Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Биылғы жылдың 11 айында бюджеттің барлық деңгейінде өсім қарқынының тұрақтылығы қамтамасыз етілді — Б. Сұлтанов

12 желтоқсан 2017, 11:32

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осы жылдың 11 айындағы мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы есеп берді.

Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, биыл қаңтар-қараша айларында кіріс бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 520 млрд теңгеге артығырақ түсті. Мемлекеттік бюджетке түскен кіріс 6,3 трлн теңге көлемінде болды. Мемлекеттік бюджет бойынша асыра орындау сомасы 153 млрд теңгені құрады. Жалпы алғанда мемлекеттік бюджеттің кірісі 102,5%-ға, республикалық деңгейде — 101,6%-ға, жергілікті деңгейде — 104,5%-ға орындалды.

Министр атап өткендей, жыл қорытындысы бойынша кіріс көлемі — 4 989,6 млрд теңгеге немесе нақтыланған жоспар бойынша 100,7%-ға орындалады деп шамаланған.

Шығыстар бойынша орындау пайызы өткен жылдардағы көрсеткіштерден жоғары. Жалпы мемлекеттік бюджеттің шығындары — 97,7%, республикалық бюджет — 98,6% және жергілікті бюджеттер — 97,0%-ға орындалды.

Республикалық бюджеттің шығындары 10 157,6 млрд теңге сомасында жұмсалды. Қаржы министрлігінің болжамдарына сәйкес, жыл қорытындысы бойынша республикалық бюджет шығындарының орындалуы 99,8% деңгейінде болады деп күтілуде.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қаражаттарды игеру туралы айтар болсақ, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша бағдарлама шараларына бөлінген қаражаттың 400,3 млрд теңгесі немесе есептік кезеңге төлемдер жоспарының 96,9% және жылдық жоспардың 84,7% игерілді.

«Біз биылғы қаржы жылын табысты аяқтап, 2018 жылға арналған бюджетті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып іске асыруға кірісеміз. 2018 жылға арналған бюджетке қажетті барлық құжаттар қабылданды. Енді орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жаңа жылды табысты қаржыландыру үшін барлық ұйымдастырушылық шараларды қабылдауы керек», — деді министр.

Бақыт Сұлтанов шамаланып отырған бюджеттің барлық деңгейлердегі кірістердің артығымен орындалуы қажетті касса қалдықтарын қалыптастыруға жағдай жасайтынын атап өтті. Бұл 2018 жылғы бюджет шығындарын уақытылы қаржыландыруды бастауға мүмкіндік береді.

Бюджеттің орындалу барысы туралы қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов, ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндады, сонымен қатар Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Алматы әкімі Бауыржан Байбек және Астана әкімі Әсет Исекешев есеп берді.  

Мәселені қарауды қорытындылай келе, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев барлық орталық және жергілікті атқарушы органдарға қалған уақытта Мемлекет басшысының экономиканың секторларында өсуді қамтамасыз ету бойынша міндеттерін орындауға бар күш-жігерлерін жұмсауды және биылғы қаржы жылының соңына дейін бюджетті орындаудың барлық шараларын қабылдауды тапсырды.