Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Қазақстанда логистикалық саланы цифрландыру аясында интеллектуалды көлік жүйесі құрылады

31 қазан 2017, 10:50

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкімет отырысы барысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек тау-кен өндіру өнеркәсібін цифрландыру және көлік пен логистикадағы цифрлық технологиялар бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы баяндады.

Министр айтып өткендей, қазіргі уақытта ҚР көптеген кәсіпорындарының Индустрия 4.0-ге толық көшуге технологиялық және ұйымдастырушылық базасы жеткілікті болмай отыр.

Талдауға сәйкес Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге кедергі болып отырған тежеуіш факторларға бизнесті цифрландыру арқылы түсетін экономикалық пайданы толық түсінбеу, отандық зерттеулердің және автоматтандыру мен цифрландырудың әлсіз дамуы, білікті кадрлардың және қаржы мен инфрақұрылымның жетіспеуі жатады.

Осы кедергілерді жою үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, жүйелік тиісті шаралар келесі бағыттар бойынша әзірленді: нормативтік реттеуді жетілдіру, цифрлық инфрақұрылымды, Индустрия 4.0 технологиялары бойынша жеке технологиялар мен оның құзіреттерін, адами капиталды дамыту, ынталандырудың қаржылық және басқа да шаралары.

Ж. Қасымбек Қазақстанда моделді цифрлық фабрикалар, Индустрия 4.0 құзыретінің Ұлттық орталығын, қазіргі инфрақұрылым негізінде өнеркәсіптік автоматтандыру және цифрландыру институтын құру ниеті туралы айтып берді.

Бұдан бөлек, кәсіпорындарды кадрлармен, қаржы ресурстарымен және қажетті инфрақұрылымдармен қамтуға бағытталған шаралар іске асырылатын болады.

Министрдің айтуынша, жүйелі шараларды әзірлеумен қатар ірі компаниялармен цифрландыру саласындағы нақты бастамаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі таңда жүйе құраушы компаниялар (Қазмырыш, ERG, АрселорМиттал, Қазақмыс) жоспарлар жасады және облыстардың әкімдерімен сәйкес жол карталарына қол қойды.

Бүгінде жүйе құраушы компаниялардың қазіргі өндірістерінде 14 жоба іске асырылуда, ол жалпы құны 140 млрд теңге болатын Индустрия 4.0 элементтерінен тұрады.

«Жалпы, тек 14 жоба бойынша 2018 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі жалпы экономикалық әсер шамамен 280 млрд теңгені құрайды деп күтілуде», — деді баяндамашы.

Көлік және логистика салаларын цифрландыру аясында интеллектуалды көлік жүйесі (ИКЖ) құрылады. Жүйенің компоненттерінің бірі — негізгі автомобиль көлік дәліздерінде орнатылатын арнайы автоматтандырылған өлшем құралдары (ААӨҚ),  олар қозғалыстағы көлік құралдарын байланыссыз өлшеуді, қарқындылық мониторингі мен есептеуді қамтамасыз етеді, негізсіз тоқтатуды жояды. Ағымдағы жылы 10 ААӨҚ, ал 2020 жылға қарай – 46 жуық ААӨҚ іске қосу жоспарланған.

Бұдан өзге, автожолдарды пайдалану қаражатын жинауды автоматтандыру үшін Техникалық шешімдер кешені жасалуда.

Мәлім болғандай, аталған жүйе 2013 жылдан бастап Астана — Щучинск учаскесінде табысты жұмыс істеп келеді және жыл сайынғы 1,2 млрд теңге алымдар аталған трассаны қамтамасыз етуге шығындарды өтейді. Биыл Астана — Теміртау, Алматы — Қапшағай және Алматы — Қорғас учаскелерінде төлем жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 5,5 мың км 13 учаскеде төлем алу жүйесін жобалау бойынша жұмыстар аяқталып қалды. Жалпы 2020 жылға дейін жолдардың 17 учаскесінде ақылылық енгізу жоспарланған.

Сонымен қатар, ИКЖ аясында 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейін жол қозғалысын басқару, климаттық жағдайларды талдау және болжау, бейнемониторинг және ЖҚЕ бұзуды анықтау жүйесі кезең кезеңмен енгізіледі.

Автомобиль жолдары құрылысы саласындағы тағы бір әзірлеме — бұл жол активтерін басқару жүйесі. Аталған жүйені енгізу жолдардың жағдайы туралы толық мәліметтер негізінде жолдарды қамтамасыз ету және жөндеу бойынша жұмыстарды атқаруға бөлінетін шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді.  Биыл 1 қазаннан бастап жүйе модульдерін тәжірибелі пайдалануға беруге кезең кезеңмен енгізу және министрліктің ақпараттық жүйелерімен ықпалдастыру жүргізілуде.

Авиация саласында «E-freight» жүк әуе тасымалдары саласындағы қағазсыз құжат айналымының ақпараттық жүйелерін енгізу, сондай-ақ әуе жолаушылары туралы мәліметтерді жинау және өңдеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, бұл қағаз түріндегі 20 құжатты электронды түрде ұсынуға алмастыруға мүмкіндік береді. 

Теміржол көлігі саласындағы цифрландыру аясында «Пойыздар қозғалысының болжамды кестесін автоматтандыру» жобасы жүзеге асырылады, оның мәні жоспарлау нақтылығы мен тереңдігін 45 тәуліктен 3 сағатқа дейін арттырумен пойыздар қозғалысының кестесін орындау болып табылады.

Сондай-ақ, 2018 жылдан бастап 2020 жылға дейін тағы екі жоба – «Жолды цифрлық диагностикалау» және «Мультимодальді тасымалдауларды басқару»-ды іске асыру жоспарланған. 

Жалпы, аталған жүйелерді іске асырудан күтілетін әлеуметтік-экономикалық әсер 2025 жылға қарай шамамен 496 млрд теңгені құрайды.

Аталған жүйелерді енгізу республикалық автомобиль жолдары желісін қамтамасыз етуге шығындарды өтеуге, негізгі автомобиль көлік дәліздерін өлшем құралдарымен қамтуға, жүк тасымалдау кезінде қағаз түріндегі құжаттарды электрондыға алмастыруға және 18 мың км автожолдарға диагностика жүргізуге мүмкіндік береді.

Осы мәселе бойынша ERG бақылау кеңесінің төрағасы Алдияр Қазтаев, «Қазмырыш» ЖШС бас директоры Александр Хмелев сөз сөйледі.

Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев қысқа уақыттың ішінде көлік саласын цифрландырудағы нәтижелерді көруге болатынын атап өтті.

«Біз іс-шаралар жоспарын әзірледік, ол «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына инкорпорацияланады. Осыған қатысты белсенді жұмыс жүргіземіз, және тиімділіктің сәйкес элементтерін көрсетеміз. Барлық трендтер мен шаралар «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында ескеріледі, оны ертең ҚР Үкіметінде ақпарат және коммуникациялар министрлігіне енгізу көзделген», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев екі аспектіге баса назар аударды. Біріншіден, отандық компанияларға кадрларды базалық даярлаумен айналысу қажет. Екіншіден, өңірлерде цифрландыруды енгізу барысында жұмыскерлерді жұмыстан босату мәселелерін бақылау, қажет болған жағдайда оларды басқа салаларға тарту бойынша Жол карталарын әзірлеу.

Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевке бұл мәселелерді күнделікті бақылауда ұстау тапсырылды.