Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Қазақстанның медициналық ұйымдарын кәсіби менеджерлер басқарады — Е. Біртанов

06 ақпан 2018, 12:16
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық ұйымдардағы корпоративтік басқару және менеджментті дамыту шараларын іске асыру туралы баяндады.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 81-қадамын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдарда корпоративтік басқаруды және менеджмент принциптерін енгізу жұмысын жүргізуде.

Бұдан өзге, Мемлекет басшысының 2014 жылғы  Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі үшін ЭЫДҰ  қағидаттары мен стандарттарын енгізу міндетін қойды.

Осылайша, қазақстандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі мен қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында ЭЫДҰ-ның корпоративтік басқару принциптерін  енгізу мәселесі өзекті болып табылады.

Бүгінгі күні Қазақстанның денсаулық сақтау ұйымдарының көпшілігі   байқау кеңестері бар шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындар (БК бар ШЖҚ РМК), АҚ мен ЖШС сияқты корпоративтік басқару элементтерін енгізуге  ықпал ететін заңды формаларға  ауыстырылған. 42 республикалық денсаулық сақтау ұйымының ішінде 10 акционерлік қоғам, 25 – Байқау кеңестері бар шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын, РМҚК – 3, МК – 3, ЖШС – 1 бар.

Министрлік пилоттық медициналық ұйымдарда олардың қызметінің тиімділігіне рейтингтік бағалау жүргізді. Осылайша, корпоративтік басқару принциптерін енгізген медициналық ұйымдардың қызмет тиімділігі бұл принциптерді енгізбеген ұйымдармен салыстырғанда жоғары.

Бүгінде мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының саны 840-ты құрайды, оның ішінде 750-і шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынға көшіруге жатады. 2017 жылдың  қорытындысы бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын формасына  көшірілген мемлекеттік ұйымдардың  саны 618 болды немесе 82%-ды  құрады. Қалған 132 ұйымды шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын формасына көшіру 2018 жылға жоспарланған. Осылайша,  2018 жылдың соңында шаруашылық жүргізу құқығына көшіруді 100% қамту қамтамасыз етіледі.

Елжан Біртанов айтып өткендей, өңірлік деңгейде мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына ұйымдастыру-әдістемелік қолдау көрсету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. ҚР ДСМ-нің  барлық ведомствоға қарасты ұйымдарында және ішінара өңірлік медициналық ұйымдарында енгізілген үлгілік корпоративтік құжаттар акционерлік қоғам, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын үшін әзірленіп, енгізілуде. Сондай-ақ, медициналық ұйымдардың ресми сайттарында «Корпоративтік басқару» бөлімін құру арқылы медициналық ұйымдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Өңірлер алқалы басқару органдары – байқау кеңестерін құру бойынша жұмыстар жүргізуде. 2017 жылы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарында құрылған Байқау кеңестерінің саны 352-ні құрады. ҚР ДСМ-нің ведомствоға қарасты ұйымдарында қоғам мен бизнестің өкілдерін енгізу арқылы алқалы басқару органдарының құрамын жаңарту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.

2017 жылы Корпоративтік басқару принциптерін енгізу бойынша бақылау кеңестерінің құрылуы мен толық жұмысын ескере отырып, өңірлер рейтингісі жасалды.

«Біз жоғары деңгейге Астана қаласы, Батыс Қазақстан облысы, Қарағанды облысы, Алматы қаласы ие екенін көріп отырмыз», — деп атап өтті денсаулық сақтау министрі.

Денсаулық сақтаудағы көшбасшылық пен менеджментті дамыту бағыты аясында арнайы білімі бар басшыларды дайындау ісі өзектілігін сақтауда. Бұл салада 3000-ға жуық топ-менеджер қызмет атқарады. Алайда, медициналық ұйымдардың 60% басшылары тек жоғары  медициналық білім иелері, арнайы менеджмент саласында жоғары білім алмаған азаматтар. Бірінші басшылардың  тек 13,5% әртүрлі мамандық бойынша магистр дәрежесін алған.

Елжан Біртанов медициналық ұйымдарды арнайы дайындықтан өткен басшылар басқаруы тиіс екенін баса айтты. Осы мақсатта           «Денсаулық сақтау менеджменті» магистратурасының жаңа  мамандығы енгізілді; магистрларды дайындау үшін оқыту бағдарламалары, үлгілік оқыту жоспары әзірленді; кәсіби стандарт бекітілуде; тәуелсіз сертификаттау енгізіледі.

Басқару тиімділігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі — дәрігердің жалақысының өлшемі. Статистика комитетінің деректері бойынша ҚР-да дәрігердің орташа айлық жалақысы 159 307 теңге болса, ал қызметкердің экономикадағы атаулы жалақысы 147 988 теңгені құрайды, жалпы ҚР бойынша бұл көрсеткіштің қатынасы 1,1 тең.

ҚР-ның денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес мақсатты көрсеткіш 2017 жылы - 0,9, 2018 жылы - 0,9, 2019 жылы - 1,1. Кейбір өңірлер бойынша дәрігердің орташа жалақысы Мемлекеттік бағдарламаның көрсеткішінен асып түседі, ал кейбір қатынастар 1,5:1 жетеді.

Сөз соңында Елжан Біртанов корпоративтік басқаруды және менеджментті дамыту бойынша жұмыс жалғасады деп сендірді. Медициналық ұйымдардағы тиімді корпоративтік басқару мен менеджмент үшін ЭЫДҰ Басқарушы принциптеріне сәйкес Корпоративтік басқару принциптері мен түсініктерін заңнама түрінде бекіту жоспарланған.

Сондай-ақ, мәселені қарауға IFC сарапшысы, Дүниежүзілік Банктің өкілі Адалят Әбдіманапова қатысты. Оның айтуынша, бүгінгі таңда макро- және микроэкономикалық деңгейлердегі корпоративтік басқару кез келген елдің ұлттық экономикасын табысты дамытудағы шешуші факторлардың бірі болып табылады. Өзінің презентациясы аясында Адалят Әбдіманапова Қазақстандағы корпоративтік басқарудың маңыздылығын айқындайтын екі кезеңді атап өтті.

«Біріншіден, біздің халықаралық инвестор тәжірибесіне негізделе отырып, біз бизнестің табысты дамуы мен инвестициялар тарту корпоративтік басқарудың тиісті практикаларының болуына тікелей байланысты деген тұжырымға келдік», — деді  Дүниежүзілік Банктің өкілі.

Адалят Әбдіманапова өз пікірін білдіріп, Қазақстанда корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру бойынша ілгерілемелі жұмыс жүргізіліп жатқанын, дәстүрлі түрде денсаулық сақтау секторы әлдеқайда инвестициялық тартымды болып табылатынын айтты.

«Екіншіден, корпоративтік басқару тұжырымдамасы тарихи тұрғыда жеке корпорацияларға арналған құрал ретінде дамыды, бірақ соңғы бірнеше жыл бойы мемлекеттік қатысуы бар компанияларға көп көңіл бөлініп отыр. Осы компаниялар оң мысал қалыптастыруға қабілетті және жауапты, олардан жергілікті компаниялар үлгі алады», — деп атап өтті Адалят Әбдіманапова.