру мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өтті. Премьер-Министр жыл соңына дейін өңірлер негізгі капитаға салынатын инвестициялар бойынша артта қалушылықты жойып, өзге көрсеткіштер бойынша жоғарғы нәтижеге шығатынына сенім білдірді.  

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге аталған барлық мәселелерді бақылауға алу тапсырылды.