Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

2017 жылы 19 миллионнан астам әлеуметтік қызмет көрсетілді — С. Жақыпова

27 қараша 2017, 14:07
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру барысы туралы айтып берді.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлығы бір-бірімен біріктірілген 10 ақпараттық жүйе бар, және олар әлеуметтік-еңбек саласының Бірыңғай ақпараттық жүйесін құрайды. Бүгінде шамамен 14,5 млн жазба мен қазақстандықтардың жеке деректері осы жүйеге негізделген.  

Адамды дүниеге келгеннен бастап өмір бойы сүйемелдейтін ақпараттық жүйелердің ішінде төлемдерді өңдеуді ұйымдастыру жүйесіне ерекше мән беруге болады. Мұнда мемлекеттік корпорация арқылы төлемдер өңделеді. Бұл міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, республикалық бюджет төлемдері.

Сондай-ақ, әкімдіктер деңгейінде өңірлерде ұсынылатын қызметтердің бизнес процестері автоматтандырылған. Олар: атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету.

«Шамамен бір жарым ай бұрын біз еңбектің электронды биржасын іске қостық. Ол бір цифрлық алаңда іздеушілер мен жұмыс берушілерді біріктірді. Осы уақыт аралығында 15 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды», — деді вице-министр.

С. Жақыпованың айтуынша, бірыңғай еңбек биржасын енгізу 2025 жылға қарай іздеушілерді еңбекпен қамту пайызын қазіргі жұмыс іздеушілердің (2,2 млн адам) жалпы санының 10%-нан 20%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы, жұмыспен қамту желісі бойынша өткен 10 айда 19 млн-нан астам қызмет көрсетілген, олардың 3,2 млн-ы eGov порталы арқылы іске асырылған.