Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б. Сағынтаев Үкімет мүшелеріне ҚР Президенті Жолдауын іске асыру бойынша нақты міндеттер жүктеді

11 қаңтар 2018, 12:53
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен 2018 жылғы 10 қаңтардағы Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыру мәселелері бойынша Үкімет отырысы өтті. 

Жолдауда Президент Н. Назарбаев Үкіметке негізгі он бағыт бойынша міндеттер жүктеді.

Үкімет отырысы барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Біріншіден, индустрияландыру және жаңа технологияларды енгізу тұрғысынан инвестициялар және даму министрлігіне өнімдерді экспорттау мен технологияларды трансферттеуге баса назар аудара отырып отандық кәсіпорындарды жаңғырту және цифрландыруға бағытталған жаңа құралдар әзірлеу, сондай-ақ бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрлау бойынша пилоттық жобаларды анықтау және оларды іске асыруға кірісу тапсырылды. Жауапты — инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек.

«Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне Назарбаев Университеті, АХҚО және АТ-стартаптардың Халықаралық технопаркі базасында цифрлық және инновациялық шешімдер әзірлемелерін дамыту бойынша; венчурлік қаржыландырудың жеке нарығы қызметінің шаралар кешенін жасау және сәйкес заңнамалық түзетулерді әзірлеуді қамтамасыз ету қажет», — деді Премьер-Министр.

Жауапкершілік инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбекке жүктелді. Жауапты – ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев.

Бұдан өзге, инвестициялар және даму министрлігіне цифрлық технологияларға баса назар аудара отырып, индустрияландырудың үшінші бесжылдығы мемлекеттік бағдарламасы жобасын әзірлеуге кірісу тапсырылды. Жауапты министр — Ж. Қасымбек.

Экономиканы цифрландыруға байланысты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бақытжан Сағынтаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен және мүдделі министрліктермен жұмыскерлерді жұмстан босату тәуекелдерін бағалауды және жұмыстан босатылған жұмыскерлерді еңбекпен қамту бойынша келісілген саясатты анықтауды, жалпы еңбек ресурстары ағымдары бойынша жұмысты жылдамдатуды тапсырды. Жауапкершілік министр Т. Дүйсеноваға жүктелді.

Екіншіден, ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту бағыты бойынша.

«Инвестициялар және даму, энергетика министрліктеріне кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді енгізу арқылы пайдалы қазбаларды алу тәсілдерін жақсарту шараларын қабылдауды тапсырамын», — деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Инвестициялар және даму, энергетика, ауыл шаруашылығы министрліктеріне өнімдер бірліктерін өндіруге энергияны тұтыну нормативтерін бекіту мәселелерін пысықтау тапсырылды. Энергетика министрлігіне энергияның жаңғыртылатын көздері саласына инвестициялар тарту үшін жағдай жасау бойынша ұсыныстар енгізу қажет.   

Бақытжан Сағынтаев энергетика министрлігіне өңірлердің әкімдерімен келесілерді әзірлеуді тапсырды:
— бір айлық мерзімде қатты тұрмыстық қалдықтарды заманауи кәдеге жарату және қайта өңдеу жүйесін құру бойынша жол карталарын;

— Экологиялық кодекске және басқа да заңнамалық актілерге сәйкес түзетулер.

Жауапты министр — Қ. Бозымбаев.

Үшіншіден, Премьер-Министр еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсырылды:

— мүдделі мемлекеттік органдармен және облыстардың әкімдерімен бірге 1 наурызға дейін АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының мақсатты индикаторларын қайта қарау, оларға жету бойынша шаралар кешенін әзірлеу және Үкіметке нақты ұсыныстар енгізу;

— білім министрлігімен және облыс әкімдерімен бірге аграрлық ғылым мен аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау, олардың басты міндеті заманауи білімдерді трансферттеу мен бейімдеу болуы тиіс;

— өңірлердің әкімдерімен бірге бір айлық мерзімде ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту дәне қолдау шаралары бойынша тұжырымдамалық тәсілдер ұсыну;

— сапаны және өнімдердің экологиялылығын сақтау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірге өсімдіктерді қорғаудың биологиялық құралдары мен басқа да биопрепараттарды өндіру және қолдану бойынша нормативтік құқықтық актілер мен техникалық құжаттарды халықаралық нормаларға сәйкестеу;

— инвестициялар және даму министрлігі мен «Атамекен» ҰКП-мен бірге бір айлық мерзімде отандық өнімдерді, оның ішінде «Қазақстанда жасалған» брендімен ілгерілету үшін халықаралық нарықтардағы стратегиялық тауашаларды іріктеу;

— мүдделі мемлекеттік органдармен бірге тиімді емес субсидияларды АӨК мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыру мақсатында банк несиелерін арзандатуға қайта бағдарлау мәселесін пысықтау.

Блокқа жауапкершілік Ө. Шөкеевке жүктелді.

Төртінші бағыт көлік-логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыруға қатысты.

Инвестициялар және даму министрлігіне ақпарат және коммуникациялар, қаржы министрліктерімен және «ҚТЖ» АҚ-мен бірге келесілер тапсырылды:

— жүктерді онлайн-режимде мониторингілеу және кедендік рәсімдерді жеңілдету үшін блокчейн және үлкен мәліметтерді талдау (Big Data) сияқты заманауи технологияларды енгізу және пайдалануды зерттеу және қамтамасыз ету;  

— жергілікті маңызы бар автожолдардың сапасын жақсарту үшін жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдік перспективада 150 миллион теңгеге дейін жеткізу;
— Интеллектуалды көлік жүйесін кезең кезеңмен енгізуді қамтамасыз ету.

Жауапкершілік министр Ж. Қасымбекке жүктелді.

Бесіншісі — заманауи технологияларды құрылысқа және коммуналдық секторға енгізу.

«Инвестициялар және даму министрлігіне Мемлекет басшысы қойған міндеттерді ескере отырып, бір айлық мерзімде тұрғын үймен қамтамасыз етілу көрсеткішін 2030 жылға қарай 30 шаршы метрге дейін жеткізу бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылады. Қажет болса, «Нұрлы жер» бағдарламасын түзету бойынша ұсыныстар енгізіңіздер», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Инвестициялар және даму министрлігіне құрылыстың жаңа әдістерін, қала құрылысын жобалау және жоспарлау тәсілдерін қолдану, заманауи материалдарды пайдалану, сапаға, экологиялылыққа және ғимараттар мен құрылыстардың энергия тиімділігіне талапты арттыру тұрғысынан құрылыс саласындағы нормативтік құқықтық актілерге қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, салынып жатқан және пайдалануға берілген нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау тетіктерін әзірлеу керек. Жауапты министр Ж. Қасымбек.

Ұлттық экономика министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірге тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту кезінде МЖӘ сәйкес тетігін әзірлеу және оны іске асыру бойынша шараларды жандандыру тапсырылды. Жауапты министр Т. Сүлейменов.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне инвестициялар және даму, ұлттық экономика министрліктерімен және өңірлердің әкімдерімен бірге ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге барлық көздерден кемінде 100 миллиард теңгені жыл сайынғы бөлу бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Бақылау Ө. Шөкеевке жүктелді.

Алтыншы. Қаржы секторын «қайта жүктеу» бағыты бойынша мәселелердің негізгі бөлігі Ұлттық банкке қатысты. Осыған байланысты Данияр Ақышев жолдауды іске асырудың әзірленіп жатқан Жалпыұлттық жоспарына өз ұсыныстарын енгізеді.

Жеке тұлғалардың банкроттығы институтын енгізу мәселесі бойынша Қаржы министрлігіне а. ж. сәуір айының соңына дейін Үкіметке сәйкес заң жобаларын енгізу қажет. Жауапты министр - Б. Сұлтанов.

Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге қор нарығын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету, оның ішінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ ұлттық компанияларының акцияларын IPO-ға табысты шығару тапсырылды. Жауапты министр - Т. Сүлейменов.

«Астана» Халықаралық қаржы орталығына қаржы, ұлттық экономика министрліктерімен және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-мен бірге АХҚО алаңын IPO өткізуге дайындауды қамтамасыз ету тапсырылды. Жауапты - Қ. Келімбетов.

Жетінші. «Адами капитал – жаңғырту негізі» бағыты бойынша білім беру және денсаулық сақтау салаларында, сондай-ақ әлеуметтік блок бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.

Білім және ғылым министрлігіне еңбек, ұлттық экономика, қаржы министрліктерімен бірге келесі шараларды қабылдау тапсырылды:

- жаңартылған мазмұнға көшкен мұғалімдердің лауазымдық қызметақысын 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 30%-ға арттыру;
- жаңа жүйе бойынша бекітілген құзыреттілікке байланысты мұғалімдердің жалақысын 30-дан 50%-ға дейін арттыру.

Мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге Білім және ғылым министрлігіне келесілерді орындау қажет:

- балаларды ерте жастан дамыту бағдарламаларын жетілдіру және оларды 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап енгізу бойынша ұсыныстар енгізу;
- ТМД және ЭЫДҰ елдерінің тәжірибелерін қарау және мектеп оқушыларының оқу жүктемесін азайту бойынша ұсыныстар енгізу;
- педагогикалық жоғары оқу орындарында кафедралар мен факультеттерді дамыту бойынша шаралар қолдану;
- білім берудің барлық деңгейлерінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын арттыру; 

- интернетте бейнесабақтар мен бейнелекцияларды жариялаумен цифрлық білім беру ресурстарын дамыту бойынша жұмысты жалғастыру;
- мектептерді кең жолақты интернетке қосумен заманауи техникалық ілгерілетумен қамтамасыз ету; 
- жеке капиталды тартумен жан басына қаржыландыруды енгізу;
- барлық өңірлерде оқушылар сарайларының базасында балалар технопарктері мен барлық қажетті инфрақұрылымы бар бизнес-инкубаторлар желісін құру бойынша шаралар қолдану;
- «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын одан әрі іске асыруды қамтамасыз ету және жұмыс берушілерді тарта отырып және халықаралық талаптарды ескере отырып, цифрлық дағдылырды дамытумен бағдарламаларды жаңарту шараларын қабылдау;
- жаңа ақпараттық технологияларға оқытуға баса назар аудара отырып, ЖОО бағдарламаларын қайта қарау, сондай-ақ ЖОО ғылымын дамыту, оның ішінде қолданбалы ғылыми зерттеулерді ағылшын тіліне көшіру бойынша шаралар қабылдау;

- шетелдік жетекші университеттер және зерттеу орталықтарымен, ірі кәсіпорындармен және ТҰК-мен бірге бірлескен жобаларды жандандыру;

- жеке сектор тарапынан ортақ қаржыландыруды тарту бойынша қолданбалы ғылыми-зерттеу әзірлемелері үшін міндетті талап енгізу;
- жас ғалымдарды оларға ғылыми гранттар аясында квоталар бөлу арқылы қолдау мәселелерін пысықтау;
- ЖОО-лардың академиялық еркіндігін білім беру бағдарламаларын жасау құқығымен заңнама түрінде бекіту;
- оқытушыларды қайта даярлау, ЖОО-ларға шетелдік менеджерлерді тарту, әлемдік университеттердің кампустарын ашу бойынша шаралар қабылдау.
Жауапты министр - Е. Сағадиев.

Сонымен қатар Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев әліпбиді латын қарпіне көшіру мәселесіне қатысты тапсырма берді.

«Елбасы қазақ тіліндегі терминология мәселесіне де ерекше назар аударды. Қалыптасып қалған халықаралық терминдерді аударып, қазақ тілін қиындатудың қажеті жоқ. Қайта біз латын графикасына көшу жағдайында халықаралық терминдерді тілімізге ыңғайлы, ұтымды пайдалану жағын қарауымыз керек», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Осыған байланысты, Мәдениет және спорт министрлігі жалпы жұрт мақұлдаған әлемдегі терминдерді аударудың тәсілдерін қайта қарауы тиіс. Жауапкершілік министр А. Мұхамедиұлына жүктеледі.

Денсаулық сақтау блогы бойынша осы жылдың мамыр айының соңына дейін Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы мен онкологиялық аурулармен күрестің кешенді жоспарының жобаларын әзірлеп, Үкімет қарауына жіберу туралы тапсырма берілді.

Денсаулық сақтау министрлігі биыл мемлекет міндеттемелерін нақты анықтай отырып, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа үлгісін, сондай-ақ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа редакциясын әзірлеп, Үкімет қарауына жіберуі қажет.

Денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiктерi МӘМС енгізуге қоғамды дайындау мақсатында даярлық жұмыстарын мұқият жүргізуі тиіс.

«Пилоттық пайдаланудан кейін электронды денсаулық паспортын енгізуді жеделдету қажет, азаматтардың өздерінің денсаулық жағдайы туралы ақпаратқа онлайн режимде кіруін қамтамасыз етіп, түрлі мобильді технологиялар арқылы денсаулық сақтау қызметтерін алу мүмкіндігін кеңейту қажет. Ол үшін өңірлердің әкімдіктері биыл барлық медициналық ұйымдарды ақпараттық жүйелермен 100% қамтамасыз етуі тиіс», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Назарбаев Университеті денсаулық сақтау және қаржы министрліктерімен бірлесе отырып, биыл ғылыми онкологиялық орталықты құрудың барлық ұйымдастырушылық мәселелерін аяқтауы қажет. Денсаулық сақтау министрі Е. Біртановқа жауапкершілік жүктеледі.

Әлеуметтік блок бойынша, Еңбек министрлігіне Білім және ғылым министрлігімен, мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, заманауи кәсіптік стандарттарды әзірлеу бойынша жұмыстарды талдап, айлық мерзім ішінде Үкіметке кәсіби стандарттарды әзірлеу немесе жаңарту бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды.

«Үкіметтің келесі отырысында өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды ресімдеу туралы, сондай-ақ осы жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа форматын енгізу туралы есеп бересіздер», — деді Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев.

Еңбек министрлігі Парламентте бірыңғай электронды биржаны енгізу нормаларын қарастыратын заң жобасының жүргізілуін жылдамдату қажет. 2018 жылдың 1 сәуіріне дейін заң жобасын қабылдау керек.

«Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны тағайындау жүйесі өзгереді. Әлеуметтік қорғаудың барлық органдары азаматтарымызға олардың еңбек қызметін заңдастыруға барынша көмек көрсетуі тиіс», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Осыған орай еңбек, қаржы, ұлттық экономика және әділет министрліктеріне балалық шақтан 1-топтағы кәмелетке толған мүмкіндіктері шектеулі жандарға күтім жасайтын ата-аналарға мемлекеттік жәрдемді уақытылы енгізу бойынша нормаларды заңнамалық тұрғыдан бекіту мәселесін пысықтау тапсырылды. Сондай-ақ, еңбек өтілі мен төлемдер мөлшері арасындағы байланысты нығайту бойынша әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі мәселелерді шешу қажет.

Аталған блокқа министр Т. Дүйсенова жауапты.

Сегізінші. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «тиімді мемлекеттік басқару» бағыты бойынша «кәсіпкерлікті дамыту Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі» екенін атап өтті.

Ұлттық экономика министрлігіне бірқатар тапсырмалар берілді:

- Парламентте бизнесті одан әрі қайта реттеуге бағытталған, оның ішінде кәсіпкерлерге жұмсалатын шығындарды азайтуға бағытталған заң жобасының рәсімдерін жеделдету бойынша шаралар қабылдау.

- іскерлік ахуалды жақсарту, бизнеске қолдау көрсету және оны көлеңкеден шығару бойынша кезекті заң жобасын әзірлеу үшін қажетті шараларды қабылдау.

Табиғи монополиялар субъектілерінің көрсететін қызметтерінің сапасын арттыру, табиғи монополиялар субъектілеріне және энергия өндірушілерге олардың инвестициялық бағдарламаларын ескере отырып, тарифтерді белгілеу арқылы тұтынушылардың мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру.

Ұлттық экономика, қаржы министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен, ұлттық холдингтермен және өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп, «Yellow Pages» қағидаларын ескере отырып, мемлекеттік органдардың бағынышты ұйымдарының санын азайту арқылы кеңейтіп, жекешелендіру жоспарын іске асыруды қамтамасыз етуі қажет.

Қалған ведомстволық бағынышты ұйымдар әкімшілік шығындарды төмендету үшін оларды шоғырландыру бойынша жұмыс жүргізуі керек. Министр Т. Сүлейменовке жауапкершілік жүктеледі.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, бизнес-процестерді оңтайландыру және осы жылдың соңына дейін оларды автоматтандыруды қамтамасыз ету шараларын орындауы керек, сондай-ақ мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, бір өтінім қағидаты бойынша сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерді ұсынуға көшу үшін ақпараттық жүйелерді біріктіру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет, бұл азаматтардың бірнеше рет жүгінуін болдырмайды.

Сонымен қатар Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет мүшелерінің назарын ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаттарын сақтауға және туындаған мәселелерді тез арада шешу үшін халықпен тиімді кері байланыс орнатуға аударды. Д. Абаевқа жауапкершілік жүктелді.

Аймақтардағы іскерлік ахуалды жақсарту мақсатында әкімдіктерге кәсіпкерлікті дамытудың егжей-тегжейлі жоспарларында бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

Әділет министрлігіне, Астана және Маңғыстау әкімдіктеріне Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, факторлық-балдық шкала негізінде мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу тапсырылды. Бақылау Е. Досаевқа жүктелді.

Туризм саласын дамытуға ерекше назар аударылды.

«Елге келушілер туризмі мен ішкі туризмді дамыту мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және облыс әкімдерімен бір ай ішінде белгіленген тәртіппен Туризм саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру бойынша шаралар жоспарын қабылдауды қамтамасыз ету қажет. Жауапты министр – А. Мұхамедиұлы», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың және 2 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдық округтердің қаржылық тәуелсіздігін арттыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігіне Қаржы министрлігімен және облыстардың әкімдерімен бірлесе отырып, бюджеттің төртінші деңгейін және жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншіктерін толық көлемде іске асыру, және 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – халқының саны 2 мың немесе одан аз ауылдарда жүзеге асыру тапсырылды. Жауапты министр – Т. Сүлейменов.

Сонымен қатар, жаңа технологияларды енгізу барысында ақпараттық жүйелер мен құрылғылардың сенімді қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруы қажет. Жауапты министр – Б. Атамқұлов.

Тоғызыншы міндет.

«Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» бағыты бойынша барлық мемлекеттік органдар жемқорлықпен күресу жұмыстарын жалғастыруы керек. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі азаматтардың өтініштерін қарастыру процесіне қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қолда бар ақпараттық жүйелерді пысықтау қажет», — деді Бақытжан Сағынтаев. Жауапты министр – Д. Абаев.

Ішкі істер министрлігі құқық қорғау органдарын гуманизациялау бойынша жұмысты жалғастыруы керек.

«Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге көшелерде және азаматтардың жаппай жиналатын орындарында тану және бейнебақылаудың, жол қозғалысын бақылаудың зияткерлік жүйелерін жаппай енгізу бойынша қосымша шаралар қабылдауы керек», — деді Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев.

Жауапты министр – Қ. Қасымов.

Әділет министрлігі Бас прокуратурамен және Жоғарғы сотпен келісе отырып, азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету, құқық үстемдігін қамтамасыз етудің кепілдігін нығайту жөнінде тиісті ұсыныстар енгізуі қажет. Жауапты министр – М. Бекетаев.

Оныншы міндет - «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін.

«Барлық әкімдіктер типтік тұжырымдама мен қалаға көшіп жатқан адамдардың құзыреттілігін дамыту негізінде «Смарт Сити» технологияларын кешенді енгізу бойынша өз жұмыстарын жалғастыруы тиіс», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне осы бағыттағы жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіру және «Смарт Сити» жобаларын іске асыру аясында көтерілген барлық мәселелер бойынша жан-жақты консультациялық көмек көрсету тапсырылды. Жауапты министр – Д. Абаев.

Қорытындылай келе, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне осы жылдың 13 қаңтарында сағат 12.00-ге дейін бекітілген заңнамалық тәртіпке сәйкес, Үкіметке «Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асырудың жалпыұлттық жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының бекітілген жобасын енгізуді тапсырды.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы туралы есепті біз тұрақты негізде Үкіметте қарайтын боламыз», — деп түйіндеді Бақытжан Сағынтаев.