Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Қазақстан мен Жапония инвестициялар саласында қарым-қатынасты дамытуға ниетті

31 қазан 2017, 17:30

Бүгін Токио қаласында «Қазақстан өңірлері: жапон инвестицияларына перспективалар» атты Қазақстан – Жапония бизнес-форумы жұмысын бастады. Форум ҚР ИДМ және Жапониядағы ҚР елшілігінің қолдауымен өтіп жатыр.

Қазақстандық делегацияға ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров басшылық етті. Сонымен қатар, форумға ҚР Үкіметінің, ИДМ, «Kazakh Invest» ҰК, облыстық әкімдіктер өкілдері, сондай-ақ қазақстандық кәсіпкерлер қатысты.

Форум қатысушылары Қазақстан – Жапония бизнес қарым-қатынасы саласындағы жетістіктердің нақты мысалдарын, Қазақстан өңірлеріндегі инвестициялық мүмкіндіктерді, Қазақстанның инвестициялық саясат мәселелерін және Жапониямен экономикалық қатынастарды дамыту перспективаларын талқылауда. 

ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров өз сөзінде Жапония Қазақстанның Шығыс Азиядағы басты стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Екі ел арасындағы қатынастар стратегиялық, достық және сенімге негізделген сипатқа ие.

«Бізде сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия және іскерлік кеңес жұмыс істейді. 2015 жылдан бастап инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім әрекет етеді. Бұдан өзге, жапон азаматтары үшін Қазақстанда визасыз режим енгізілген. ҚР мен Токио, Осака қалаларының арасында тікелей әуе қатынасын ашу бойынша нормативтік-құқықтық база құрылды. Осы шаралар іскерлік байланыстардың белсендірілуіне және екі ел арасындағы сауда-экономикалық және әлеуметтік байланыстардың дамуына ықпал етуге мүмкіндік береді. Жапония Қазақстанның ірі инвесторларының бірі. Соңғы 10 жылда Жапониядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың түсімі $5,5 млрд құрады», — деп мәлімдеді Ерлан Хаиров.

Вице-министрдің айтуынша, соңғы 10 жылда инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған мақсатты жұмыстардың арқасында, Қазақстанға тікелей шетел инвестицияларының түсімі шамамен $250 млрд құрады.

Сонымен бірге, вице-министр биыл «бір терезе» қағидасы бойынша идеялардан бастап жүзеге асырылғанға дейін инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша қызметтердің толық спектрін қамтамасыз ететін және бірыңғай үйлестіру орталығы ретінде әрекет ететін, Қазақстанға инвестицияларды тартумен айналысатын Kazakh Invest ұлттық компаниясы құрылғанын еске салды.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жандос Нұрланов «Шетелдік инвесторларды тартудың жаңа тәсілі» тақырыбында презентациясын қорғай отырып:

«Жапония технология жағынан неғұрлым дамыған мемлекет. Қазақстан жапон компанияларымен ынтымақтастықты нығайтып, экономикаға жаңа технологиялар мен инвестицияларды тартуға ниетті. Бүгінгі бизнес-форум жапон компанияларының Қазақстан өңірлерімен тікелей инвестициялық өзара әрекеттесуіне жаңа серпін береді деген сенімдеміз», — деді. 

Форум алаңында Жапония жақтан саяси және қоғам қайраткерлері, дипломаттар, сарапшылар, Marubeni Corp, METI, NEC, JOGMEC, Tokyo Rope, NYK Group, JETRO және т. б. сияқты 150 астам ірі жапондық компаниялардың басшылары жиналды. Форумға қатысып жатқан жапон компаниялары экономиканың келесі салаларын ұсынады: автомобиль жасау, авиация, ғарышкерлік, электроника, химия өнеркәсібі, қаржы, жылжымайтын мүлік, экспедициялау және жүк тасымалдары, тағам өнеркәсібі, денсаулық сақтау және т.б.

Бұдан өзге, Форум барысында қазақстандық тарап өкілдері көлікке арналған көпқабатты тұрақ орындарын салуға мамандандырылған NH Parking компаниясы, SMBC ірі банкі, Sojitz, Panasonic, Fujifilm сауда корпорациялары сияқты компаниялармен және ұйымдармен, сондай-ақ, өзге де бизнес құрылымдардың өкілдерімен бірқатар В2В кездесулерін өткізіп жатыр. 

Қазақстандық делегация сапарының бағдарламасында, сондай-ақ, Haneda Pipe Works Co. болат құбырларын өндіру зауытын, «Mitsubishi Materials» корпорациясын, NEC әлемдегі ірі телекоммуникациялық корпорациясын және Sumitomo, Itochu, Mitsui сияқты белгілі компанияларды аралау шаралары бар.

Сонымен қатар сапар барысында тау-металлургия кешенін дамыту саласында елдердің ынтымақтастығына ерекше назар аударылды. Осы тақырыпқа бөлек шағын форум өткізу, сондай-ақ, JOGMEC мұнай, газ және металдар бойынша жапон ұлттық корпорациясында семинар өткізу көзделген. 

Форум қорытындысы бойынша облыс әкімдіктерінің Tokio Rope және т.б. компаниялармен өзара түсіністік туралы меморандум секілді екі елдің ынтымақтастығы жөнінде бірқатар құжаттарға қол қою жоспарланған.

Анықтама: 2005 жылдан бастап 2016 жылдың басына дейін Жапониядан Қазақстанға салынған тікелей инвестициялардың жалпы түсімі  $5,1 млрд құрады. 2016 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанда жапондық үлестің қатысумен 53 өкілдік әрекет етеді. 2015 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы $1,4 млрд құрады.