Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Денсаулық сақтау, білім беру және жұмыспен қамту жүйелерін цифрландыру — Үкіметтің 2018 жылға арналған басымдықты міндеттерінің қатарында

13 ақпан 2018, 12:24
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік блок министрліктерінің басшылары Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау бойынша жоспарлар туралы баяндады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова өзінің баяндамасында ведомствоның 2018 жылғы жұмысының негізгі басымдығын белгіледі — Мемлекет басшысының өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты рәсімдеу бойынша тапсырмаларын іске асыруға баса назар аударылады.

Біріншіден, бейресми және өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қызметін заңдастыру мәселелері бойынша заң жобасы әзірленеді, оның аясында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қызметін міндетті жеңілдікті тіркеу енгізіледі.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды «көлеңкеден» шығаруға және салықтық әкімшілендіруді жеңілдету үшін салықтық ынталандыру шаралары қарастырылған. Сондай-ақ, үздік халықаралық практикасына сәйкес барлық заңдар мен НҚА-ларда “өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың” бірыңғай ұғымы анықталады», — деді Мәдина Әбілқасымова.

Екіншіден, бейресми жұмыспен қамтылған халықты рәсімдеу және ел экономикасына, сәйкесінше міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту бойынша Жол картасы іске асырылады. 

Үшіншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты оқыту және өнімді жұмыспен қамтуға тарту қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде биыл МӘМС енгізуді бастауға толыққанды дайындық қамтамасыз етіледі. 

Министрліктің жұмысындағы келесі басымдық — бұл жаңа цифрлық экономика мен сапалы жұмыс орындарын ашу үшін дағдыларды дамыту.

Кәсіби стандарттар мен сәйкес білім беру бағдарламалары жаңартылады, кәсіпорындармен бірге экономика салалары арасында еңбек ресурстарының ағымдарын басқару бойынша Жол карталары іске асырылады. Сондай-ақ, Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру жалғасын табады. Оны іске асыруға 2018 жылы 87 млрд теңге қарастырылған, 571 мың адамды қамту жоспарланған.

Бұдан өзге, экономиканың жаңа перспективалы салаларына шетелдік жұмыс тобын тартуды ынталандыру бойынша шаралар қабылданады.

Сондай-ақ, Мәдина Әбілқасымова 2018 жылы әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруға ерекше назар аударылатынын атап өтті.

«Биыл 1 қаңтардан бастап еліміз бойынша электронды еңбек биржасы жұмыс істей бастады. Оған жеке жұмыспен қамту агенттіктері мен интернет алаңдарын қоса алғанда 200-ден астам жұмыспен қамту қызметтері қосылды. Биыл осы электронды еңбек биржасы аясында еңбекпен қамтылғандардың санын екі есе арттыруды жоспарлап отырмыз», — деп баяндады Мәдина Әбілқасымова.

Одан әрі дамыту үш жоба арқылы қамтамасыз етіледі: электронды еңбек биржасы, «e-HR» жүйелері (электронды еңбек келісімдері мен кітапшалары), электронды әлеуметтік қызмет көрсету порталы.

Білім министрі Ерлан Сағадиев өз баяндамасында Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген 2018 жылға арналған тапсырмаларына сәйкес мектептерде информатиканы ерте жастан оқыту бойынша шаралар қабылданатынын айтып өтті. 

«Мысалға, егер 2007 жылы мектептерде “информатика” пәні жетінші сыныптан басталса, 2014 жылы – бесінші сыныптан басталды. 2018 жылы үшінші сыныптан басталады», — деп баяндады Ерлан Сағадиев.

Бұдан өзге, 2018 жылы ҚР БҒМ білім берудегі мемлекеттік қызмет көрсетуді толық автоматтандыруға көшуді жоспарлауда: балабақшаға автоматты жазылудан бастап РhD растауға дейін.

Биыл Павлодар мен Шымкент қалаларында «Цифрлық білім беру» пилоттық жобасы іске қосылады, ол қағазсыз есеп беруге жүз пайыз көшуді көздейді.

Бұдан өзге, Қазақстан ғылымының Бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленеді. 

Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой өз кезегінде 2018 жылы басымдықты бағыт сондай-ақ саланы цифрландыру болатынын атап өтті.

Алексей Цойдың айтуынша, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында 1 қаңтардан бастап медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды.

Мақсатты модельге жету және қысқа мерзімде МӘМС енгізуді қамтамасыз ету үшін  ҚР ДСМ қағазсыз денсаулық сақтауға көшудің келесі жоспарын ұсынады:

  • 2018 ж. 1 сәуірден бастап Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Павлодар облыстарында және Алматы қ. денсаулық сақтау ұйымдарында қағазсыз денсаулық сақтауға көшу;
  • 1 шілдеден бастап — Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Атырау облыстарында;
  • 1 қазаннан бастап — Астана қ., Алматы, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында.

Вице-министр қолға алынған шаралардан күтілетін әсер туралы айтты. МАЖ (ескерту – медициналық ақпараттық жүйелер) ықпалдастыру арқылы электронды денсаулық паспортымен дәрігерлер денсаулық жағдайының толық көрінісін көре алады, алдын ала онлайн тіркелу арқылы емханалардағы кезек азаяды, учаскелік дәрігерге бару санын үштен бірге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Науқастар консультацияны, дәрігерден рецептті, еңбекке жарамсыздық парақтарын, зерттеулер нәтижелерін үйден шықпай ала алады.

«Бұл әсіресе шалғайдағы ауылдық өңірлердің тұрғындары үшін маңызды. Науқастар денсаулық жағдайына онлайн-мониторинг жүргізу арқылы жеке денсаулығын қорғауға белсенді қатыса бастайды», — деп атап өтті денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой.

Бұдан өзге, ҚР ДСМ-нің Қарағанды облысындағы пилоттық жобасы негізінде жасалған болжамдық есептеулері бойынша еліміз бойынша келесі экономикалық әсер күтілуде: тікелей тиімділік — жылына шамамен 9,5 млрд теңге, жанама тиімділік — жылына 50 млрд теңгеге жуық.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өз сөзінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қалыптастыру жоспарлары туралы баяндады.

«Цифрландыру тұрғысынан түсіндіру жұмыстары арнайы әзірленген ақпараттық стратегия және 2018 жылға арналған Бірыңғай республикалық медиажоспар аясында іске асырылады. Біз барлық іс-шаралардың PR-әлеуетін бағаладық, негізгі мақсатты топтар мен басты месседждер анықталды, коммуникацияның оңтайлы арналары таңдалды», — деді Дәурен Абаев.

Барлығы 2018 жылдың соңына дейін шамамен 10 млн адам аудиторияны қамти отырып, шамамен 1,5 мың түрлі ақпараттық өнімдер өндіріледі. Бұдан өзге, цифрландыру саласында мемлекеттік органдардың ақпараттық өзара іс-қимылы алгоритмі әзірленеді. «Зерде» холдингі базасында жобалық офис құрылды. 2021 жылға қарай ҚР АКМ 1249 ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Қамту аймағында шамамен 2,5 млн адам тұрады.

Цифрландыру аясында мамандар даярлау тұрғысынан министрлік цифрландыру офистеріндегі бар барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін оқыту семинарларын өткізді. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Назарбаев университеті және «Зерде» холдингі базасында Oracle, IBM, Microsoft сияқты халықаралық компанияларды тартумен оларды оқыту кестесі жасалды.

АКТ пайдалану бойынша құзыреттер қарастырылған білім беру бағдарламалары бойынша оқытушыларға біліктілікті арттыру курстары өткізіледі. Сондай-ақ, еліміздің ЖОО-ларында құзырет орталықтарын және кәсіпорындарда АКТ-кафедраларын ашу жоспарланған.