Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бақытжан Сағынтаев Түрік және қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығы өкілдерімен кездесу өткізді

07 желтоқсан 2017, 17:13
Фото: РrimeМinister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қауымдастықтың басқарма кеңесінің төрағасы, Eksen Group компаниясының иесі Фырат Девелиоғлының басшылық етуімен Түрік және қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесулер барысында екі елдің бизнес-құрылымдары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту және Қазақстанда жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Анықтама: Түркия Қазақстанның басымдықты инвестициялық серіктесі ретіндегі орнын сақтап отыр.

ҚР Ұлттық Банкінің деректері бойынша, 2005 жылдан бастап 2017 жылдың сәуір айына дейін Түркиядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны $2,1 млрд құрады.

2017 жылдың қаңтар-маусым айларында екі ел арасындағы тауар айналымы $925,1 млн-ды, оның ішінде экспорт — $563,3 млн және импорт — $361,8 млн-ды құрады.

2015 жылы «Жаңа синергия» Бірлескен экономикалық бағдарламасының 2012–2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоспарға сәйкес, түрік компанияларының ынтымақтастықтың инвестициялық-экономикалық сегментіндегі қызметі, сондай-ақ ҚР-да Қазақстан – Түрік индустриалды аймақтарын құру жөніндегі жұмыстар жандандырылды.

Түрік және қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығы 2016 жылдың басында, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің және Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауының 25 жылдығына орай құрылды.

Түрік және қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығы бизнес-қауымдастық бола отырып, Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда, өнеркәсіптік және экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға, түрік және қазақстандық кәсіпкерлер арасындағы іскерлік байланыстар мен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді, сондай-ақ, кәсіпкерлер мен компанияларға өздерінің қызмет салаларына қатысты мәселелер бойынша кеңес береді және екі ел арасындағы әлеуметтік-мәдени байланыстарды күшейтеді.