Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Үкіметте Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы бекітілді

31 қазан 2017, 11:05

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы бекітілді. Құжат жобасын инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек таныстырды.

Министрдің айтуынша, елорданың қарқынды дамуы, демографиялық сыйымдылық, өңір халқы тығыздығының өсуі, көші-қон ағымы астананың агломерациялық дамуының алғышартын құрайды. Астана агломерациясының аумағына Астана қаласы — агломерация өзегі, 3 аудан (Аршалы, Целиноград, Шортанды) және Ақмола облысы Ақкөл ауданының 4 округі кіреді. Агломерацияға барлығы 124 елді мекен жатады. Агломерация халқының саны 2030 жылға қарай 1,6 млн адамға дейін жетеді.

Құжатты әзірлеушілер контрмагнит қалалар мен индустриялық аймақтарды құру Астананы халық саны жағынан біраз «жеңілдетіп», сыртқы көші-қон ағындарын өзіне «тартуға» мүмкіндік береді деп есептейді.

Өндіріс пен қажетті өндірістік инфрақұрылымның контрмагнит және серіктес елді мекендерде шоғырлануы озық қарқынмен өсіп келе жатқан аумақтарды қалыптастыруға мүмкіндік береді, олар «Аршалы», «Төңкеріс» және «Жайнақ» индустриялық аймақтары болмақ, бұл өнеркәсіп өнімі өндірісінің 144%-ға өсуін қамтамасыз етеді.

Әлеуетті контрмагниттер ретінде Ақкөл қаласы мен Ақмол ауылы анықталды. Олар өзек-қаладан қашық орналасқан және көші-қон ағымдарын өзіне тартатын жеткілікті ресурстары бар. Халықтың еркін қозғалысы, өзектің келешегі бар өсім орындарымен байланысы негізгі магистраль жолдардың көмегімен қамтамасыз етілуі тиіс.

2030 жылға қарай агломерация аумағында үш индустриялық аймақ құру арқылы Астана қаласынан ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды шығару ұсынылып отыр, сондай-ақ жаңадан құрылатын өнеркәсіптік кәсіпорындарды индустриялық аймақтарға орналастыру көзделген.

Саланы әртараптандыру және қарқындату есебінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 170 %-ға ұлғаяды. Астана қаласының азық-түлікке (ұнға, қарақұмыққа, сүтке, бұршақ дақылдарына, құс етіне және т.б.) деген қажеттілігі агломерация аумағы есебінен толық қамтамасыз етілмек.

Агломерация өзегінің бетон, темір бетон бұйымдары, кірпіш, қиыршық тас, металл конструкциялары, ағаш бұйымдары сияқты құрылыс материалдарына деген қажеттілігін агломерация аумағында орналасқан кәсіпорындар толықтай қамтамасыз ететін болады.

«Астана — Бурабай» жасыл дәлізін құру және оны табиғи орман алқаптарымен біріктіріп, бірыңғай экожүйені қамтамасыз ету көзделген.

«Сарыарқа» газ құбырының құрылысы есебінен елді мекендерді одан әрі газдандыру Астана қаласы мен 30-ға жуық елді мекенді газдандыруға, сондай-ақ, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұдан өзге, агломерацияның экологиялық жағдайын жақсарту үшін І-ІІ санаттағы ластаушы кәсіпорындарды Астанадан көшіру ұсынылады.

«Өңіраралық схеманың жобалау ұсыныстарын іске асыру агломерация аумағында оңтайлы қоныстандыруға және экономикалық тығыздық пен өңірдің тұтыну тығыздығын арттыруға ықпал етпек», — деп сөзін түйіндеді Ж. Қасымбек.

Елорда агломерациясын одан әрі дамыту бойынша пікірімен Астана әкімі Әсет Исекешев те бөлісті.

Талқылау қорытындысын шығара отырып, Бақытжан Сағынтаев барлық жауапты мемлекеттік органдарға және әкімдіктерге аталған өңіраралық схеманың тиімді жұмысын жүргізуді тапсырды.

Үкімет Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын бірауыздан бекітті.